Жарияланымдар

Ғ.Әмрин: Кеден саласын техникалық жабдықтау жағынан Қазақстан ЕАЭО елдерінен алда

Блог - Alem_volonterlyk_ortalygy: Ғ.Әмрин: Кеден саласын техникалық жабдықтау жағынан Қазақстан ЕАЭО елдерінен алда

Кедендік рәсімдеу, тауарды шекара арқылы өткізу, шекаралық сауда-саттық – күні бүгінге дейін шырмауы шешілмей келе жатқан өзекті проблемалар. Ұзын-сонар кезектер мен рәсімдеу уақытының тым ұзақтығы сынды бюрократиялық кедергілер экономикамыздың еңсесін басып, кәсіпкерлікті дамытуда қолбайлау болып тұрғаны жасырын емес. «100 нақты қадам» ұлт жоспары жоғарыда аталған олқылықтарды жойып, экономикамызды ілгерілетуді көздейді. Осы мақсатта салалық ведомстволар қандай жұмыс тындыруда? Салық және кеден саясатын оңтайландыру қалай жүзеге асуда? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғосман Әмрин жауап берді.

— Кедендік рәсімдердің тым ұзақтығы мен содан туындайтын көлеңкелі әрекеттер, өткізу бекеттерінің сын көтермейтін инфрақұрылымы күні бүгінге дейін өзекті проблемалар қатарында. Сіздің ведомствода осы мәселелерді шешу үшін қандай жұмыстар жүріп жатыр?

— Ең алдымен, Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік орган екенін еске сала кеткім келеді. Оған жүктелетін басты міндет – кедендік рәсімдеу проецесін жеңілдетіп, кәсіпкерлердің ыңғайына қарай рәсімдеу уақытын азайту. Комитет қазір осы қызмет үшін жұмсалатын уақытты 1 сағатқа дейін қысқартуды көздеп отыр. Қазірдің өзінде көрсеткіштер жаман емес. Мысалға, 2014 жылдың 8 айында импорт процедурасы бойынша тауарларды кедендік тазалау үшін орта есеппен 6,38 сағат жұмсалса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 2 сағат 58 минутқа, 2016 жылы 2 сағат 27 минутқа қысқарды. Экспорт бойынша 2014 жылдың 8 айында орташа көрсеткіш 1 сағат 46 минутты, 2015 жылы – 1 сағат 02 минутты, биыл 45 минутты құрады. Тауарды импорттау мен экспорттауға жұмсалатын жалпы уақыт 104 сағат, оның ішінде кедендік рәсімдеуге тек 2 сағат кетеді.

— Кеден бекеттерінің жабдықталу жағдайына тоқталатын болсақ. Осы тұрғыда Қазақстанның қарым-қарекеті қандай?

— Аталған мәселе де біртіндеп оң шешімін табуда. Осы орайда айта кетерлігі, Қазақстан кедендік бақылау саласын техникалық құралдармен жабдықтау жағынан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден алда келеді. Бұл сөзімді өткізу бекеттерін тексеру кезінде Еуразиялық экономикалық комиссияның сарапшылары да қуаттай алады. Инспекциялық-тексеру кешендерімен қамтылу деңгейі 100%. Ал ЕАЭО сыртқы шекарасының Беларус пен Ресей аймақтарында бұл көрсеткіш 5-10%-дан аспайды. Қырғыз шекарасында мұндай техника мүлде жоқ деуге болады.

— «100 нақты қадам» ұлт жоспарында кедендік және салық саясатын оңтайландыруға көп мән берілген. Бірнеше қадам осы мақсатқа арналып отыр. Атқарылған жұмыстардың алғашқы нәтижелерімен бөлісе аласыз ба?

— Біздің мамандар 11 автомобильдік өткізу бекетін, 12 әуе өткізу бекетін және «Достық» теміржол өткізу бекетін жабдықтау, жөндеу және техникалық қамту, сонымен қатар Астанада Бас диспетчерлік басқарма әкімшілік ғимаратын салу жұмыстарын қарастыратын ортақ жоба әзірлеп жатыр.

Кедендік рәсімдеу барысында субъективті факторларға жол бермес үшін тәуекелдерді басқару жүйесіне жүгінеміз. Кедендік тазалау мен тауар шығару жұмыстары тек соның негізінде ғана жүзеге асады. Аталмыш шаралардың бәрі кедендік шекарадағы жемқорлық деңгейін төмендетуге көмектеседі.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Материал «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» іске асыру бойынша азаматтарды ақпараттандыруды арттыру мақсатында Интернет-қоғамдастығының әлеуетін тарта отырып іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» проектісі аясында Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша дайындалды
Әрі қарай

«Эйр Астана» 11 ұшақ сатып алады

«Эйр Астана» әуекомпаниясы алдағы уақытта 11 ұшақ сатып алады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты.

Оның айтуынша, отандық «Эйр Астана» әуекомпаниясы әуекемелері паркін кеңейтуді көздеп отыр.
«Қазіргі кезде компанияда 30 ұшақ бар. Олардың әрқайсысы 6-7 жыл көлемінде жүрген. Енді 2020 жылға дейін Airbus A320 үлгісіндегі 11 әуе кемесін, ал 2019 жылға дейін ұзақ магистральді екі Боинг 787 ұшағын сатып алуды жоспарлап отыр», — дейді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, 5 халықаралық қаржы орталықтарына, яғни Франкфурт, Лондон, Дубай, Гонконг, Сеул қалалары бойынша Астанадан тікелей ұшулар орындалуда. Сонымен қатар Вена, Париж, Абу-Даби, Бейжің, Ыстамбул, Үрімші, Бангкок, Шарджа, Минск, Мәскеу, Баку, Ташкент, Киев, Бішкек, Тбилиси сынды астаналарға да апаратын бағыттар да ашылған. Жаңа бағыттар ашу бойынша жұмыстар әлі де жалғасын табады. Мәселен, 2019 жылға қарай Токио, Сингапур, Шанхай бағытында, 2020 жылы Нью-Йоркпен тікелей байланыстыратын әуе жолын салу жоспарланған.

Айта кеткен жөн, «Эйр Астана» әуе тасымалдаушы компаниясын ірі халықаралық оператор ретінде дамыту «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 67-қадамында айтылған. Оған сәйкес, «Эйр Астананы» халықаралық бағыттарға ыңғайластырып, әлемнің негізгі қаржы орталықтарына (Нью-Йорк, Токио, Сингапур) жаңа бағыттар ашу көзделген.

«Халықаралық әуе тасымалы нарығын кезең-кезеңмен ырықтандыру мақсатында 2017 жылы Астана қаласы әуежайында «Ашық аспан» пилоттық жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Оның аясында Прага, Хальсинки, Вена, Варшава, Будапешт және тағы басқа қалаларға қосымша 8 жаңа бағыт ашу ойластырылған», — деді министр.

Баяндама барысында министр Қазақстан әуе қатынастары жүйесінің ИКАО талаптарына сәйкестігі мәселесіне де тоқталып өтті.

«Ағымдағы жылдың басында ИКАО сенімділікті арттыру миссиясын жүргізіп, оның қорытындысы бойынша Қазақстанда ИКАО стандарттары мен Тәжірибелік кеңестерін ел іргесінде енгізу тиімділігі 65%-дан 74%-ға артты», — деді Жеңіс Қасымбек. Осы орайда орташа әлемдік көрсеткіш 63% екенін еске сала кеткен жөн.

Айта кетейік, Air Astana — Қазақстан Республикасының басты әуе компаниясы. Компанияның негізгі акционерлері –«Самұрық-Қазына» ұлттық әл ауқат қоры» АҚ мен Британдық BAE Systems, оның 51% «Самұрық-Қазына», ал 49% BAE еншісінде. Компания 64 ішкі және халықаралық рейсті Алматы негізгі хабынан және Астана екінші хабынан орындайды.

Материал «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» іске асыру бойынша азаматтарды ақпараттандыруды арттыру мақсатында Интернет-қоғамдастығының әлеуетін тарта отырып іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» проектісі аясында Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша дайындалды
Әрі қарай

Әуе арқылы жолаушы тасымалы жағынан Қазақстан ТМД бойынша екінші орында

Қазақстан ТМД-ға мүше мемлекеттер ішінде жолаушылар тасымалы жағынан екінші орын алады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты.

«Азаматтық авиация саласында соңғы бес жылда негізгі көрсеткіштердің тұрақты өсімін байқауға болады. Қазақстан әуе компаниялары тасымалдайтын жолаушылар саны 44%-ға, яғни, 4,1 млн-нан 5,9 млн адамға артты. Қазақстан әуежайларының қызметіне жүгінетін жолаушылар саны да соңғы жылдарда тұрақты түрде өсіп келеді, орта есеппен 9%-ға», — деді министр Жеңіс Қасымбек.

Осы орайда министр Қазақстан ТМД елдері ішінде жолаушы тасымалы жағынан екінші орын алатынын айтып өтті. Ал 2015 жылы Астана (10-орын) мен Алматы әуежайлары (6-орын) жолаушыға қызмет көрсету саны жағынан ТМД-ға мүше елдер арасында үздік он халықаралық әуежай тізіміне енді.

Айта кету керек, бұл жұмыстардың бәрі «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 68-қадамында қамтылған болатын. Атап айтқанда, Қазақстан арқылы әуе транзитінің тартымдылығын арттыру үшін әуе тасымалын мемлекеттік реттеу қажеттігі айтылған. Яғни азаматтық авиация қызметін британ және ЕО үлгісіне негіздеп құру жоспарланып отыр.

Бұл тұрғыда, азаматтық авиацияны дамыту мақсатында бірқатар қызу жұмыстар тындырылды. Мәселен, министрдің есебіне құлақ ассақ, елімізде жұмыс істеп тұрған 20 әуежайдың 14-і және 10 жолаушы терминалы күрделі жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін Петропавл қаласындағы әуежай терминалына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

«Қазіргі уақытта отандық әуе компаниялары Қазақстан территориясы арқылы жылына 250 мың жолаушы тасымалдаған. Бұл дегеніңіз күн сайын 900 транзиттік жолаушы тасымалданады деген сөз. Бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп, 2010 жылдан бері 10 есеге артты. Жаңа рейстерді ашу арқылы 250 халықаралық бағытқа жол ашылды», — деді Ж.Қасымбек.

Оның айтуынша, енді Астана әуежайының инфрақұрылымын жетілдіріп, Алматы маңынан хаб құру тапсырмасын жүзеге асыру, сонымен қатар халықаралық маршруттар мен қазақстандық әуе компанияларын дамыту арқылы 2020 жылға қарай транзиттік жолаушы ағынын үш есеге арттыруға мүмкіндік туады.

Осы тұрғыда Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай мен Үндістаннан шығатын жолаушылар ағыны Қазақстан үшін ең тиімді транзиттік бағыттар болып табылады. Мысалға, Қытайдан сыртқа шығатын туристер саны орта есеппен жылына 110 млн адамды құрайды. Осы туристердің 1 пайызын Қазақстан арқылы тасымалдағанның өзінде, транзиттік жолаушылар ағыны елімізде 1,1 млн адамға артады.

Сұхбат Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша дайындалды.
Әрі қарай