МЕН ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ БАРЫНА СЕНЕМІН

Бүгінгі қоғам қауырт әрекеттерімен, сұр бейнесі арқылы ізгілік пен жақсылық деп аталатын бар жақсы қасиетті жоғалтқандай. Дегенмен, осынша аласапыран әлемде әлі де болса өзгенің күйін күйттеп, жоғын жоқтайтын, жомарттығы мен адамгершілігі сақталған азаматтар баршылық. Бұл мақалам риясыз бала көңілдің жақсылық атаулысының барына сендіріп қана қоймай, қанаты қатпаған қыранды үлкен сапарға аттануға әрекет еткен ерекше азамат турасында болмақ. Мақтау, жағымпаздану емес, жүректен шыққан, ізгілікке толы шынайы құрмет суреттемесі. Ендеше, оқып, бағасын берер деген ойдамын.
Блог - amanzholov_bn: МЕН ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ БАРЫНА СЕНЕМІН

Бүгінгі жоғарғы оқу орнында білім алу мәселесі өте күрделі және көптің қалтасы көтере бермейтін қымбат сый. Ал еліміздің жетекші оқу орнында білім аламын десең, төрт жылыңа бірнеше миллионыңды әзірлегенің дұрыс. Жо-жоқ! Бәрі ақылы демеймін. Мемлекеттік шәкіртақы алатындар бар. Ол да таңдаған мамандығыңа байланысты. Бізге ондай бақыт бұйырмағандықтан ақылы негізде оқуға түсуге тура келді. Алғашында демеуші болып, бәрін қатырамын деген азаматтар көп болды. Ауылдың аңғал баласы әдемі сөздерге сеніп, тойып жүре бердік. Жыл аяғында әлгі азаматтардың көбінің жоқ болып кеткені, ал шын пейілімен қол ұшын созбақ болған кәсіпкер банкрот болғанын естігенде, төбеме тас түскендей болды. Содан басталды қиындықтың бәрі. Түрлі қалталы азаматтар әртүрлі көлемде қолдау көрсетіп, алғашқы екі жылымды өтеп, жаптым. Алайда, соңғы жылдары 1 миллионнан астам оқуға қарызым жиылып, тығырыққа тірелгендей күйде болдым. Иә, біткен жерім осы болар дедім іштей. Содан қыркүйек айынан бастап тапқанымша 55 түрлі кәсіпорынға өтініш хаттар жібердім. Бірнешесі жауап қатып, қарық қыламыз деді. Дегенмен тек жалғыз ғана мекеме өз уақытын айтып, қолдан келгенше қолдайтындарын жеткізіп, құжаттарымды сұрастырды. Шешілді! Деп қуандым жүрегім орнында болмай. Содан қараша айының соңында хабарласуға уағдаластық. Арада екі ай өткен соң, ол тараптан тиісті хабар ала алмай сәл уайымдай бастадым. Себебі, егер осы азамттар қолдау көрсетпесе, соңғы курсымда оқумен қоштасар едім. Электронды пошталарына бірнеше мәрте хат жіберіп, күтуге кірістім. Содан бір күні телефоныма бейтаныс нөмір қоңырау шалды. Бұл еліміздегі жетекші кәсіпорындардың бірі «Байкен-U» ЖШС бас директоры Бердалиев Бауыржан Алмаханұлы болатын! ИӘӘ!!! Маған қолдау көрсетіп, демеймін деген ағам өзі жеке телефоныма қоңырау шалып, есіне ертерек салмағаныма біраз сөгіп, дереу іске кірісіп, қаржыны аударатынын жеткізді. Ертесіне мекемеден тиісті азаматтар хабарласып, бір күннің ішінде 1 миллионнан астам қаржы шотыма топ етіп түсе қалды. Бір мәртеде бетпе-бет кездеспей, көз көрмей, құлақ естімей, бірнеше мың шақырым жырақтағы білім алып жатқан мендей қара балаға ешбір қайтарымсыз, ешбір ойсыз ізгі ниетпен осынша қаржы бөліп, оқуымды тәмамдауыма көмек береді десе, сенбес едім. Алайда ол солай болды! Бірнеше күн ішінде оқу ақымды толық өтеп, білімімді жалғастыруға көмек қолын созды. Хабарласып, алғысымды білдіргенімде: — Сені болашақ елге қызмет ететін азамат деп танып, қолдау көрсетіп отырмыз. Елдің, халықтың күйін күйттейтін қалымды қаламгер, мықты журналист болатыныңа сенемін! Алған бетіңнен тайма інім! –деп, ақ тілегін жаудырды. Иә, біреуге бұл мақалам қызықсыз шығар. Бірақ, менің өмірге деген көзқарасымды өзгертіп, менің өмірімді өзгерткен осы бір қайырымды іспен бөліскенді жөн санадым. Бауыржан Алмаханұлы секілді жомарт азаматтар барда, қазақтай елдің туы жығылуы мүмкін емес! Біздердей шала балаларға қолдау көрсетіп, қанаттарымызды қатайтып, қайтарымсыз көмек көрсетіп, көпке үлгі болды. Иә, елде өзге де меценаттар жетерлік. Көптеген ағалар жақсылықпен айналысуда. Алайда, мен үшін Бауыржан Алмаханұлы нағыз үлкен жүректің иесі! Жақында ол кісінің «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалін иеленгенін естідім. Айтарым, ондай азаматтардың кеудесіне елдің ықыласы мен құрметі деген қос орден тағылып-ақ тұр! Олар көпке жария етпей, жәй ғана ізгілікті істер атқаруда. Ұжымына, менен өзге балаларға да қол ұшын созып, қолдан келгенше көмек көрсетіп, алайда оны әлемге жарияламай, қарапайымдылығын сақтап отырған осындай ағаларға қарап, жер бетінде жақсылықтың әлі де болса барына көзің жетеді. Сіздерді қайдам, алайда мен Жақсылықтың барына сенемін! Рақмет сізге үлкен жүрек иесі Бауыржан Алмаханұлы!
Әрі қарай