Отбасылы еркекпен көңіл жарастырудың соңы - жалғыздық

Блог - Aya: Отбасылы еркекпен көңіл жарастырудың соңы - жалғыздық
Жұрттар блогиадаға қатысып, белсене блог жазып жатыр. Мен тіркеліп үлгермеген соң, тек оқуға мәжбүрліктен ішім пысып кетті)) Енді жұрттың баласынан қалмай осындай стилдегі жазбаларымды салып тұруды жөн көріп отырмын   Екі сөзге келместен бірден сөйлемді бастап кеткенім бір түрлі көрінсе де, оқып көріңіздер ал.
Үйленген, балалы-шағалы еркекпен көңіл жарастыру – уақытты өлтіру мен қатар ақымақтық, өзіңізге деген қиянаттың үлкені. Сөйте тұрсада неліктен көп әйелдер осындай қадамға баратындығы маған жұмбақтау. Біреулерге бұл ешкіммен кездеспей жүргенше уақытты қызық өткізіп, көңіл аулағанға жақсы болуы мүмкін. Кейбіреулері осы жағымсыз қылық пен нәтижесіз қарым-қатынасқа еті үйреніп, әдеттеніп алады. Үшінші бір тұзы жеңіл, жібі бостау қыз-қырқындар әйтеуір бір күні әйелімен ажырасып, өзімен бас қосатын күннің туатынынан үміттеніп, ілініп-салынып жүре береді екен.

Осындай әрекетке баратын әйелдер өз-өзін төмен бағалаушылықтың кесірінен зардап шегетіндер деп білемін. Егер сіз үйленген еркектермен кездесіп жүрсеңіз, жақсы көремін деп ойласаңыз өмір бойына оның ажырасқанын күтумен жүресіз. Күтумен өткен күндер енді әрқандай мерекелік күндерге жалғасады. Қолыңызда телефон, өзіңіз оның әйелі бала-шағасын ертіп әжелерін мерекемен құттықтауға кетсе екен деп үміт етесіз, сөйтіп оның сізбен аздаған сағат бірге болуына мүмкіндік туады деп ойлайсыз.

Жылайсыз, 14 ақпанда сізбен кездесіп, ерекше кешті бірге өткізе алмайтындығыңыз үшін. Оның бәйбішесінің туған күні сияқты отбасылық ерекше күндерінде екі бастан бірге бола алмайсыз. Әрқашан екінші орында жүресіз.
Үйленген еркекпен махаббат романыңыздың басы күтпеген романтикалық сәттер мен супер секске толы болатын шығар. Бірақ барлығы жалғыздықпен аяқталады. Соңында құрбыңыздың иығына басыңызды қойып жылап отырып, оның әйелін өлердей жек көретіндігіңізді айтасыз.

Үйленген еркектермен кездесемін деп жүріп өзіңіздің репутацияңызды құртып аласыз, соңыра сізді айналаңдағыларыңыз өзінің күйеуі мен жігітімен таныстырудан қашатын болады.
Егер сіз сондайлық оны жақсы көріп тұрсаңыз, алдымен өзіңіздің ерік-жігеріңізді қолға алыңыз. Жер жүзінде одан да артық қаншама бойдақ еркектер бар екенін ойлаңыз. Кешқұрым таза ауада сейіл құрыңыз, құрбыңызға біреумен таныстыр деп өтініш айтыңыз, танысу, үйлену бұрышына хабарландыру беріңіз. Фитнес-клубтарға жазылыңыз, мешітке, шіркеуге, синагога орталықтарына барыңыз, немесе қайырымдылық шарасымен айналысып көріңіз. Ең бастысы отырып алып, оны армандай беруді доғарыңыз.

Отбасылы еркекпен кездесудің бір себебі оған әйтеуір бір күні қолым жетеді деген фантазияға ерік беруден болады. Қалай болса да, басы бос емес жігіттермен кездесудің арты жақсылыққа ұласпайтындығын ұғыныңыз.
Иә, оның екінші әйелі болып қалам-ау деген есекдәме өте күлкілі болар еді. Болмаса балаларының көз жасына қалып, отбасын бұзуға қауқарыңыз жетсе байқап көрсеңіз болады. Бірақ «біреуге ор қазба – өзің түссесің» деген мәтелдің қазақтардың құлағына әбден сіңісті екені де есімізде. Яғни, бір әйелді тастаған еркектің, екінші-үшінші әйелді де тастауға ұяты жетіп-артылады.
Әрі қарай