Муха Мухырлыч. "Твою мать"

Асекем бүгін тірі болғанда ғой…

Асекем бүгін тірі болғанда, бүгін әлі тірі Олжекеңнің тірлігін көріп, не дер еді? Сән-салтанаты келісіп тұрғанымен, арасындағы саңылауы — бар сымбатын бұзып тұрған екі күрек тісінің арасынан шырт түкіріп, «Твою мать!» дер еді.
Әрі қарай

Муха Мухырлыч. "Умник"

Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді арамдық дейтін уақыттар да болды. Сенбесеңдер, біздің уақыттың кез келген оқулығын аша қойыңыздар. Талдан таңқурай үзіп жатқан Зада арам, себебі арасында жемісті аузына да салып қояды. Ал Зере болса — адал, себебі әжесі айтқандай — тек себетке салып жатыр. Әні саған, балаға да түсінікті сюжет. Әні саған, тәрбие.
Әрі қарай

Муха Мухырлыч. "Телодвижение"

Муха Мухырлычтың әңгімелері жарық көргелі мыңдаған хаттар келіп түсті. Міне, солардың бірі:
«Привет, я стало юрист твоей дяди Веллингтоне живет который. Дело в том, что он умер, и оставил наследство в размере двести тысяч фунтов. Пожалуйста, свяжитесь со мной для оформления денег.».
Әрі қарай

Муха Мухырлыч. "Подхалим"

Жырақта жүріп, арды ойлар болар ма. Оның үстіне — баяғы істерге бола.

Болады екен. Болмақ түгілі, сол бір оқиғаларға қатысы болған кісілердің кейпі көз алдыңда қылаң беріп, дауыстары қаңғырлап естілетіні бар екен. Былайғы жұрт Остраваның жайма-шуақ кешінде қазақша сөз түгілі, мұңғұлоидқа ұқсас кескін кездестіруі неғайбыл. Тек маған олай емес. Сыртқа жалғыз көрінгеніммен, қасымда — ертедегі үлкенді-кішілі адами қылмысыма куә болған қырық кісі бар. Барлығы қазақ. Барлығы қазақша сөйлейді. Жады шыңырауынан сыбап жатыр мені.
Әрі қарай

Муха Мухырлыч. "Мразь"

Тарихқа сенім жоқ. Тарихшы сәбидей бейкүнә болуы мүмкін, бірақ ол жазған, түзеткен, күзеген тарих бәрібір сайқалданып, қысқа күнде өңі қырық құбылып, я тұрысатын жері жоқ, я нық сеніммен берген бәтуасы жоқ бірдеңе. Тарих «сықылды-тәрізді» деген тұжырымдарға көнбейді дегенімізбен, тамыры бәрібір сол — «сияқты-шығарлармен» тұр.
Әрі қарай

Муха Мухырлыч. "Мерзавец"

Осы шалды мен былай елестетуші едім: ауылда түбіреткіде күнге қыздырынып, өткен-кеткенге жөнді-жөнсіз әлей болсын, бәлей болсын деп жармасып отырады. Жүйкесі қайыстан өрілген адам аз қазір. Сондықтан біреу болмаса біреу жөніңе отыршы деуі мүмкін.
Әрі қарай

Муха Мухырлыч. "Ублюдок"

Әуелде, имене кіріп, еңкейіп шығып жүретін. Ләббайлап, тақсырлағаны кейде жиіркенішті еді. Сосын кейде именіп, кейде еңкейетін болды. Алдында кездесіп қалатын адамның мансабына қарай. Керек жерінде тоңқая қалып, реті келсе дөң айбат көрсетіп жүріп, ақыры тік шығып, тік кіретін кісісымаққа ұқсап қалды.
Әрі қарай

Муха Мухырлыч. "Сволочь"

Әбілді кабель өлтірді.

Иә. Сөйтіпті. Қараусыз жататын, араны әлдеқашан ашылған апаннан, аспанға шапшып барып қатып қалған әбжылан тәрізді қарашұбар кабель, бір сорлықаззақтың түбіне жетті. Мыс-мырышы, болмағанда қалайысы бар деп ойлап, өршелене арши бастаған Әбілді кабель аспандатып тұрып лақтырып, апанның айналасында тұратын — құрылысы әлде басталмаған, әлде бітпеген үйлердің бірінің жарқабағына етбетінен жапсырыпты.

Сол мезетте Әбілдің бойынан кем дегенде үш жүз ампер тоқ жүріп өтті дейді білгіштер. Қаззақ өлсе, білгіштердің есеп-қисабы дайын ғой әйтеуір. Мысалы, "қаззақ құлап өлді" деші. Қайыр айтудан бұрын есеп-қисабын айтады саған білгіштер. «Осы жылы барлығы жүз елу қаззақ құлап өлді» дер еді саған. «Марқұмың көптің бірі болады да» деп жұбатқанының кескіні ғой. Өмір онымен тоқтап қалған жоқ деген ишарасы. Қайтеді енді. Жоқтауға қосыла кетсе тағы болмайды. Жоқтауға қосыла кетсе, қаззақты түгендеуге де қосылуына тура келер еді. Бірақ ондай қауқар қайда білгіштерде. Сондықтан, Жәбірейілдің қасына есепші болып орналасып алған. Өлің-өлің, ал біздің есебіне жауаптымыз олар.

«Жүз қаззақ пәледен көз жұмды» десең де осы. Білеміз деп жамырар еді білгіштеріміз. «Жүз емес, жүз он екі!» деп, өзіңді түзетіп жіберуі де кәдік. Жүз марқұмның атына — ең болмаса жылы сөз естимін деп жүріп, қалған он екісін білмегеніңе өзің ұялып тынасың. Әнеки дер еді білгіштер сонда, біздің жұмыс ауыр, біздің жұмыс неблагодарный. Бұлтартпас сандәйек айтсақ та, бізді Сволочь деуден тайынбайсыңдар түге деп, көздері бұлауланар еді.

Жалпы осы Сволочьтар, қаззақ қоғамына қашан тұтқиылдан шауып еніп алғанын түсініп болмайсың. Өлім-жітімге деген сан-сапалық тұрғыдағы көзқарас — бізге жат, әйтеуір он бесінші мен жиырмасыншы ғасыр арасындағы я ғадабиятта, я тарихнамада тіпті кездеспейді. Өзің елестетші, ауылға шауып келген хабаршыны. Осындай бір білгіш хан шатырына шауып келіп, иекем де биекем, жорықтан жеттік, он төрт-ақ кісімізден айырылдық, сен саспа, демала бер деп көрсін. Алатын жазасының ең төмені төрттағандап бұтын айыру болмаса де. Не деп көкіп тұрсың ит дер еді. Он төрттің әрқайсысы кітапқа татитын өмірхаят иесі емес пе, сайып келгенде — кісінің жай ғана — киесі, обалы қайда, «он төртағың» не сенің дер еді. Әйтеуір өлім-жітімді қазіргілерше сау еткізіп айта салу сірә болмаған замандар ғой.

Содан ойлаймын, бұл қаззақ кісі өлімін бармақпен санап есеп беруге кешегі қызыл күндерде бейімделіп, кейін ұстаздан озған болса керек. «Биылға қорытындымыз: мың пұт кәртөшке, жүз пұт ет, халық болса мың қаралы кісіге азайды» деп есеп берген ғой кезінде, қазіргі білгіштердің аталары. Есепті тыңдап тұрған Мәкеудегі біресе қараторы, біресе шикілсары, біресе түкті, біресе тазбас Құдайлары дүрсе қоя беретін болған. «Етті кәртөшкемен теңестіруге тырысыңдар» деп ақырады екен. Бір емес екі, екі емес үш, үш емес төрт рет осылайша есік жағалағасын, Сволочьтардың кісі өліміне еті өліп кеткен. Адамның обалы мен киесі деген түсінігі суалып, әдірем қалған. Келесі есеп беруге барғанда, Сволочьтар әккіленеді. «Короче, короче!» деп есіріп тұрған жаналғыштарына короче жеткізу үшін, кісі өлім-жітімін айтпай-ақ қояды. «Екі мың пұт кәртөшке мен екі мың пұт ет өндірдік!» дейді де қояды Сволочь. «Молодцы, — дейді сонда жаналғыштары, — ет пен кәртөшке өндірісі теңесіпті, ай да молодцы!». Сволочымыздың кескіні мәз, арты шелек. Галоппен би биленіп, арақ та ішілуі мүмкін. «Елдегі кісіні ойлағанша, кәртөшке мен етті ойласақ нетті!» деп жаңалық ашады Сволочь сонда өзіне. Әйтпесе, былайғы жылдары мыңдап-жүз мыңдап қырылатын қаззақ — төсіне орден әкелмеп еді. Енді әнеки, бар ынта-жігеріңді ішіп-жемге аударғанда қандай қошеметке бөлендің!

Құртқанда, адамның кәсіпқойлығы ұрпақ сайын шыңдала беретін қасиеті бар. Зергер зерлей түссе, мерген мерген бола түссе айыбы жоқ қасиет былай. Бірақ Сволочьтар да шыңдалады ғой. Бар қасірет осында. Кісі хақын — жалғандық ішіп-жем, кебін-тебеннің барлығын тізіп болған соң — ең соңғы еске алу әуелде таңсық болғанымен, кейін қанға сіңген әдетке айналды Сволочьтарға. Енді осы, кісінің өмірі — есеп-қисапта салпылдап-салпаңдап жүрген, «настроениені түсіретін» құйыршық-көрсеткіш. Реті келсе айтпай-ақ қояр ма еді. Бірақ былайғы жұрт сұрап, қоятын түрі жоқ. «Биыл қанша қаззақ өлді?» — деп анталайды жұрт. «Есесіне астық мың пұт, ет жүз пұт!» — деп қипақтап көреді Сволочь әуелде. Онысының жөні бар. Себебі, астық пен еттің молдығын естіп, жаны байыз табатын жұрт та жеткілікті. Мұндай дәйектен соң жұрттың — қарын қамы реттелген бөлігі кетіп қалады. Сосын қалғандарына құрғақ санды естірте салуға болады. Себебі, астық пен еттің молдығын естігендер енді Сволочьты — қаззақтың жоғын жоқтап келгендерге шоқытпайды. Ұрғызбайды. «Он мың қаззақтың жол апатында өлгені сөз боп па! — деп басу айтады енді олар Сволочьқа жақтасып, — Бангладеште өзеннің бер жағынан ар жағына жүзіп өтемін деп миллиондар өліп жатыр керек десең!». Итше көбейетін халық пен әр баласын әулеті алақайлап күтіп алатын халықты салыстырып тұрғандары санасына да кірмейді. Оны олар «погрешность, минус-плюс 10 процентов» дер еді. Ашу шақырып келген қауымда қапелімде есеп-қисапқа қағілездік қайдан пайда болсын.

Сволочьтар ендігәрі — бес адамның ындынын бес мың адамның құлқы қылуға әккіленіп алды. «Сен хошиісті жалбыз сабынымен жуынғанды жақсы көресің деймін!» — деп әлек Сволочьтар. Себебі, бес адамнан сұрапты. Ол бесеу ләм деместен бас шұлғысыпты. Ал енді жақсы көрмей көр. Хошиісті жалбыз сабынды. Себебі үйреншікті өз бұзаушығың дүкеннен жоқ боп кетеді.

Не деп түйіндесек бұл әңгімені? Өй, қойшы соларды десем де болып тұр. Сволочьтармен күресіп опа таппасымды, таппасыңды білемін. Бауыр-бүйрегің аман болса, маған жаман ба? Әсілі, Сволочьтан бақ тайған күнді күтіп, қапыда пышақ ұрамыз деп жүрген осы күніміз дұрыс…
Енді, Ублюдок жайында...
Әрі қарай