Садақа. Риясыз көмек дилеммасы

Сана мен сезім: Садақа. Риясыз көмек дилеммасы

Садақа беру — көп діндерде ерікті түрде көмек көрсетуді білдіреді. Дарвинизм тұрғысында, адамдардың қиын-қыстауда бір-біріне көмек қолын созуы — бізді жер бетінен жойылып кетуден құтқаратын әлеуметтік қорғаныс инстинкті.
Садақа беруді өзім рефлекс деңгейінде жүзеге асуы тиіс әрекет санайтынмын. Тек, көшедегі қайыр тілегендердің ұйымдасқан мафия екенін, ал интернеттегі қайырымдылық шарасына сеніп, шұғыл жіберген садақаң кезекті алаяқтың қалтасына кеткенін білгенде, ішің «суиды». Әділ де болғың келеді, шын мұқтаждың жан айқайына үнсіз де қалғың келмейді. Күмәншіл адамның садақаны жүрегіне емес, ақылына жүгініп беруі не бермеуі қаншалықты орынды? Адамның шын ниетін анықтауда айып бар ма?


Осы және басқа да сұрақтардың жауабын іздеп, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақ Көгершін» реабилитациялық орталығын бірнеше жыл басқарған, қайырымдылық іс-шаралардан бірталай жылдық тәжірибесі бар әпкемді сөзге тарттым.


Сана мен сезім: Садақа. Риясыз көмек дилеммасыРаушан Базарбай — «Сана-Сезім» Психологиялық көмек орталығының құрылтайшысы, «Сұңқар-Медиа» ЖШС -нің жетекшісі, психолог: — Кезінде мен қайырымдылықпен күн көретін қорды басқардым, яғни біреудің берген садақасын мұқтаж адамға жеткізуші немесе сол қаражатқа мүмкіндігі шектеулі балалар мен оның отбасына көмек көрсетуші ғана болдым. Сол кезде түрлі адамдардың, мекемелердің алдына барып, зағип жандар үшін қайыр-садақа тіледік. Біреу мың сылтаумен қинап, болмашы ғана көмек беріп, бізден бергенінен екі есе қаражатты қажет ететін пиар талап етіп шығарып салса, екіншісі бір ауыз сөзге келмей көмек берді. Мен ондай қайырымдылыққа ол кезде тек ұйымдастырушы ретінде ғана қарайтынмын, яғни алдық — бердік. Қазір, кәсіпкер болғандықтан, жыл сайын садақа беруге тырысамыз, бірақ оны жария етпеуге және ең бастысы — түбінде талан-тараж болмай, нәтиже әкелетін шараға ғана ұсынуға тырысамыз.

— Қайырымдылық айналасында жүргенде қандай күтпеген жағдайлар не қиыншылықтарға кезіктің?

— Бірде, үлкен қайырымдылық акциясын жасадық. Орталық сахнаға садақаға арналған жәшік қойдық. Кей адамдарға садақа беруге себеп — Алладан қорқу, ал біреулер оған ең тиімді пиар инвестиция ретінде қарайды. Яғни, атын шығарудың арзан жолы деп есептейді. Сол кеште сахнаға шығып, өз тілектерін айтып, жәшікке конверт салып жатқандар көп болды. Сол жәшікті ашып, қаражатты санау барысында, бос жабулы конвертті жиі көрдік.

Сана мен сезім: Садақа. Риясыз көмек дилеммасы— Мүмкін «бос конверт те бір пайдаға асып қалар» деген шығар?

— Менің түсінгенім — бәріне көмектесу мүмкін емес. Бұл ащы шындық біреуге әйгілі нәрседей көрінер. Ал біреуге оны түсіну қиын. Түсіндіру одан да қиын. Біз арнайы бір мұқтажға қаражат жинап жүрсек, басқа мұқтаж адамдар келіп бізге «Неге көмек бермейсіңдер, ақша жинап жатырсыңдар ғой!» — деп, жағамыздан алғанда, не істеріңді білмей қаласын.
Тағы бір жағдайды айтайын. Бұл — қазіргі, жақында болған тәжірибемнен. Яғни, садақа сұраушылардан, берушілерге көшкен кезден. Қысқасы, бір баланың еміне қомақты қаржы бөлдік. Бала емге барып келді, тексерістен өтті. Оң нәтижемен оралды. Алайда, оның сырқаты үздіксіз емді қажет ететін болып шықты. Енді оның анасы менің қыр-соңымнан қалмайды. Күнде телефон соғып, тағы көмек беруімді сұрайды. Ал менде ондай мүмкіндік жоқ…

Мынадай да жағдай болады: баланы емдеуге көмектесесің, операция сәтті өтіп, бала жазылып шығады. Тек, баласының мүгедектігіне қарай жәрдемақы алып отырған ата-анасы «баламның мүгедектік дәрежесін алып қойды» деп дау шығарады. «Балаңыз енді сау» десең, түсінбейді.

— Сұраушылардан ұсынушыларға өтуіңе осы қиындықтардың ауыртпалығы себеп болды ма?

— Ауыртпалықтан бұрын, қанағат ету шығар. Көмек сұраушылардан ұсынушылар қатарына өту арқылы мен адамдардың маңдай терімен тапқан ақшасын өзгеге жұмсауға неге қиналатынын түсіндім. Бұрын сұраушы ретінде «неге адамдар көмекке ақша қимайды?» деп қиналсақ, қазір кәсіпкер ретінде енді өзіміз: «Шынымен мұқтаж ба осыған? Қандай нәтиже береді? Мүмкін, көмекке қатты зәру басқа адамдар бар шығар?» деп, бірнеше рет ойланамыз.

— Сенің ойыңша, біздің қоғамда садақа берушілер көп пе?

— Көбісі қазір дінге бет бұрып жатқандықтан, бұрыңғымен салыстырғанда садақа берушілер көбейді.

Сана мен сезім: Садақа. Риясыз көмек дилеммасы— «Оң қолымның бергенін, сол қолым білмесін» дегендей, еш пайда не пиар күтпей, садақа беруге адамды қандай сезімдер итермелейді?

— Адамдарды қайырымдылыққа итеретін аяу сезімі, ол үрейден туады. Алдында айтқанымдай, біреу Алладан қорқады. Біреу өзін қатыгез адам сезінуден қорқады. Қоғамдық жауапкершілік те, «Менің басыма түссе ше?», «Менің көмегіме қарап қалса ше?» деген мотивтер де — мұның барлығы үрейге келіп тіреледі.

— Ол жаман ба?

— Ол, әрине, жақсы. "Құдайдан қорықпағаннан қорық" демекші, адам баласы бірдеңеден қорыққаны дұрыс. Бірақ, сол үрейлерімізді кәсіби қайыршылар мен алаяқтар өз пайдасына пайдаланады. Нәтижесінде, біздің садақамыз мұқтаж емес адамдардың шалқып жүруіне жұмсалады.
Егер көңіліңмен садақа бергің келсе, әл-ауқаты төмен отбасылардың тізімін ал «собестен». Сол тізімнен өзіңе интуиция деңгейінде жақын тартқан отбасын таңда. Немен көмектессең де өзің сол үйге барып, өз қолыңмен бер көмекті. Ақшалай болмаса, заттай. Заттай болмаса, еңбегіңмен. Атыңды атамай-ақ қойсаң да болады. Көзбен көрген, қолыңмен берген садақа өзіңді жігерлендіреді. Есесіне сенің де көңілің тоқ, олар да мәз.


Сана мен сезім: Садақа. Риясыз көмек дилеммасы— Арақ беріп баласын ұйықтатып тастап, көшеде отыратындар туралы естідік. Оған Ауған соғысының қылмыскерлерге жалданған псевдо-ардагерлерді қос. Естисің — түңілесің. Бірақ, бәрін тексеріп жатуға мүмкіндік бола бермейді ғой. Кейде көзді жұмып бере салатын кездер бола ма, тіпті моральдық-рухани да қанағатты күтпей?

— Басқасын қайдам, менде ондай жоқ. «Жайна» базарының кіре берісінде екі кісі отырады. Аяқ-қолы сау, баян тартып отырады. Жақсы әуендер тартады. Әр кез қасынан өткен сайын, мен оған тиын-тебен саламын. Былай қарағанда, ол — қайыршы. Ал былай қарағанда, ол өз еңбегін сатушы адам. Баян тарту да өнер ғой, сол өнерін сатып отыр. Тек нақты бағасы жоқ. Мүмкін, қолынан баян тартқаннан басқа ештеңе келмейтін шығар. Ал менің қолымнан ол келмейді. Сондықтан, мен оған бергенімді «садақа» деп емес, «еңбегінің ақысы» деп есептеймін. Қолына түтін түтетіп, баласын арқалап қасыңнан шықпайтын «люлилерді» көрсем, қаным басыма шабады. Менің дәл сондай балам бар, бірақ мен тырбанып жұмыс істеп жүрмін, күн көрудің амалын тауып, күн демей, түн демей қызмет етіп шаршаймын, бірақ бақыр тиын сұрамаймын ғой! Сол баян тартушы сияқты еңбегімнің ақысын аламын.


Сана мен сезім: Садақа. Риясыз көмек дилеммасы— Көше музыканттарына кейде тартқанын бір сәт доғаруы үшін төлегім келеді. Ал енді ғаламторда, «Бүгін ертең пәленбай мың еуро жиналмаса, бала өледі» деген «месседж» тарататындар бар. «Не ақша аудар, не парақшаңда бөліс» дейді кейбірі.

— Ондайды міндетті түрде тексеру керек. Ерінбей хабарландыруда көрсетілген телефонға «звондау» керек, жазылған деректермен сәйкестігін бүге-шүгесіне дейін салыстыру керек. Бөліскен адамнан қайдан танитынын сұрау керек. Әңгіме шетелде емделу туралы болса, қай клиникамен келісіп жатқанын нақтылау керек. Тіпті құжат, чек қағазының «скриндерін» сұрауға хақың бар. Гуглға есімін теріп іздесең болады. Хабарландыру жалған болмаса да, мерзімі өтіп кеткен болуы әбден мүмкін. Ақша аудармай, жай бөлісетін болсаң да, тексеру артық емес. Себебі, сен «бөлісуді» басу арқылы ондағы жұртқа «достар, бұған сенуге болады!» деп кепілдік беріп тұрсың. Негізі, науқас баланың қазіргі жағдайын, қанша ақша жиналғанын, мәселеге қатысты кез келген құжатты садақа жинаушы, егер тірлігі таза болса, ашусыз, айқайсыз бұлтармай ұсынады. Анығын білмей ақша салатындар алаяқтардың одан әрі көбеюіне жағдай жасайды. Парақорлықтың өркендеуіне алдын-ала ақша ұсыну арқылы үлес қосқанмен бірдей ғой бұл да.


Сана мен сезім: Садақа. Риясыз көмек дилеммасы— Волонтерларлардан кімді ұсынар едің, сенімді адам ретінде?

— Интернет арқылы садақа жинайтындар ішіндегі адалы деп мен «фейсбуктағы» Эля Алиеваны айта аламын. Ол міндетті түрде барлық құжаттарды тексереді, видеомен сүйемейлдейді, дәрігерлерімен кеңеседі. Әрбір төлемге есеп беріп отырады. Осындай таныстарыңыз арқылы тексерілген шараларға сенуге болады, қалғаны — бос сандырақ.



Сана мен сезім: Садақа. Риясыз көмек дилеммасы"Құрбандық оны қабылдаған адамды азғырады" — дейді әйгілі жазушы Оскар Уайльд. Ал Исламға сәйкес, садақа тек Алла разылығы үшін берілуі тиіс. Не десек те, мүлде көмектеспеу — тек дінге емес, әлеуметтік инстинктімізге де сын. Ақ-қарасын таразылап берген садақам риясыз бола ма? Әлде, көзді жұмып, ойланбастан «жүрегімнен жұлғаным» деп бергенім артық па?
Әлбетте, соңғысы — ең оңайы. Тиынды лақтырдың — ұмыттың. Алайда, садақаңыз нағыз мұқтаж адамға барғанына көз жеткізуді артық әуре көріп, оған бірер минут уақытыңызды қимасаңыз, оның несі риясыз?
Оған қоса, мұқтажды интернеттен, қайырымдылық қорынан не көшеден іздеудің қажеті де жоқ шығар?! Туыс, таныс, көршілерімізді бүтіндедік пе?
Gastarbaiter

Homo Happiness

    Ұқсас посттар

    5 пікір

    ibnabbas
    Братан өз бабыңда! Керемет сұхбат. Оскар, осы сен білмейтін дүние бар ма? )
    Gastarbaiter
    Сақалды әнек тақырыпқа тұздық болсын:
    «Бір азғын маньяк балалар үйіне уланған ақша беріп жіберіпті. Нәтижесінде 20 депутат, екі әкім, бір министр ауруханаға түсіпті.»
    AKA
    Әлеуметтік желіде бөлісетіндердің қайырымдылығы сол «бөлісу» функциясымен аяқталатын сияқты көп жағдайда. Айтпақшы, собестен тізімді алуды қолдаймын. Қызылордалық ФБ қолданушыларының қайырымдылығына қатысқанымда қаражат балалар үйі, оңалту орталықтарына жұмсалатын. Кейін ойладым, оларға ақша аса қажет емес қой, мемлекеттің бөлетін қаражаты олардың жақсы өмір сүруі үшін жеткіліктіс сияқты. Одан да сол қаражаттың барлығы дұрыс жұмсалғандығын тексеріп, ал жиналған ақша мұқтаж отбасыларға таратылуы керек деп ойлаймын. Әрине, бұл аталған ұйымдарға көмектеспеу керек деген ой емес. Бірақ, собестен алған тізім де кейде шындыққа жанаспай ма деп қаламын. Оған себеп — әпкемнің әңгімесі: бірде ұжыммен құрбан айтта болса керек, мұхтаж отбасылардың тізімін алып, әр шаңыраққа 5 кг еттен алып таратпақ болған. Бір отбасы айқай шығарып, әкелген еттерін керексінбеген бе сондай. Таңырқадым… Не де болса Алла ниетімізді түзу етсін!
    bizbike
    Ақша өзіңнен артылса, садақа беруді бірінші әке-шешең мен тума-туыстан бастау керек. Біреумен амандассаң да, жылы сөз айтсаң да, ол садақа. Біз тек ақшалай көмек, заттай көмекті садақа деп білеміз. Жолды кедергі болып тұрған тастан, бөренеден тазартқанның өзі садақа.
    Соңғы түзету:
    Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.