Қара жолдың үстімен арба жүрер...

Қазіргі заманда көліктің түр-түрі көп. Екі аяқты, төрт аяқты, ұшатын, жердің үстімен жүретін, судың астымен жүретін көліктердің сан түрін көзімізбен көріп жүрміз. Көзіміз үйренген көліктердің арғы атасы-арба. Қажеттілікке байланысты арбаның да түр-түрі бар. Қол арба, екі аяқты жеңіл арба, жүк арбасы деп кете береді. Тарихқа терең сүңгімей-ақ, арбаға көлік ретінде мінген соңғы ұрпақтың бірі ретінде, арба жайлы аз-кем айта кетсем деп едім. Мақсатымыз сапалы контент болғандықтан дәл осы тақырыпты алдым. Алып алдым да «Қазақша «Википедия» не депті ?", «Ел.кз» не деген екен ?" деп қарасам екеуінің жазғаны бір дүние. Құрылымы жайлы сөз жоқ. Біздің қолымызда толыққанды іске жарап тұрған арба бар делік. Еді, осы арбаны атқа жегу үшін бізге қандай заттар қажет және олардың атқаратын қызметі жайлы не білеміз?Ат-ер қанаты (ат әбзелдері, ер қаруы бес қару) қауымдастығы: Қара жолдың үстімен арба жүрер...
Қамыт. Ат арбаны тартқанда барлық күш тек аяғына не беліне түседі десек қателесеміз. Аттың арбаны тартудағы ең үлкен рөл атқаратын мүшесі-мойын. Ат арбаны мойнымен тартады десек те қателеспейміз. Қамытты көрмеген жадар болса түсіндіре кетейін Сырт кейіпі таға тектес құрылғы. Бірақ, көлемін олай елестетсеңіз қателесесіз.Тек, астыңғы бөлігі аттың мойнына киілген кезде қажетінше талтаятын және түбіндегі қамытбауды тартып байлаған кезде екі ұшы бір-біріне біріге қалады.
Доға. Арбаның екі жетегін керіп тұратын, арбаның қисайып кетпеуін, ат бұрылған кезде жетек арқылы арбаның да бұрылуын қамтамасыз етіп тұратын құрылғы. Бұл қамыттың сыртынан аттың желке тұсында тұратын зат. Жылқының еш жеріне тиіп, не киіліп тұрмайды.
Аттың үстінде тұратын ершік. Бұл ершіктің де атқаратын рөлі ерекше. Арбаның ұзын екі жетегін тек доғаға іліп қойсақ бұнымыз атқа да арбаның жетегіне де көп күш түсірер еді. Сол үшін осы ершікте көтерме баулар орналасқан. Осы баулар арқылы доғаға жетектер сәлде болса жеңіл байланады және арбаның біраз салмағы аттың беліне осы баулардың жетекке байлануы арқылы түседі.
Шілә(шля). Тармақ-тармақ болып атқа киілетін баулар. Кәдімгі ер-тоқымдағы құйысқан, өмілдіріктердің рөлін атқарады. Арбада тежегіш жоғы бәрімізге белгілі. Атты тоқтатқан кезде арбаның екпінімен қамыттың ат мойнынан сыпырылып кетпеуін қамтамасыз етеді. Яғни, ойлы-қырлы жерлермен жүргенде қамытты алға жібермей тұрады.
Енді, атты немен ырқымызға көндіреміз. Әрине, мұндайда жай жүгендер қолдануға жарамайды. Арбаға арналған жүгеннің екі тізгіні өте ұзын болады. Аттың езуінен басталған бұл тізгіндер екі сауырдың тұсынан салбырап, арбадағы адамның қолына емін еркін жететін болуы шарт. Бұны «Божы» деп атайды. Божыны екі жағынан қағып-қағып жіберіп, «шарт» еткізіп атты қамшылап отырасыз.
Арбаның құрылымы жайлы айтып болған соң аздап лирикалық шегініс жасауды жөн көрдім. Басында айтқанымдай бала кезімде арбаға міндім. Біздің үйде атамның әкесінен қалған ескі арба болды. Менің мектепке әлі бармаан кездерімде атам мен әжемнің осы арабмен қонаққа баратын кездері есімде. Өзім де сан рет міндім. Бертін келе заман талабына сай арбалар да жетіле бастады. Ортасы ағаш, сырты темірмен қапталған дөңгелектердің орнына шаруашылық машиналарының дөңгелектері салынып, қаңқасын да жеңіл материалдардан жасаған кездерде әлгі арбамыз біздің ойыншығымызға айналып қала берді. Ауырлығы сондай, 5-6 ойын баласы орнынан қозғалта алмайтынбыз. 7-8 жасар кезімде бір дөңгелегін әрең домалататыным есімде.
Соғыс бітіп, жұрт оң-солына қайта қарай бастаған тұста атамның әкесі әлгі арбасымен біздің ауылдан 300 шақырымдай қашықтықта жатқан бір ауданнан жамағайындарын көшіріп әкелген екен дейді. Қазіргідей «Жүк тасымалдау» фирмалары қаптап жатқан заманда көшуіміз мұң болып жүрген біздерге бұл ертегі секілді көрінуі мүмкін. Арбаға мінген бабалар армандап кеткен заманда өмір сүріп жүрген біздерде де талай арман бар…
Ат-ер қанаты (ат әбзелдері, ер қаруы бес қару) қауымдастығы: Қара жолдың үстімен арба жүрер...
Суретті алған жерім
Әрі қарай