Ақпараттық соғыста қорғаныс амалдары

Ақпараттық қауіпсіздік: Ақпараттық соғыста қорғаныс амалдары

Ақпараттық соғыс деген не еді?

Жалпы соғыс — бір мақсат үшін екі немесе одан көп жақтың қарулы қақтығысы. Ал, ақпараттық соғыстың мақсаты — жауды толық жеңіп, жойып жіберу емес, оған қарсы басымдылыққа ие болу. Бұл дәстүрлі соғыстың жалғасы болуы да мүмкін немесе кез келген уақытта да пайда бола алады. Мысалы, саяси дағдарыс кезінде немесе сайлау кездерінде.

Ақпараттық соғыс әдістеріне ақпарат және байланыс құралдары арқылы манипуляция, үгіт-насихат, дезинформация, түрлі жолдармен деректер жинау кіреді. Жалпы айтқанда психологиялық соғыс деп те атауға болады. Өйткені, басты нысана — сана.

Ақпараттық соғыстың негізгі мүдделері — адамдардың құндылық жүйелеріне әсер ету, олардың ойлау жүйесін бұзу, қарсылық көрсетуге дәрменсіз қылу. Ең күшті қару түрі — БАҚ, оның ішінде — ТВ. Көгілдір экран арқылы таратылатын ақпарат әлде де интернет пен әлеуметтік желілерге қарағанда күштірек, сенімдірек, әсерлірек.

Манипуляция үнемі жасырын түрде жүреді. Егер сіз манипуляцияны байқап қалсаңыз — демек, бұл іске аспай қалды деген сөз. Манипуляция техникасы әрдайым жетілдіріп, жаңа әдістерге жүгініп отырады. Бірінші кезекте не айтылғаны емес, оның қалай айтылғаны маңызды. Қазіргі кезде үгіт-насихат ашық түрде жүрмейді. Яғни, бір нәрсенің нақты жауабы берілмейді. Алайда, қоғамды бір жауапқа қарай итермелейді. Осылайша қоғам шешімді өзі тапқандай ойда болады.

Ақпараттық соғыста манипуляторлардың қолданатын әдістері:

— Терминдер қолдану. Болып жатқан оқиғаны жаңа терминдермен, сөздермен баяндайды. Насихатшылар жаңа ұғым, сөздер арқылы бір топты, оқиғаны жақсы немесе жаман жағынан көрсете алады.

— Статистиканы асыра пайдалану. Сандарды қолдану — мықты әдіс. Кез келген адам сандардың шыншылдығына назар аудара бермейді. Сандарды сенімді ақпарат ретінде қабылдайды.

— Күн тәртібін өзгерту. Манипуляторлар өздеріне қолайлы тақырыптарды алға шығарып, күннің негізгі тақырыбын бұра алады. Ақпараттық соғыс кезінде жан жақтан неше түрлі жаңалықтар легі ағып жатады. Адамдар оның бәріне еріп үлгермейді, басты тақырыпқа байланып қалады.

— Белгісіз ақпарат көзіне сілтеме. Кей ақпарат сенімді болып көріну үшін жалған ақпарат көздеріне сілтеме беріледі. Ал, оны бәрі тексеріп отырмайды. Адамдар ресми ақпаратқа сенбей түрлі сыртқа «ағып» кеткен ақпарат көздеріне сенеді. Нәтижесінде берілген ақпарат сенімді, шынайы болып көрінеді.

— Мамандар пікірі. Бір оқиғаға байланысты мамандардың пікірі жарияланады. Адамдарға бәрібір ол адамның шындығында кім екені, сол тақырыпты жақсы меңгеріп, меңгермегені. Мұндай ақпарат та сенімді болып көрінеді.

— Жеңіл трансқа енгізу. Дыбыстық және бейне ақпараттар легі адамды есінен тандырып, сараптай алу мүмкіндігінен айырады.

— Альтернатив сценариймен үркіту. Кез келген жаман оқиға кезінде болашақта бұдан да жаман болуы мүмкін екені айтылып, шүкір ету режиміне енгізіледі.

Адамдар манипуляциядан неге жеңіледі?

Өйткені, адам өзін қоғамның бір маңызды бөлшегі ретінде сезінеді. Көпшіліктің пікірін дұрыс деп қабылдайды, өзі де көпшілікпен бірге болғысы келеді. Сондықтан да БАҚ көптеген пікірлерді қоғамдағы көпшіліктің пікірі ретінде беруге тырысады. Түсініксіз мәселелердің шешімін астыртын әрекеттерге әкеліп тірейді, қоғам да солай қабылдайды.

Манипуляциядан қорғаныс амалдары қандай?

Негізі жалғыз бір-ақ әдіс бар: БАҚ-ты қадағаламау. Ешқандай жаңалық оқымау, ТВ қарамау, интернетке кірмеу, алыс жаққа қашып кету — әлбетте қиын нәрсе. Мұндай радикал шараларға бармау үшін ең болмаса мына қарапайым қағидаларды ұстанған жөн:

— Жаңалықты қарау емес, оқуға тырысыңыз. Адам бір нәрсені оқыған кезде оның миы да жұмыс істеп, ақпаратты сараптай алатын болады. Ал, бір нәрсені көзбен қарау мидың ондай мүмкіндігін шектейді. Сондықтан адамдар көрген нәрселерінің әсерінде қалып қояды.

— Манипуляция әдістерін біліп жүріңіз. Егер сіз бір әрекеттен манипуляция элементтерін байқасаңыз — демек, бұл сізге әсер етпеді деген сөз.

— Ешқандай ақпаратқа сенбеңіз. Сіз егер бір жақтың манипуляциясынан құтылдым деп ойласаңыз — екінші жақтың тұзағына да түсіп қалуыңыз мүмкін. Ақпараттық соғыс кезінде бәрі өтірік айтады.

Сондай-ақ ақпараттық соғыс бірнеше кезеңге бөлініп жүргізілетінін ұмытпаңыз. Сондықтан ұзақмерзімді «атысқа» шыдамайтын болсаңыз уақытша «ақпарат оразасын» ұстаңыз. Мысалы, бір жаққа демалысқа кету, кітап оқу, жаңа сериалға отыру дегендей.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше