"Қазіргінің рэкеті": "Қоятын уақыт болады мұны да..."

Қаланың қым-қуыт тірлігі таңертең жұмысқа барып, кешке үйге қайтумен, демалыста үйге азық-түлік тасумен аяқталатын сияқты, біздіңше. Жооқ, түнде жорыққа шығатын, тіршілігін түскен қараңғымен бірге бастайтындар да бар. Соның бірі — «түрлі мәселелердің түйінін шешуші», қазіргінің рэкеті.

Қолыңның екі мағынасында да ұзын болғаны қандай жақсы, досымның көмегімен осынау қауіпті кәсіп иесінен сұхбат алудың орайы түсті.



Баха. Жасы отыз бірде. Бойдақ.

Блог - aikarakoz: Қазіргінің рэкеті: Қоятын уақыт болады мұны да...

— Кәсібіңіздің нақты және қазақша атауын білмей отырғаным...
— Қылмыскер (күліп). Қылмыскерден басқа атау айта алмайсың.

— Мафия дейміз бе?
— Қазір мафия деген жоқ. ОПГ дейді. Организованная преступная группа. Қазақшасы — ұйымдасқан қылмыстық топ. «Рэкеті» бар, «отморозогы» бар, «решаласы» бар, бәрі сол ОПГ-ның ішінде. Топтың «старшийы» болады. Жылдан жылға бұл саланың сөздері өзгеріп келеді. Бұрын рэкет деген сәнде еді, қазір ОПГ.

— Бұл салаға келуіңізге не себеп болды? Ақшаның жетіспеуі ме, әлде жұмыстың табыла кетпеуі ме?
— Себеп болғанда… Ауылдың баласымыз. Мектепті «5»-ке бітіргенбіз. Тілді біраз білеміз. Спортта жүргесін сыртыңнан байқайды. Сосын тартады өздеріне. Жастық дейсің, желігесің, алып-ұшып тұрасың. Басында жәй араласып жүресің тірліктерге, одан кейін қалай кіріп кеткеніңді байқамай қаласың. Ақыры, ол сенің кәсібіңе айналады. Жұмыс іздеу дегенде… Мұны жеңіл кәсіп деуге де келмейді. Үнемі денсаулығың қауіпте, өзің қауіптесің, өмірің қауіпте. Тұрақты график жоқ, белгілі бір уақытта алаңдайтын жұмысың жоқ болған соң өзіңе ұнап кетеді. Бұл салада жүргеніме он шақты жыл болды.

— Демек, ақша табудың ең оңай жолы...
— Ақша табу ешқашан оңай болған емес. Әр саланың өзіндік қиындықтары болады. Біздің саланың да нюанстары мен нонсенстары көп, қиындықтары көп. Әзірге ең қолайлы кәсіп осы болып тұр.

— Ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне не кіреді?
— Мысалы, мейрамхана, клубтарды алайық. Ондай жерлерде тұратын күзетшілер екіге бөлінеді. Бірі – «Күзет» деген сияқты ресми агенттіктердің қызметкерлері, екіншісі – біздің жігіттер. Көп төбелес болмайтын жерлерде заңды түрде жұмыс істейтін күзетшілер тұрады. Адам тамағын ішуге ғана келетін не келіссөздер жүргізетін мейрамхана сияқты орындарда төбелес болмайды. Ал, клуб, «забегаловка» сияқты жерлерде жиі жанжал шығады. Ондайда иелері өздері-ақ біледі: агенттіктің күзетшілерінен гөрі, жұмысқа «шешетін адамды» алған дұрыс. Былай айтқанда, жігіттері бар топты, бандиттерді алған дұрыс. Өйткені, олар «по-черному» шешеді. Барады, төбелесу керек па – төбелеседі, төбелеспейтін жер болса – желкелеп алып шығады да далаға: «давай, бауырым, саламалейкум, қош бол» дейді. Сол сияқты, точкалар болады, түрлі бизнестер болады. Көп қызметі.

— Әр істі шешкеніңіз үшін клубтың иесі шамамен қанша ақша төлейді?
— Жағдайға байланысты. Адам басына 85-90 мың, 100 мыңға дейін кете береді. Қандай орын және қай жер екеніне де, графигіне де байланысты. Негізгі уақыт түнгі оннан таңға дейін жалғасады.

— Қарамағыңызда неше нысан бар?
— Айтпай-ақ қойса бола ма?

— Жарайды. Жоқ дегендегі айлық табыстарыңыз қанша?
(күліп) Адам басына ма? Адам басына 300 мың деп айта берейікші. Теңге.

— Адамды жарақаттап жатқанда «өлтіріп алам» деп қорықпайсыз ба?
— Кез келген пенде қорқады. Өзіңді жарақаттап алудан да қорқасың, ұрып жатқанда қолың басқа жеріне тиіп кетсе, дұрыс тимей қалса да қорқасың. Адамның талып қалуы 5 секундтық нәрсе ғой.Төбелесте талып жатқан адамның пульстарын тексеріп отыратын уақыт жоқ. Төбелесесің – құлатасың – жүре бересің. Артынан ойланасың.

— Оқыстан адам өлтіріп алған жағдай бола қалса, клуб сияқты демалыс орнының иесі ала ма жауапкершілікті?
— Жоқ, Құдай сақтасын, адам өлімі әлі болмады. Адам өлімі болса, жасаған адамның ізі білінбей қалмайды. Топан төбелес болып жатқан жерде "өлтіріп алмаймын" деп өзіңе «гарантия» бере де алмайсың. Ондай жағдай болса… кинодағыдай ғо. Ондай оқиға болған жоқ деп, барынша жасыруға тырысасың. Істеген адамды басқа қалаға жібересің. «В бега» дейді ғой, былай айтқанда, в бега кетеді. «Дело» тынышталмайынша жүреді қашып. Бірақ, ол басылмайды. Іздеу жариялайды. «Розыскта» «дело» жабылмай қалады. Сондықтан қатты зақым келтірмеуге тырысасың. Аяқ-қолын сындырып алсаң, ізіңді білдіртпей кетуге тырысасың.

Блог - aikarakoz: Қазіргінің рэкеті: Қоятын уақыт болады мұны да...

— Жасаған қылмыстарыңыздың артын жуып-шаю үшін қандай шара жасайсыздар? Тапқан ақшаларыңызды жетімдер үйіне бөліп, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып дегендей… Ең болмаса, ақыреттен қорқу деген бар ма сіздерде?
— Жоқ. Ондай шаралар істемейміз. Ниет. Күнәсіз адам жоқ қой жалпы. Жұма намазға барып тұрамыз.

— Сұмдық қорқынышпен өткен оқиғаңызды айта аласыз ба?
— Әр тірліктен кейін қорқасың ғой. Үйде анаң бар, әкең бар, оларға кесірі тиіп кете ме деп қорқасың. Мысалы, бір жерде үлкен тірлік болды делік. Сөзге келіспей қаласың да, төбелес те, атыс та басталады. Біреуді қатты зақымдап қоясың. Ол реанимациядан шығады. Зақым алған адамның да артында біреулер тұр. Олар біз жайлы сұрастыра бастайды. Қайдан келдің, кімсің, қай мекен-жайда тұрасың дегендей. Сондайда ата-анаң үшін қатты қорқасың. Өзің балалардың арасында жүргесін қатты қорқа бермейсің.

— Ата-анаңыздың хабары бар ма кәсібіңізден?
— Жоқ, білмейді. Бірақ, сезеді ғой.

— «Жұмыстарыңыз» түнде басталады. Ата-анаңызбен бірге тұрады екенсіз, күн сайын түнде шығып кететініңізді қалай түсіндіресіз оларға?
— Енді… ондай жастан өттік қой. Үйге қомақты ақша алып келіп жатқанда да «қайдан алдың» демейді. Үйренді. Іштей сезетін де шығар немен айналысатынымды.

— Ал, махаббат жағы қалай? Өмірде сұсты көрінесіз. Даусыңызда зіл бар. Сөйлесуге қорқатын қыздар бола ма?
— Қорқады. Түрімізге қарайды да:-«сен бандитке ұқсайды екенсің,»-деп бастайды әңгімені. Бірақ, қыз ұнағасын оныңды жасырасың. Ұнауға тырысасың. «Жжжоқ, мүлде ондай емеспін, сүттен ақ, судан тазамын,» -деп айта алмайсың оларға. Шет жағасын жеткізесің бәрібір. Кәсібімізді біліп қойып, аулақ жүрген қыздар көп болды.

— Үйленуіңізге кедергі келтіреді деп қорықпайсыз ба?
— Қоятын уақыт келеді ғой мұны да. "Қашанғы бұлай жүре берем" деп ойлайсың. Бұдан шығатын уақыт болады өзі. Сана-сезімі бар адам ерте болсын, кеш болсын түсінеді де, қояды. Сосын намаз бастап кететіндер бар. Бірақ, түрмеге отырмағанша тынбайды. Түрмеге отырғаннан кейін барып түсінеді, отырмайынша — жалғастыра береді. Негізі бұл тірліктің бәрін қойғаннан кейін үйлену жоспарда. Ер жігітке үйлену ешқашан кеш емес. Қырыққа жақын үйленсең де балаң болады.

— Мейлі, қойдыңыз делік. Үйлендіңіз. Ұмытылды. Бірақ, бірнеше уақыттан соң өткеннің қателігі қайта оралып, отбасыңызға зарар келтіреді деген қорқыныш ше?
— Қазір оны ойлауға кеш. Қайтуға жол жоқ.

— Болашақ жарыңызға қойылар ең басты талап қандай болмақ? Осы тірлігіңізге келісу ме?
— Жақсы әйел болса, болды. Әке-шешемді дұрыстап бақса.

— Сізге тұрмысқа шығар қыз да жүрек жұтқан болу керек шығар. Ыдыс-аяқ сылдырлай қалса, үйреніп қалған қол сарт ете қалып жүрсе оған қарай...
— Жоқ, бізде әйел адамға қол жұмсау деген болмайды.

— Сіз басқа тәрбие бергенмен балаңыз осы жолға кетіп қалса, таңдауын өзгертуге тырысасыз ба?
— Кетіп қалса, ештеңе өзгерте алмайсың. Өзіміз сияқты мұндай жерге басын бір сұғып алса, шыға алмайды: кірді – кетті. Сондықтан баланың тәрбиесін осы бастан ойлау керек. Кез келген ата-ана өз баласының жақсы болғанын көздейді.

— Қарапайым адамдар сияқты көшеде уайымсыз, қорқынышсыз, үрейсіз жүре аласыздар ма? Әлде алақ-жұлақ етіп, барған жерден тез кетіп қалуға тырысасыздар ма?
— Жалғыз жүрмеуге тырысамыз. Мысалы, мен досымды ертіп жүремін әрдайым. Маған тигізер зиян болса, ол – өлтіріп кету. Бірақ, адам көп жерде, көшеде жайдан-жай өлтіре салмайды ешкім. Олар да қорқады.

— Дене бітімдеріңіздің өзі-ақ үздіксіз спортпен айналысатындарыңызды айтып тұр. Неге жарыстарға қатысып, елдің намысын қорғамасқа?
— Бұл салаға спортта жолы болмай қалғандар келеді. Демеуші таба алмай қалған, сәтсіздікке ұшыраған спортшылар келеді.

Қаруларыңызға рұқсат берілген бе?
— Жоқ. Ұсталып қалған жағдайда «разводить» етесің ғой. Ақшамен болсын, басқалай болсын.

— «Крышалардың» да «крышасы» бар дейді, рас па?
— Бар.

— Осы салада жұмыс істейтін қыздар бар ма араларыңызда?
— Жоқ. Ондай қыздар жоқ. Қажеттілігі туып жатса, қыз табылады. Өздері осындай тірліктерге жақын қыздар көп қазір. Солардың біреуін ұстап аласың. Болмаса, таныс жігіттерге өтініш жасаймыз сондай қыздарды тауып береді.

— Сіздерге келіп, қатарларыңызға қосылам деген адамдарға қойылар талап қалай болады?
— Қаладағы кез келген адамды қабылдай бермейсің. Ол адамға әбден қарайсың, психоанализ жасайсың, қандай адам ол, қайдан келді, не істей алады. Әр жерден ала салып, «бізбен бірге жүресің, біздің айтқанды істейсің, біздің адам боласың» деп, қасыңа бір лохты отырғызып қоймайсың.

— Мысалы, қандай сынақ болуы мүмкін?
— Жеңілдеуінен бастайды. «Анадан ақша ал, мынадан ақша ал, ана точкаға бар, мына точкаға» бар деген сияқты.

— Осы салаға келсем бе деп жүрген жігіттер болса, не айтар едіңіз? «Жоламаңдар» дейсіз бе?
— Бастысы — спортты тастамау керек. Кез келген жағдайға дайын боп жүру керек. Кез келген. Ішпеу керек. Өзіміз де жоқпыз ондайға. Денсаулық қымбат, денсаулық.
Бұл салаға кеткенімізге өкінеміз дей алмаймыз. Ойланып қалатын тұстар болады. Бірақ, ендігісі тым кеш. Нанымыз осы. Әзірше. Бұдан ары қарай қалай болатынын Құдай біледі. Кімнің тірі болатыны да, кімнің өліп қалатыны да белгісіз. Алда болатын нәрсенің бәріне дайынбыз.

— Сұхбаттасуға келісім бергеніңізге, сұрақтарға ашылып жауап бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Эльвира Ерғалина
Әрі қарай