Ақымақтардағы сенімділік және қателерді түсінбеу - Даннинг-Крюгер эффекті

Сана мен сезім: Ақымақтардағы сенімділік және қателерді түсінбеу - Даннинг-Крюгер эффекті

Даннинг-Крюгер эффекті — ақымақ адам қателеседі, бірақ өзінің топастығынан қателігін түсіне алмайды. Толығырақ айтқанда: Білімі, біліктілігі төмен адам қате шешім шығарады, сәтсіз әрекет істейді, алайда төменбіліктілігінің кесірінен өз қателігін түсіне алмайды.

Қателігін түсіне алмау өзінікі дұрыс екеніне сенімді ете бастайды, осылайша өзіне деген сенімділігі арта бастайды және өзін жоғары бағалай бастайды. Даннинг-Крюгер эффекті психологиялық парадокс, төменбіліктілер өздерін профессионал санайды, ал жоғарыбіліктілер өздеріне күманмен қарайды.

Яғни, ақымақтау адамның өз деңгейін шынайы бағамдауы үшін тәжірибесі және біліктілігі жетіспейді. Сондықтан да өзінің мықтылығына аса сенімді, тіпті негізінде олай болмаса да. Ал тәжірибелі адам бұрынғы қателерін, кемшіліктерін білгендіктен, сараптай алу қабілеті болғандықтан өзінің мүмкіндіктерін төмен бағалайды, тіпті өзінікі дұрыс болса да. Бәлкім осының салдарынан болар, төмен деңгейдегі немесе интеллекті төмендер жақсы жерде қызмет етеді де, ақылдылар оларға қызыға қарайды?

Қазіргі заманның нашар тұстарының бірі: өзіне сенімділердің ақымақ болуы, ал кішкене болса да ой-қиялы мен түсінігі барлардың күманға толы болуы және тәуекелге бара алмауы. © Бертран Рассел

Алаяқтық синдромы туралы бұрын жазған едік, мына жерден оқыңыз.

Крюгер мен Даннинг осы тақырыпта түрлі эксперименттер жасаған екен. Солардың нәтижесі бойынша адамдар қай салада болмасын мына басты 3 пункт төменбіліктілерде кездеседі:

  • Өз мүмкіндіктерін асыра бағалайды;
  • Басқалардың жоғары деңгейін адекват бағалай алмайды;
  • Өз біліксіздіктерінің тереңдігін түсіне алмайды.

Бір эксперименттен кейін бір бірінің нәтижелерімен танысып шығуға беріпті. Жоғарыбіліктілер өздерінің деңгейлері жоғары екенін түсініп, өздерін төмен бағалауды қойып, өздеріне деген сенімділіктері арта бастаған.

Ал төменбіліктілер жоғарыбіліктілердің нәтижелерімен танысса да, бәрібір өз ойларынан айнымапты, өйткені басқалар өздерінен жоғары болады деп ойлай алмайды.

Жалпы таныс жағдай ма? Біздің қоғамда, саясатта, өнерде, ақпарат саласында, спортта, мемлекеттік қызметте, ғылымда көп кездеседі. Менмендік, тәкаппарлық, өзімбілемшілік, менсінбеушілік басым болады мұндай типтерде. Резюмесінде «ағылшынды сөздікпен білем, Ворд білем» деп жазатындар, кез келген тақырыпта сарапшы болып пікір айтатындар, болмашы нәрселерді ғылым деп лепіріп отыратындар, Шыңғысханды қазақ дейтіндер, интеллектсіздіктерін костюм-шалбармен жауып жүретіндер, өз саласын жақсы білмесе де басшылығымен бірге көтеріле беретіндер, талантсыз «шығармашылық» адамдары, токшоуларда су әңгіме айтып отыратын «тұлғалар», логикасыздықтарын дін, діл, тілмен бітейтіндер, нашар семинар-тренингшілер, тобыр юмористері — осы эффектке сай адамдар.

«Надандықтан білім іздеу емес, өзіне сенімділік көбірек туады» © Дарвин
Әрі қарай