Астанада ПИК-ге мыңнан астам тексеріс жүргізілген

Астанада 486 кондоминиум мен ПИК тіркелген, олардың жұмысы бойынша 1175 тексеріс жүргізілген. «Алматы» ауданында – 131, «Байқоңыр» ауданында -107, «Есіл» ауданында – 106, «Сарыарқа» ауданында – 142 ұйымның жұмысы тексерілді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Тексеріс қала тұрғындары мен мемлекеттік органдардан түскен өтініштерге сәйкес жүргізілген. Негізінен қала тұрғындарын жауын-шашыннан кейін үй шатырынан судың ағуы, инженерлік желілердің, үй жертөлелерінің қанағаттанарлықсыз жағдайы, жылу беру маусымына дайындық мерзімдерінің шегерілуі, тұрғын үй қорын ұстаудың кемшіліктері (қасбет, шатыр жабындысы, кіреберіс), залалсыздандыру жұмыстарының жүрмеуі, пәтер иелері алдында тоқсандық есептің берілмеуі, кондоминиумның әр сынасына арналған жинақ және ағымдағы шоттың болмауына қатысты мәселелер алаңдатады.


Тексеріс нәтижесі бойынша анықталған ескертулерді жою үшін қызмет көрсетуші ұйымдардың басшыларына 466 нұсқама берілді. Қазіргі таңда олардың 425 нұсқамасы орындалған. 13-і бойынша жұмыстар жүріп жатыр.  


Сондай-ақ, 28 нұсқаулық орындалмаған. 26 іс бойынша құжаттар сотқа жіберілді, екеуі бойынша құжаттар дайындалып жатыр. Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы қызметкерлерінің нұсқаулығын орындамағаны үшін «Сайран»ТК» КҚК, «Тұрмыс» ЖШС, ПИК және ТЕҮ «Адал», ПИК «Ақиқат», «Көктем»ТК» КҚК,  ПИК «Іскер Астана 2014», «Шапағат Нұры» ЖШС-не 11 іс бойынша соттың шешімі шыққан, оларға әкімшілік сипаттағы шара қолданылуда. Тексеріс нәтижесі бойынша қала тұрғындарының өмір сүру сапасының артқаны байқалады.  


Айта кету керек, қазіргі кезде тұрғындар тарапынан өздеріне қызмет көрсетуші мекемелерге түсетін арыз-шағымдар саны азаюда, оның басты себебі мемлекеттік органдар тарапынан әр түскен арыз-шағым бойынша тексеріс жұмыстары күшейген. Жұма сайын I-Комекке келіп түскен өтініштер бойынша жедел жұмыстар жүргізіледі. Осы жылдың сәуір айынан бастап орталыққа ПИК-дің жұмысына көңілі толмаған 500 өтініш түскен, осы өтініштердің барлығы бойынша жұмыстар жүргізілді. Барлық өтініштер бойынша басқарма мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізді», — деді әкімдікте өткен брифинг барысында Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Төлеген Құлұшев.