Нетіп-нетіп....

Осы бір «нетіп» сөзі — қызық-қызық сөз ғо, өзі. Біреудің айтуында естілсе күлкілі шығады. Өзің айтқанда, айтпақ ойың өзіңе түсінікті болған соң ба, күлкі тудыра қоятыны өзіңе аса бір байқала бермейді. Опшым, «нетіп» сөзіне фейстегі бір посттан төмендегі мысалдарды көріп қалып, осында жариялап отырмын. Пост иелерінен Керекинфода жариялауға ұлықсат сұрамадым. Сол үшін аздап ыңғайсызданып отырған жайым бар.
Десе де, оқып, өз өткелектеріңде осындай мысалдар болса, бөлісе отырыңдар. Мәселе сол, сөздік қордың аздығынан, не ауыздан шыққан әрбір сөзге немқұрайлы қараудан, сөйлем құрауға деген жалқаулықтан бола қалатын жағдайлар ғо.
Сонымен:

************
Әдетте екі сөзінің бірі «нетіп», «неғылып» немесе «жаңағы» болып келетін сөзге шорқақ адамдар бар ғой. Ертеректе «нетіп» сөзін жиі қолданатын ағамыз бір ұжымды басқарған екен. Қол астындағылардың көбі әйелдер болса керек. Сол кісі бір алқалы жиында былай деген екен:
— Біздің басқармада әйел жолдастар көп. Соларды нетуден әбден шаршадым. Бірін неғылсаң, келесі бірі келеді де тұрады. Оны неғылсаң тағы бірі ұстасады. Сосын, жағалай бәрін неғылуға тура келеді. Шетінен өздері не тағы да. Тіпті қиын. Күні кеше ғана бір жас келіншекті кабинетке шақырып нетіп-нетіп алып едім, жылап жіберді — дегенде жұрт қыран-топан күлкіге қарқ болса керек. Ал, әлгі ағамыз аң-таң болып аңырып тұр дейді.
*****
Келін түсірмексіз бе? — Жоқ, Нұрдықан бұл жолы өзім барып нетіп келемін дейді, мен соңыра барып нетем… дейді, Жадай шал…
******
Бір әйел базарда құрбысына қамыр жаюды қыймылмен үйретіп: білегін сыбанып, жұдырығын түйіп, сөрені нұқып- нұқып, міне былай-былай нетесің деп үйретіп жатқан қой. Сөйтсе, құлағы қағыс еститін бір аптыға келіп: «солай нететін қай жігіт, көрсетші?», деп жалыныпты…
******
Бірде Шот-Аман Уəлихановтан сұхбат алуға бардық. Жарық қоюшы Мейрам түйеден түскендей сөйлейтін. Уəлихановты жарыққа қарай ыңғайлап отырғызайын деп: «былай, сізді неғып, нетіп жіберейік» дегенінде ана кісі саспастан: «неғылғаның жарайды, неткенің біртүрлі екен» деп еді

© Қуандық Шамахайдың фейстегі постынан және оған жазылған пікірлерден алынды
Әрі қарай