Астана "Жастар жалыны" форумы



Астана «Жастар жалыны» форумы өтті

Жастар – қоғамның тегеурінді күші. Елдің алға ілгерілеп, дамуы жолында қоғамның осы тобына артылар жүк ауыр. Жасампаздыққа жан құмартқандардың дүниетанымын кеңейтпекке " жастар жалыны" форумы Астанада ұйымдастырылды.
Жастарға ілкімді ой айтып, бағдар беруге жетістікке жеткен 20 арнайы қонақ шақыртылды. Олар өмір өткелдерімен бөлісіп, жиналғанларға шабыт сыйлады. Олардың бірі — Арслан Дамиров. Жоғары оқу орнында білім алудан бас тартқан ол, 17 жасында кәсібін бастап, қалыптасқан таптаурындарды бұзды. 5 жыл ішінде тіл үйрету орталығының ауқымын кеңейтіп, кәсібін Ресейде де дөңгелетуде.
Арслан Дамиров — кәсіпкер
Әр адам Мен кіммін? Өмірге не үшін келдім? деген сауалдарға жауап берсе, жолы айқындалады. Мен сұрақтарға 17 жасымда жауап іздеп, кәсіпкер атандым. Жетістікке жету үшін пікір 1 арнаға тоғысатын жандармен мықты команда құру қажет.
Қиындықты қасқая жеңген Серік Есматов, жастардың қошеметіне бөленіп, үлгі болды. Қос аяғынан айырылған ол үмітін өшірмей, белестерді бағындыруға кірісті. Нәтижесінде, паралимпиада жүлдегері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды.
Серік Есматов — паралимпиада жүлдегері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы
Қиындыққа мойымау керек. Мен 13 жасымда оқыс оқиғадан 2 аяғымнан бірдей айырылдым. Соған қарамастан, жүректегі қорқынышты жеңіп, өзімді дамыттып. Спортқа ден қойып, волейболмен айналыстым. 1500 кітап оқып, болашағымды жарқын етуге тырыстым. Сіздер де мақсаттарыңызға айқын қадам басыңыздар.
Форумға 1000 жуық жас қатысты. Қажетті ақпараттарға қанық болғандар, алғыстарын қошеметпен жеткізді.
Жастарға ұсынылған тарту мұнымен толастамады. Рухани байығандар, концерттік бағдарлама тамашалап, бір серпілді.