Елорданың қай аудандарында отбасылық-дәрігерлік амбулаториялардың ашылатыны белгілі болды

Астанада қала тұрғындары үшін медициналық көмек алу үшін қолжетімділікті қамтамасыз ететін «Үйдегі дәрігер» отбасылық дәрігерлік амбулаториялар жобасы іске асырылуда, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Тек 2018 жылы мемлекеттік жеке-меншік әріптестікті дамытудың аясында елордада 3 дәрігерлік амбулатория ашылды. Олар «Жағалау» жаңа шағын ауданда, Бараев көшесіндегі халықтың тығыз қоныстанған аумағында, «Сказочный мир» тұрғын ауданында орналасқан.

«Жыл соңына дейін «Өндіріс», «Пригородный», «Оңтүстік-Шығыс», «Шұбар» тұрғын үй аудандарында дәл сондай дәрігерлік амбулаторияларды, сондай-ақ ЭКСПО аумағында медициналық кешенмен қоса 350 адам қабылдайтын емхана ашу жөніндегі нақты жоспарда бар», делінген Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратында.

Бұған қоса, басқармада жеке инвестицияларды тартудың арқасында 1,5 млрд теңгенің үнемделуіне мүмкіндік берілгені атап өтілді.