Инвестиция. Қаржыны қайда құям?

Маңдай термен тапқан артық ақшаны қайда құюға болады? Табысты қалай көбейтем? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Бұл мәселеде бізге тәуекел-менеджер, құрбым Мәдина көмекке келеді.

Депозит
Қаражат сақтаудың ең кең таралған және ең түсінікті құралы – депозит. Сонымен қатар ол қаражат құюдың ең сенімді жолы болып табылады, себебі салымдардың сақталуын Қазақстаның депозиттерге кепілдік беру қоры қамтамасыз етеді. Депозитіңіз бар банк күйген жағдайда салымыңыз толықтай қайтарылады, алайда оның көлемі 5 000 000 теңгеден аспауы шарт және қор депозит сыйақысын төлемейді.
Банктер клиенттерге ақша салудың қолайлы жағдайын ұсынып отыр, төмендетілмейтін қалдықтың аз болуы, кей банктердегі депозиттен ақшаны кез-келген уақытта шешіп алу және толықтыру мүмкіндігі осыған дәлел. Қазіргі кезде максималды сыйақы мөлшері теңгедегі депозиттерде 10,5%, ал доллардағы депозиттерде 4,1%-ті құрайды:

ОҒМ жазбалары: Инвестиция. Қаржыны қайда құям?

Бұл жерде пайыздық мөлшердің жоғарғы деңгейін ҚР Ұлттық Банкі реттеп отыратынын айта кету керек. Өзге валютадағы депозиттер туралы ақпаратты мына жерден оңай табасыз.

Мәдина, тәуекел-менеджер: Иә, депозит қазіргі кездегі ең сенімді инвестиция құралы деп айта аламын. Алайда ол пайда табудан бұрын, қаржыны инфляциядан сақтауға арналған. Сол үшін депозит иелеріне қаражаттың бір бөлігін доллар немесе еурода сақтауға кеңес берер едім.

Халықтық IPO
IPO – компанияның кішкентай үлестерін (акцияларды) жаңа иегерлерге жаппай сату болып табылады. 2012 жылы Қазақстандағы ірі мұнай құбырларының операторы «КазТрансОйл» АҚ-ның қарапайым акцияларының IPO-сы сәтті өтті. Сатылым кезіндегі бір акция құны 725 теңгені құраса, 2012 жылғы бір акцияға берілген дивиденд 75 теңгені, ал 2013 жылы 109 теңгені құрады. Екі жылдың нәтижесі бойынша «халықтық акционерлер» 25% пайдаға кенеліпті. Осы жылы «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша сатылымға «KEGOC» АҚ акциялары бір данасына 505 теңгеге шығарылмақ. 2015 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ акциялары сатылымға шығады деп күтілуде, одан әрі «ҚазақстанТеміржолы» ҰК» АҚ және «КазАтомӨнеркәсіп ҰАК» АҚ «Халықтық IPO» бағдарламасына қатыспақ.

Мәдина, тәуекел-менеджер: Халықтық IPO бағдарламасының алғашқы компаниясы сәтті өтті. Бірақ компаниялар әртүрлі, мысалы, электр желілері – мұнай емес, кіріс көлемі сіз ойлағандай болмауы мүмкін. Сондықтан акцияны сатып алмас бұрын компания туралы аз-мұз зерттеу жасап алған жөн.

ҮИҚ
ҮИҚ (үлестік инвестициялық қор) – ұжымдық инвестициялау формасы. Салымшылардан жиналған қаражатты басқарушы компания түрлі қаржылық құралдарға (акциялар, облигациялар) инвестициялайды.
2004 жылдан бастау алған бұл нарық сегменті жоғары пайдалы және тәуекелі аз саналып қарқынды дамыған болатын. Дегенмен, Қазақстанда ҮИҚ – тиімсіз болып табылады. 2008-2010 жылдардағы дағдарысқа байланысты акциялар құнсызданып, нарықтың бұл секторы соңғы жылдары едәуір қысқарды:

ОҒМ жазбалары: Инвестиция. Қаржыны қайда құям?

Мәдина, тәуекел-менеджер: Пайлық инвестициялық қорлардың соңғы жылдары екі есеге қысқаруын есепке алатын болсақ, оларға қаржы құюды қауіпсіз демес едім. Дағдарысты былай қойғанда, алаяқ басқарушы компанияға ұрынып қалу ықтималдығы да бар. Сондықтан ҮИҚқа ақша құярда нарықта ең құрығанда 3-4 жыл жұмыс істеп жатқан басқарушы компанияны таңдаған жөн.

Алтын
Қазір кей банктер ақшаны алтынға инвестициялау мүмкіндігін үсына алады. Ол үшін «металл есеп» ашылады, онда клиентке тиісті алтын мөлшері есепке алынып отырады. Алтын банктің өзінде сақталады. Пайда иесіздендірілген алтынды сатып алу және кейін сатудың айырмашылығынан түседі.
Сонымен қатар ҚР Ұлттық банкінен инвестициялық және коллекциялық алтын тиындар сатып алуға болады. Мұндай қызметті Сбербанк және Еуразиялық банк ұсынады, бірақ мұндай алтын тиындар, оның ішінде коллекциялық түрі сізге қымбаттау түседі. Себебі алтынның өз бағасына тиынды жасау жұмысы да қосылады. Оның үстіне мұндай алтынды тек ҚР Ұлттық банкіне немесе коллекция жинаушыға сата аласыз.

Мәдина, тәуекел-менеджер: Иесіздендірілген алтынның курсын банк өзі қояды, дегенмен баға жанама түрде әлемдік алтын құнына тәуелді. Сонымен қатар түрлі комиссиялық шығындары бар. Осыларға дайын болсаңыз, алтынға қаражат құйыңыз.

Автомобиль

Рубль бағасының долларға қатысты төмендеуіне байланысты біздің азаматтарға жаңа авто сатып алу түріндегі инвестиция мүмкіндігі пайда болды. Әлден-ақ кей пысық қазақстандықтар осы негізде өз бизнесін бастап та кетті. Жай ғана Астана мен шекараға жақын Омск Тойота орталықтарындағы жаңа автомобиль бағаларын салыстырып көрейік:
ОҒМ жазбалары: Инвестиция. Қаржыны қайда құям?
Ресейдегі престиж комплектациялы Тойота Камри 1 308 мың рубль, яғни 29 876 доллар тұрады, ал Қазақстандағы орталықта тура осы комплектация 38 000 доллар тұрады.
Бұл туралы тәуекел-менеджеріміз ештеңе демейді. Не десін? Қолыңыздан іс келсе, мұрныңызға бизнес исі баратын болса, алға!




Өз басым мұндағы инвестиция түрлерінен Каспий банк депозитін ғана пайдаланыппын. Ақшаны кез-келген уақытта шешіп алуға болатындығымен тартты, бірақ соның кесірінен бір жағынан қаражат жинап та қарық қылмадым. Айтпақшы, Жилстройсбербанкте жинақ бар, бірақ бұл инвестициядан гөрі қажеттілік дер едім.
Негізі Мәдинаның айтуынша, тура қазіргі жағдайда өзіңді кей нәрселерден қысып қор жинаудың қажеті жоқ. «Автокөлік, техника керек пе – несиеге алып ал, пәтер керек пе, мүмкіндігің болса, ипотека рәсімде, білім алғың келе ме — оқы, шетелге қыдырғың келе ме – алға, дауай! Тапқан ақшаңды өз рахатыңа жұмса, себебі девальвация бәрібір жалмап алады» дейді. «Кенет» жағдайларға кішкене «тықпаң» болуы керек әрине. Кеттім. Ақша жұмсауға.
Әрі қарай