Балалардың "асабасы"

Қазір балалардың да мерекелеріне «асаба» шақыртатын заман болды. Тіпті үйлену тойына да басты асабадан бөлек балалардың көңілін аулайтын арнайы аниматор жалдайтындар бар. Мақсат, әрине, белгілі –әке-шешесінен қалмай еріп келген келген бала-шағаның шараға кедергі келтірмеуіне жағдай жасау.
Аниматорлардың міндеті — шоу-бағдарламаны жүргізіп, балаларды ойнатып, қызықтырып, көңілдерін көтеріп, олардың асып-тасып бойларына сыймай тұрған энергиясын сығып алу.


ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы
Сондай аниматорлардың бірі — Ринат Жетібаев, 25 жаста.

ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы
— Ринат, сіздің негізгі мамандығыңыз қандай? Бұл кәсіппен айналысуыңызға не себеп болды?
— Менің мамандығым – архитектор. Мамандық бойынша жұмыс жасап көрген жоқпын, 5 жыл оқып алған дипломым сандық түбінде жатыр. Оған себеп — мен бір орында отыра алмаймын, ылғи қозғалыста жүргенді жақсы көремін. Студент кезімде «Coza -Nostra» компаниясында аниматор болып жұмыс істейтін достарым мені өз ұжымдарына тартты. Ол кезде небәрі 2-курс студенті едім, «қосымша ақша артық етпейді» деген оймен келістім. Алдымен «Шрек» секілді жабық костюмдермен «үндемейтін» рөлдерде шығып, кейін «сөйлейтін» кейіпкерлерді сомдадым. Жүре-жүре костюм-шалбар киіп, «бабочка» тағып шоу-бағдарлама жүргізетін дәрежеге жеттім. Негізі өзім де оқушы кезімнен өнерге жақын едім, түрлі шараларға белсене қатысатынмын. Соның да септігі тиген болуы керек.

— Әлі де сол компанияда жұмыс жасайсыз ба?
Жоқ, қазір Ратмир атты досым екеуміз фриланс режимде жұмыс жасаймыз. Өзіміздің фото, видео, дизайн қызметін ұсынатын достарымыз бар, араласатын түрлі цирк әртістері, актерлер тобы бар. Солармен бірлесе жұмыс жасаймыз. Тапсырыс болса қажет қызметке хабарласып, шақыра қоямыз.

ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы
— Тапсырыс көп түсе ме? Клиенттеріңіздің контингенті қандай?
— Осы маусым айын алатын болсақ, менде қазір 8 шараға тапсырыс бар. Ал мамыр айында 5 шара өткіздім, оның ішінде туған күндер, бастауышпен қоштасу сынды шаралар болды.
Өзіміздің тұрақты клиенттік қорымыз бар. Арнайы ивент-агенттіктерден де тапсырыс болып жатады. Сонымен қатар шаралардан көріп ұнатқандар хабарласады. Ең мықты жарнама — ол біздің ұйымдастыратын шараларымыз.
Жалпы бұрын, айталық, 2008-де мұндай қызметті негізінен «қалтатылар» ғана пайдаланатын болса, қазір халықтың басым бөлігіне қолжетімді. Қызметіміздің ең арзаны 20 мың теңгеден басталады, ал қымбатына енді шек жоқ. Мысалы бір дөкейдің баласының 1 жасқа толу туған күнін бас-аяғы 5 миллион теңгеге ұйымдастырдым. Ал туған күн иесі тіпті ол шараға қатыспады десе де болады.

— Құпия болмаса айлық табысыңыз қанша?
— Әрқалай, мамыр айындағы жеке табысым шамамен 400 мың теңгені құрады. Бәлендей қиналып жұмыс істедім деп айта алмаймын, бос уақытым көп болды. Оның үстіне өзім жақсы көретін іспен айналысамын.

ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы
— Қазір балалар арасында қандай кейіпкерлер сұранысқа ие?
— Ол енді балалардың жасына байланысты. Кішкентай бүлдіршіндерге ресейлік «Фиксиктер» мультсериалының кейіпкерлері жақсы өтеді. Ал 7-8 жасқа дейінгі балаларға өрмекші адам, Бен Тен, Капитан Америка сынды супер қаһармандар керек. Одан үлкендеулері тіпті ешқандай кейіпкерлерді қабылдамауы мүмкін. Тіпті кейбір еркетотайлар аниматорларды тепкілеп, келеке етеді. Оларды таңқалдыру қиын. Сол үшін кейбір ата-аналар небір әрекеттерге барады. Мысалы біреу ұлының 10 жасқа толу туған күнін әскери тақырыпта өткізіп, арнайы міндетті әскер өкілдерін шақыртты. Олар шара болып жатқан жерге шынайы түрде басып кіріп, баланы туған күнімен құттықтады.

— Сонда қазақша кейіпкерлерге сұраныс жоқ па?
— Сұраныс бар. Алдыңғы жылы жаңа жылдық бағдарламаны толығымен қазақша кейіпкерлердің қатысуымен жасадық. Бағдарламада Алдар көсе, Аққу қыз, Бауырсақ секілді кейіпкерлер болды. Балалар жақсы қабылдады, бізге де тәуір пайда түсті. Мектеп, балабақшалардан бастап жеке жанұялар шақырды.

— Балалардың сіздің қойылымды қабылдамайтын кез жиі болып тұра ма? Ондайда тығырықтан қалай шығасыздар?
— Жиі болады. Әсіресе жасөспірімдер түрлі әнші-биші, цирк әртістерінің қатысуымен дайындаған шоу-бағдарламаға мұрын шүйіріп, гаджеттеріне үңіліп отырады. Ондай кезде, сіз сенбеуіңіз мүмкін, бізді өзіміздің бала кезде ойнаған ойындарымыз құтқарады. Балалар арнайы бағдарламаны былай ысырып қойып, қарапайым доппен атуды (выбивало) рақаттана ойнайды. Бала ол қашан да бала.

— Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасап көрдіңіздер бе? Оларды қалай ойнатасыздар?
— Иә, бірде Алматыдағы онкологиялық емханада рак ауруымен ауыратын балалардың көңілін көтеруге бардық. Біраз қиын тиді, себебі олар белсенді ойын түрлерін ойнай алмайды, көбіне бір орында отырады. Ондайда проектормен ойнататын интеллектуалды ойын түрлерін пайдаланамыз. Түрлі жұмбақтар жасырып, балаларға барымызша жақсы көңіл-күй сыйлауға тырыстық.
Одан бөлек, үйде ауырып жатқан балаға сүйікті кейіпкерін шақыру жағдайы жиі кездеседі. Ол жай баланың бөлмесіне кіріп сөйлесіп, көңілін аулап шығады.

ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы — Қайырымдылық шараларына қатысып тұрасыздар ма?
— Иә, міндетті түрде. Соңғы рет Талғардағы балалар үйіне бардық. Ол шараға аниматорлардан бөлек еліміздің бірқатар эстрада жұлдыздары да қатысты.

— Қазір өнерлі жастар көп, оларға осындай кәсіп бастау үшін не керек?
— Бастысы бірге үнемі ізденісте жүретін команда, креативті серіктестер керек. Қазір құдайға шүкір интернет бар, шетелде өзгелердің не істеп жатқанын көріп, үйренуге болады. Шетел демекші, өзім АҚШ-қа кетуге ақша жинап жатырмын. Майамиге барып орыстілді туристерге бағытталған аниматорлық компанияда жұмыс жасап көргім келеді.

— Сәттілік!
— Рахмет!

2-5 суреттер Ринаттың жеке инстаграм парақшасынан алынды.
Әрі қарай