Батаға таласқан шалдар

Бұл құбылысты той-томалақтарда, әлдебір отырыстарда өздеріңіздің де байқауларыңыз мүмкін. Әдетте, асабалар бірінші және екінші столдың соңында үлкендерден бата сұрайды. Сондай кезде алпыстың бел ортасындағы, жетпісті жүгендеп алған шалдар бата бере алмай сасып жатады. Бір-біріне сілтеп,«анау бере салсынға» басады. Кейбір ықтиятты шалсымақтар қалтасынан 4 бүктелген А4 форматындағы қағазды алып шығып, дайындап әкелген батасын оқып береді. Жаңа ғана арақ ішіп отырған шалдардың да Алланы ауызына алып бата беретін кездері жиі болады. Жасына сақалы сай, сақалына мақалы сай шалдардың бата беруі сиреп кетті.
Менің бала кезімде мынандай бір оқиға болған еді. Ол кезде үлкендер жағының қолына су құю деген дәстүр бар еді. Орнынан тұра алмай үйелеп жатқан шал-кемпірлер болмаса да қолыңа жез шылапшын мен әлумин шәугім алып, иығыңа орамалды іле салып, үлкендердің қолына су құйғанның өзі бір ғанибет еді. Су құйған сайын әлгілер саған алғысын жаудырып, батасын беретін. Айтпақшы, әлгі оқиғаға қайта келсек…
Ет желініп, бата сұралды. Сонда төрдегі домалақ үстелде отырған екі шал батаға таласып қалды. Қызба мінезді біреуі алдындағы тәрелкеде тұрған қойдың мүжілген бас сүйегін екіншісіне қарай жібергені есімде бар. Қайсысының бата бергені есімде жоқ шынымды айтсам. Бұл кісілер атақ-дәрежесі, жолы жағынан қатар жүретін кісілер болса керекті. Көбіне біреуі болмаған жағдайда екіншісі бата беріп жүрсетін болыпты деседі. Екеуі бір қонақта кездесіп қалса осылай шатақ шығарып қоятын да әдеттері бар екен. Қайран қазағымның қара қайыстай сол шалдары қайда еен?!
Ал, сіз бата бере білесіз бе?
Әрі қарай