Ақылы кеңес

«Ақысын берсең боқысын  шығарам»-деуші еді… Бұрын арын, намысын сатады деп адамдар бірін-бірі сынайтын. Қазір ол тақырыптың да өзектілігі өткен. Бүгін бір-біріне ақылын сататын заман туды. Ақыл үйрету арқылы ақша тауып жүрген бір адам. Жар болудың жолдары, дұрыс бала тəрбиелеудің үздік əдістемесі, тамақ пісіру, тоқу-тігу, таптырмас маман болғың келсе… Осындай "" бəрі сатылады. Қазақтың дүниетанымы мен пайымына сай, саналы ұрпақ тәрбиелеудің  тəлімін ақшаға алып жатсаң, оған кеткен қаражатың мейлі ғой. Қоғамды жаңа «этикаға» үйретіп жүрген түрлі топтарға қауіппен қараудан аулақпын. Дегенмен бізге «келіндер мектебі», "қыздар институты", "қонақжайлық сабақтарының" керегі қанша? Дүниетанымы арқылы тұтас тарихын танытқан, ғасырлар бойғы қалыптасқан моральдық-этикалық принциптері отбасылық қатынастарға, əдет-ғұрыпқа негізделген қазақ қоғамына бүгінде жанұя құндылығын кім үйретіп жүр? Сол тренингтер мен курстарға кімдер барады? Қазақ жастары. 90-жылдары ата-анасы нәпақа табумен айналысқанда, тәрбиеден тыс қалған, өзінше ойлап, өзінше шешім қабылдауды үйренген замандастарымыз. Ал бұрынғы ата мен əже институтын заманауи «менеджерлер» атқаруда. Ажырасу саны өсуде, шаңырақтағы зорлық-зомбылық артуда, тастанды сәби тағдыры мен арсыз əкелердің көбеюіне байланысты, қоғамдық-əлеуметтік мəселені шешудеміз дейді мұндағы «психологтар». Қарап тұрсаңыз, мұндағы тыңдаушы аудитория да, дәріс беруші топ та — қыздар. Қызды үйде емес, түзде; өзіміз емес, өзге тәрбиелеп отыр. Бəрін əйелдің қолына бердік. Еркектерді сыртынан, монипуляциямен "ұстаудың" тағы бір жолын үйретудеміз.  Бұл — тағы да азаматтарды еркіндікке жіберіп, жауапкершіліктен босатудың  амалы. Оқып алып "өмір сүріп", сатып алып «бақытты боп» жүрген əйелдер қаншама толқынды осы жолмен «тəрбиелеуде»… Ақысын беріп балабақшаға, мектепке, университетке маман болсын деп, сосын тренингке адам болсын деп оқытып жатқан ата-ана — тамырынан ажыраған ұрпақ өсіруде.  Бауырсақ, тоқаш, пирог, тт пісіру, қонақ күту, іс тігу, ине ұстау мен ана болу, сəбиді құндақтауды үйреткен əжелеріміз бүгінде миллионер болар ма еді…
Әрі қарай