Шалақазақ немесе өз-өзімізді кемсітіп жүрген жоқпыз ба?

Тойда болдым. Қазақпыз ғой, ойын тойымыз ешқашан таусылмайды. Артымыз жалтырап жатса да бетіміз жылтырап той жасаймыз… Бірақ бұл той басқа тойдан ерекше болды. Иесінің байлығын айтып мақтайын немесе өзімнің бір шала тойғанымды айтайын деп отырған жоқпын. Басы да басқаларынан ерекшелігі жоқ, кәдімгі дүбәрә мақтаншақтықпен басталып, галстуктарын карындарына мәпелеп қойған еркектер мен бойына шақ келмесе де ең қымбат көйлектерін иықтарына ілген әйелдер мәртебесіне байланысты кезек-кезек шығып, етектей-етектей сөз сөйледі… Бір кезде басқаларынан еш ерекшелігі жоқ бір қайыстай қара келіншек шықты. Көптің арасында ерекше көрінгісі келді ме, кім білсін сөзінің басында «Здесь что интересно все говорят на казахском, но я буду говорить на русском, так как я себя причисляю к шалаказахам!» деп мақтанышпен қойып қалғаны. Басқалары ду күлді, тіпті қол шапалақтап жіберді! Айтқан сөзін көпшілік қолдағанына мастанған келіншек айналасына нұрлана бір қарап алып, ұзақ сонар сөзін бастап кетті… Ары қарай менің көзім қарауытып, құлағым тұнып жүре берді…

Көшеде жүремін. Адамбыз ғой, көшеде жүргеннің не сөкеттігі бар? Ия, білемін, біздер көшеге тек бір шаруамен шығамыз. Баратын жерімізге жылдам барамыз да, жұмысымыз біткен соң екі аяқты жерге тигізбей үйге қарай құйғытамыз. Тіпті еш шаруамыз жоқ болса қарынды сыйпап қойып ұйықтаймыз. Өзгелер сияқты серуендеу жоқ қой бізде… Міне ана тіліміздің ақсап жатуының басты себебі осында жатыр!.. Қалай? Былай! Егер атасы көрмегенді ботасы көріп жүрген атқамінер қазақ күнде кешке жақын көше бойлап серуендеуді әдетке айналдырса көрер еді… Қателерді… Тұнып тұрған қателерді… Қазақ тілінің қаңсып қалғанын… Дүбәрә аудармаларды… Әттең… Білетіндер билікке жақын жүретіндер мінетін көліктің терезесіне орнатылған қара үлдір сырттағы әлемді нұрлы қылып көрсетеді дейді… Шын шығар…

Көршім бар. Жалғызбасты. Жақында көшіп келген. Үкімет тегін үй таратқанда тайыншадай итінің құжаттарын өткізген бе, екі бөлмелі пәтер алыпты. Көрші қақысы – Тәңір қақысы, есік алдында итіне бой жаздырып жүрген көршіммен тілдескім келді. Жай, есігімізге есігіміз тиіп тұрған соң таныс болайық деп… Әңгіме жараспады… Көршім де… О, Тоба, шапқылап жүретін тайынша төбет те… бір ауыз қазақша түсінбейді екен… Арсалаңдап жетіп келген ит «Кет!» дегеніңе пысқырып та қарамайды, «Пошелды» күтеді… Қайта итінің ниеті нұрлы екен, түсінбесе де ыржалаңдай береді, иесі менің «Ассалауыма» мұрнын шүйіріп өте берді…

Осындайды көргенде менің ауылға көшіп кеткім келеді… Қазағы да қазақ, басқасы да қазақ… Негізі кімнің түп-тұқияны қайдан шықса одан шықсын, бірақ барлығы бір тілде сөйлесе ынтымағы да мызғымас болады екен… Міне Ел Бірлігі қайда жатыр… Қазақпыз ғой…
Әрі қарай