Батаға таласқан шалдар

Бұл құбылысты той-томалақтарда, әлдебір отырыстарда өздеріңіздің де байқауларыңыз мүмкін. Әдетте, асабалар бірінші және екінші столдың соңында үлкендерден бата сұрайды. Сондай кезде алпыстың бел ортасындағы, жетпісті жүгендеп алған шалдар бата бере алмай сасып жатады. Бір-біріне сілтеп,«анау бере салсынға» басады. Кейбір ықтиятты шалсымақтар қалтасынан 4 бүктелген А4 форматындағы қағазды алып шығып, дайындап әкелген батасын оқып береді. Жаңа ғана арақ ішіп отырған шалдардың да Алланы ауызына алып бата беретін кездері жиі болады. Жасына сақалы сай, сақалына мақалы сай шалдардың бата беруі сиреп кетті.
Менің бала кезімде мынандай бір оқиға болған еді. Ол кезде үлкендер жағының қолына су құю деген дәстүр бар еді. Орнынан тұра алмай үйелеп жатқан шал-кемпірлер болмаса да қолыңа жез шылапшын мен әлумин шәугім алып, иығыңа орамалды іле салып, үлкендердің қолына су құйғанның өзі бір ғанибет еді. Су құйған сайын әлгілер саған алғысын жаудырып, батасын беретін. Айтпақшы, әлгі оқиғаға қайта келсек…
Ет желініп, бата сұралды. Сонда төрдегі домалақ үстелде отырған екі шал батаға таласып қалды. Қызба мінезді біреуі алдындағы тәрелкеде тұрған қойдың мүжілген бас сүйегін екіншісіне қарай жібергені есімде бар. Қайсысының бата бергені есімде жоқ шынымды айтсам. Бұл кісілер атақ-дәрежесі, жолы жағынан қатар жүретін кісілер болса керекті. Көбіне біреуі болмаған жағдайда екіншісі бата беріп жүрсетін болыпты деседі. Екеуі бір қонақта кездесіп қалса осылай шатақ шығарып қоятын да әдеттері бар екен. Қайран қазағымның қара қайыстай сол шалдары қайда еен?!
Ал, сіз бата бере білесіз бе?
Әрі қарай

Шалдардың бәсі

Бала кезімде атамның атының артына мінгесіп тарауық намазына баратынмын. Соғысты көрген үлкендердің бір шетін көріп қалдым соның арқасында. Бірақ бұл жазбаның соғыс көрген шалдарға қатысы жоқ. Менің атам 1936-шы жылғы. соғыс кезінде өгізбен жер жыртқан, тас диірмен тартқан бала.Нағыз балалығын ұрлатқан буын өкілі…
Әрі қарай

Қарттарым есен-сау жүрші...

Ауылда өскен бала болғандықтан ба, әлде жасымнан шалдың баласы болып (әкемнің әкесі, яғни атам)атының артына мінгесіп ауызашар, түрлі жиындарға барып өскендікі ме екен маған өз қатарымның әңгімесі көп қызық бола бермейтін. Үлкендердің айтқан әңгімелері әлі күнге есімде. Әттең, сол кезде бала болыппыз. Әңгімелерінің барлығын қағазға түсіре беруім керек еді.Қазір ойлап отырсам көп адамдарды көріппін. Біздің бір жамағайынымыз Бейімбет Майлиннің кенже қызы Розаға үйленген екен. Сол екі кісіні де көзім көрген еді. 60-шы жылдары Қытай асып келген туысқандарымыз да болған Біреуі тіпті қытай өкіметіне қызмет еткен полковник шеніндегі ақсақал еді.Кейінірек ҰҚК есебінде де тұрыпты дейді.Ол кісі қайтыс болған соң балалары жазбаларын жоғалтып алыпты. Шежіре жазумен айналысушы еді.Соғыс ардагерлерінің әңгімелері қызық болушы еді.Қазір ауылда көзі тірі ардагер жоқ. Қазір ауылға барсам шалдардың таусылып бара жатқанын көріп ішім ашиды. ашитын себебі бұл кісілерден соң жөні түзу шалда жоқ. Ауылда ең үлкен ақсақал 80 жастан асып отыр. ептеп ақыл-есін жоғалта да бастапты. Ол кісіден соң біздің аталар, жастары жетпістен асқандар. Бұл кісілердің өзі 5-6 ау қалыпты. 50-60 жас аралығындағы шалдарға көңілім тола қоймайды. Айтатын әңгімелерінің дәмі жоқ секілді.
Біз қандай шал болар екенбіз?!
Әрі қарай