Өмірдің өзі үйреткен сабақ

Әке… Осы бір адамға деген ертеден келе жатқан теңеулер көп-ақ. Әке — біздің негізігі тірегіміз, арқа сүйер адамымыз, анамыздың сүйген адамы, ата-әжеміздің сүйікті ұлы, т.б. кете берері сөзсіз. Әсіресе, әке қыз баланың өмірінде, жүрегінде ерекше орын алады. Халық "Әкесіне ұқсаған қыз бақытты болады" деп жатады.
Мен де әкемнің сүйікті қызы болып өстім. Кішкентайымнан мойнына асылып, еркелей бой жеттім. Мен дүниеге келгенде әкем жас болатын. Кейде ер кісі болғандықтан, достарымен жиналса да, қасынан қалмайтынмын. Өңкей жігіттер болып түскен суретте әкемнің аяғына жабысып мен тұратынмын. Әкем де қалдырмайтын, қайда болса да үнемі ертіп жүретін. Бастауыш мектепте оқып жүргенде, таңертең әкем оятпаса тұрмайтынмын. Тәтті балалық шақтың еміс-еміс елестері ғана есімде… Сол кездерді есіме түсіргім келіп, ойлаған сайын, жүрегің қатты соғып, көзіңе жас келіп, сағынышың арта бастайды… Кейуана болып отырмасақ та, балғын балалықтың қайта келмейтінін түсінгесін, қадіріне жетіп, сағынасың…
Бірақ, ер жете келе әкемнен алшақтай бастадым. Өтпелі кезең уақытында сөзге келіп қала беретін болдық. Кішкентайымнан қасында жүрсем де бойжеткен кезімде ол кісінің шылым шеккеннен кейінгі иісі ұнамайтын болды. Сол секілді, ұсақ-түйек мәселелерді көбейте бердім. Ортамызда алшақтық пайда болды. Бірақ… бәрін енді түсіндім.
Мен Алматыға оқуға кетерде, әкем жібергісі келмеді. Менің грантқа Алматыға түсерім анық болып тұрса да, өзіміздің университетке түсіп кетсе екен деп тілейтін. "Әр сенбі сайын келіп тұрасың" деп әңгіме айтып отыратын. Айтып-айтпай не керек, мен Алматыға кеттім. Сонда әкем үнемі хабарласып тұратын, бірақ айтпаса да «сені сағындым, сен қиналма, сен жылама» деп хабарлама жазып жіберетін. Соны көргенде қалай ағыл-тегіл жылағаным есімде…
Алматыда көптеген адамдармен таныстым, шынайы өмірді көріп, тани бастадым. Сондағы білген оқиғаларым:
1. Еркелеп өскен қыздың қайтыс болған әкесіне деген сағынышы туралы блогты оқыдым.
2. Үйінің кенже жалғыз ерке қызы. Әкесі 13 жасында көз алдында жүрек талмасынан қаза тапқан.
3. Ата-әжесінің жалғыз көзінің қарашығы. Әкесі ол дүниеге келер-келместен өзі білмейтін себептермен қаза тапқан, анасымен етене араласпайды.
4. Өнерлі, белсенді, сондай көңілді қыз. Ата-анасы жоқ. Ол туралы айтқысы келмейді. Бірақ, үнемі бақытты!
5. Ашық-жарқын журналист қыз. Түнде жұмыс жасайды. Анасы жұмыс жасауға денсаулығы жарамайды, әкесімен араласпайды. Оқудың ақшасын төлейтін адамы жоқ. Бірақ, әкесі қалаған мамандықта оқиды.
Қаншама адам бар, сонша тағдыр бар.
Сессияның уақытында әкем қатты ауырып жүрді, ота жасату керек екен. Біздің демалысымызды күтіп жүр екен. Сол уақытта маған ешқандай емтихан да, басқасы да керек болмай қалды. Емтиханды алдын-ала тапсыру жөнінде өтінішпен қанша жүгірсем де, қолымнан ештеңе келмеді. Сөйтіп жүріп, үйге де жеттім. Сол кездегі әкемнің «жаным-ау» деп құшақтағаны ешқашан ұмытылмас ерекше сезім. Ұзақ уақыттан кейін әкеңнің махаббатын сезу, ол — керемет сезім!
Қысқа ғана демалыс бітіп, оқуға қайтып келдім. Әкем отаның кезегін әлі күтіп жүрген болатын. Ол күн де келді. Ой сан-саққа жүгіріп, маза қашты. Ота 3,5 сағат болды. Одан наркоздан оянғанын күттік. Сол кездегі жүрек соғысы да, іштегі бұлқынған сезім де басқаша еді. Дүниенің еш кереметі әке-шешеңнің қасында болып, қолдау көрсеткеніңе жетпейтінін түсінесің. Содан кешке қарай әкем оянды, шамалы күннен кейін ауруханадан да шықты. Қазір әупірімдеп жазылып келе жатыр. Аллаға шүкір!
Жалпы, қазіргі күнім үшін Аллаға шүкір! Ата-анамызды жақсы көрейік, мейірімді болайық! Ата-анаңыздың жағдайын сұрап тұрыңыз! Шүкіршілік етуді ұмытпаңыздар!
Әрі қарай

Қызылқия хроникалары. Алкогольсіз сыра, кетік саптыаяқ және адасқан "водовоз"

Блог - Gastarbaiter: Қызылқия хроникалары. Алкогольсіз сыра, кетік саптыаяқ және адасқан водовоз

Бірінің өнері бірінен асқан блогерлер сайысында маңдайыма қара тігілгендей, ешқандай байланыс ұстамайтын, спутник антеннасы арқылы интернетті бастықтан тек шектеулі уақытқа тіленіп алуға болатын жерге көшкенімді қарашы. Уақытым да барынша тығыз. Сондықтан, күніне жарты сағат болса да, блог жазуға бөліп, содан шыққанын оқырманға ұсынамын деп шештім.
Әрі қарай