Қашанғы елге мазақ болып жүреміз?

Кеше кешқұрым әдетімше қазіргі жастардың жиі жиі бас қосатын жері, кейбіреуінің тіпті тұрақты мекен жайына да айналып кеткен әйгілі әлеуметтік желілердің бірі vkontakte ні кезіп отырып мына мақалаға көзім түсті www.zakon.kz/4599530-izvestnyjj-rossijjskijj-bloger.html. Алманың атасы аталған алып шаһарымызға, қай жел айдап келгені белгісіз, Ресейдің атағы жер жарып тұрған (ел солай дейді өз басым атын бірінші рет естіп отырмын) блоггері Илья Варламов келіпті-мыс.Әлемнің әр түкпіріндегі қалаларды кезіп, алған әсерлерімен өзінің блогында бөлісіп жүретін Илья бұл жолы конференцияға қатысу үшін оңтүстік астанаға табанын тірепті. Сонымен сонау Мәскеуден апорт иісі аңқыған көшелер мен көкпен таласқан мұнаралары бар көркем қаланы бір көрсем деген арманын арқалап келген Варламов мырзаның үміті алданған секілді.Ия біздің аяулы Алматымыз мәскеулік блоггердің көңілінен шықпай қалыпты. Жол қозғалысы бір тәртіпке келтірілмеген, көшелері тазаланбаған, бір қалыпты сұрықсыз сұрғылт ғимараттары мен, көз тартарлық көркі жоқ ескі үйлері бар, қарапайым кеңестік қала деп сипаттапты ол өзінің Esquire деген журналға берген мақаласында. Шетелдік қонақтардың біздің еліміз туралы бұндай пікір білдіруі бірінші рет емес. Естеріңізде болса осыдан бір екі жыл бұрын «Барыс» хоккей командасының капитаны канадалық Кевин Даллменнің әйелі Стейси Даллмен де өз блогына біздің қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктер жайлы сөз еткен еді. Сол үшін де еліне қайтарылды. Оны істеп отырған кім? Әрине билік басындағы «бәкеңдер». Қайдағы бір шетелдіктің сандырағына сенбеңіз бізде бәрі жақсы деп, ішінде ботқасы былығып жатқан қазанның бетін жылы жауып қана қойды. Кеше Фейсбуктан ақын ағамыз Ақберен Елгезектің Мәңгілік ел бағдарламасына байланысты жариялаған мақаласын оқығам сондағы мына жолдар есіме түсіп кетті. ««Мәңгілік ел» месседжі маған сырты сырланған, бірақ бояудың арғы жағында тот басып, шіріген «бақытты коммунизм» идеясын елестетті». Шынымен де біз қазір дәл осындай сырты бүтін іші түтін «бақытты коммунизмде» өмір сүріп жатырмыз. Айқын дәлел ретінде Астанамызды алып қарауға болады.Қаланың қақ ортасы көз жауын аларлықтай көрікті болғанымен, шет жағындағы аймақтарда не болып жатқанында жан баласының шаруасы жоқ.Әркім өз қара басының қамымен әуре. Пара беріп диплом алсам, пара беріп үлкен қызметке тұрсам.Қазақтың қазіргі қас жауы болып тұрған парақорлық пен жемқорлық. Оны бас қалада 8 ай қонақ болған Стейси Даллман ханым да, оңтүстік астанамызға екі ақ күнге қонақ болып кеткен, Илья Варламов көріп үлгерді. Оны бүкіл әлем біледі десем, қателеспейтініме сенімдімін. Барлығына көз жұмып өз өзімізді алдап жүрген тек өзіміз ғана. Егер елімізде осы екі жауға тойтарыс берсек біз Сингапур, Вьетнам елдері секілді теңдікте тұрмыс кешер едік. Дамыған елміз деп көңіліміз марқайғанымен, шындыққа да бір сәт көз салған жөн.Жат көз сыншы дейді. Қашанға дейін шет елдіктерге мазақ болып жүре береміз?
Әрі қарай