Жастықтың қадірін сезіну

Блог - MickThatsMyNick: Жастықтың қадірін сезінуБұл тек жастарға ғана емес, өзін жас санайтын кез келген адамға арналған. Жастық шақтың қадірін қалайша анық түсініп, сезінуге болады?! Әр адам өзінің жастық шағын белгілі бір бағытқа арнай алады, оның ішінде адамзатқа танымал тұлға болуға — солайша атыңды қалдыруға, бір сөзбен айтқанда мансапқа, не жай ғана «ойна да күл» қағидасымен өмір сүруге немесе тек отбасы өміріне және ең күрделісі осының барлығын қатар алып жүруге. Ал ең оңайы – қор болып, жай ғана арманмен өткізуге.
Енді ойша «тренинг»-тің өзіне көшейік. Көзімізді бір нүктеден алмаймыз немесе көзімізді жұмып шынайы елестетіп көреміз: Сіз қартайып кеттіңіз (білем, ешкім де ол туралы ойланғысы келмейді, бірақ дегенмен). Және «осы уақытқа дейін мен не бітірдім?» деп саралап жатырсыз. Өзіңіз өзіңіздің жетістігіңізге қанағаттанбай, Сізді өкініш сезімі билеп барады. Сол кезде Сіз Құдайдан «мені жастық шағыма қайта оралтсаңыз, мен небір белестерді бағындырар едім» деп іштей жалбарынып сұрап жатырсыз. Сонда Құдай ұзақ ойланып, Сізді жастық шағыңызға қайта оралтады.
Міне осы сәтте терең ойдан шығып, көзіңізді ашып, жастық шағыңызды басқаша көзқараспен жалғастырып, жаңа бағыттар белгілей аласыз. Бірақ қанағатты да ұмыт қалдырмайық, құрметті керекшілер.) ©
Пыс: Фото мына жерден алынды.
Әрі қарай

Қайран атам...

Алиша: Қайран атам...Ер адам неғұрылым егде тартып, қарттық меңдеген сайын соғұрылым шарасыз бола бастайтын сияқты. Өзім атамның тәрбиесінде болғандықтан ба, қарияларды қатты жақсы көремін. Әжелер әдетте пысық келеді. «Әй, шал! Болсаңшы… Жүрсеңші...Қарасаңшы көзіңе....». Аталар келеді артында… Неге екенін білмеймін, олардың бәрі маған аянышты көрінеді.
Менің атам өте аңғал кісі еді, жарықтық. Аузын ашса, көмекейі көрінеді деп дәл осы кісіге қатысты айтылғандай. Ойдан ой туып, әлгі шақырусыз қонақтар туралы жазбамнан туындап отырған нәрселер ғой бұл. Үйге осындай құдайы қонақтар кеп, дастархан басында отырғанда: «Әй, кемпір, өткендегі қазыңнан қалды ма, шығарсаңшы…шұжықтарың болса әкелсеңші» дейтін. «Таусылды ғой»,- дейтін марқұм әжем, қайтсін енді, ол қазы айдың ана бір жаңасында игеріліп қойған. Кейін: «Бетім-ай, мені бар тамағын шығармай, тығып отыр деп ойлап кеткен болар әлгілер»,- дейтін шыр-пыр болып.
Атам ылғи менің сабақтан келуімді есік алдында күтіп отыратын. Мен қиналмастан «Сәлембердік, ата! Алиша үйде ме?» деп өте шығам да, аулаға көрші үй жақтан кірем. Сосын кешқұрым шәй басында адамның адамға ұқсай беретіндігі туралы әңгіме бастайды;) «Ойпырым-ай, есік алдында тұрсам бір қыз сәлем берді, Алишамды сұрайды. Өзі де менің қызымнан айнымайды-ау, айнымайды»…
Қайран, атам… Киімдерін жуғанда қалтасын босатудың өзіне жоқ дегенде жарты сағат жұмсайтынмын. Өлген орыстың басынан басқасының бәрі бар: ілгек, ескі күнтізбе парақтары, құдайға керегі жоқ болт, гайка…Газет қиындысына оралған бір бума шығады, ашсаң тағы бір орама, тағы…тағы…туһ, сондағысы сіріңкенің талы…
Сағынып кеттім…
Әрі қарай