Кесіртке адамдар


Кесіртке деген бауырымен жорғалаушының өз құйрығын тастап кете алатынын білетін шығарсыз? Егер көрмеген болсаңыз қысқаша тоқтала кетейін.

Бала кезімізде қызық көріп кесірткені аулайтынбыз. Қызығы сол – құйрығынан ұстасаң болды, кесіртке құйрығын үзіп тастап өзі құтылып кетеді. Әрине бізге ермек болғанымен, бұл олар үшін басын аман сақтаудың амалы ғой. Мен мұны не үшін айтып отырмын. Бүгінгі таңда дәл осы кесіртке іспеттес адамдар көбейіп бара жатыр. Ашып айтсам, қара басын қорғау үшін қарамағындағыларды шыңырауға итере салатын басшылар жайлы.

Олай дейтінім, кейінгі кездері бір мекемеде былық шықса, көп жағдайда басшысы емес, қарапайым қызметкер бәлелі болатыны әдетке айналғандай. Қаражат жөнсіз жұмсалса есепші кінәлі, мемлекет қаржысы жымқырылса күзетші ұры атанады. Әйтеуір басшыдан басқасы айыпты. Тек жұлып тастайтын «құйрық» табылмаса ғана басекеңдер тұтылуға мәжбүр. Ықлым замандарда бастың қылмысы үшін мойын байғұс айбалтаға түсетін еді. Қалай дегенде де бас пен денені дұрыс жалғамағаны үшін осылай жазалау жөн шығар. Бірақ бүгінгінің «құйрық лақтыру» әдісі қай жағынан алсаң да ақылға сыйымсыз. Өйткені, құзыреті шектеулі жұмысшының биік секіре алмайтыны бесенеден белгілі. Жоғарыдан бұйрық келмесе бас изегіш бағыныштының мұндай қадамға бара қоюы екіталай. Тіпті, бұйрықсыз өз құлқынын толтырды десек те, басшы қайда қараған деген сұрақ қажайды-ау!

Бүгін қазақ контентін дүр сілкіндірген "ҚазПочта" менеджерінің қазақ тілін суахили тіліне теңеуі де осындай жағдай. Тек менеджер-құйрық үзіліп түсіп қалатын сыңайлы. Оны жұмысқа алған басшы қайда қарады екен.

Түйіні сол, Абылай ханның түсіндегідей, «жәндік ұрпағының» дәуірі келгені да. «Бастан құлақ садаға» деген заманда, мойын – салғырт, бас – миқұрт болған кезең келгендей ме, қалай?
Әрі қарай