Жастар театры «Қар ханшайымы» ертегісінің тұсаукесерін ұсынады

Жастар театрының талантты әртістері елорданың кішкентай тұрғындарын екі тілде сахналатын Г.Х.Андерсеннің «Қар ханшайымы» ертегісінің тұсаукесерін тамашалауға шақырады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

«Қар ханшайымы» ертегісі 20-30 желтоқсан аралығында сағат 10:00-де, 12:00-де және 14:00-де қойылатын болады.

«Ғажайып ертегінің кереметтігі сол – жақыныңа, досыңа деген шексіз махаббат пен мейірім ғана әлемдегі бар алапат зұлымдықты жеңе алатындығын балдырғандарымызға ұғындырады. Қойылым бүлдіршіндерді мейірім мен адалдыққа, достық пен татулыққа баулиды», – делінген «Жастар» театрының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қоюшы режиссері – Нұрфат Вахитов. Қоюшы суретші – Ерлан Тұяқов, Балетмейстер – Анар Жүсіпова.

Ертегіден соң шырша маңында кішкентай көрермендерді танымал мультфильм кейіпкерлерінің, Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен өтетін жаңажылдық бағдарлама, тосын сыйлар мен сыйлықтар күтеді.