Мені бақыт аспанына көтердің

  • Автор
Бөлек менде сен дегенде шығар жан,
Жалт еткенде тайып беріп қылаң ой.
Әр демімді ішке жұтып шығарған
Сәттерімде сені ойлап тұрам ғой!

Сенің сыңар аққу құсың мен деп біл,
Сені іздеп шарқ ұратын тараптан.
Тәңсәріде шырқау көктен мен деп біл,
Жанып-күйіп, өліп-өшіп баратқан.

Шырқалып боп көкіректің қанша әні,
Жанарымды суалдырып жылап боп.
Терезеңнің алдындағы таңсәрі
Сөніп бара жаттым түнгі шырақ боп.

Құйқылжыта ән салатын бағыңда,
Бұлбұлыңмын жаңылмайтын ырғақтан.
Сары гүлді аралайтын сағына,
Ол мен едім көбелек боп зыр қаққан.

Кейде күліп, кейде дегбір қашты да,
Күн түлетті, түн сөндірді неше үміт?!
Сенің жұмсақ табаныңның астына
Көк майса боп жатқан менмін төселіп.

Жырым — Жайық, Есіл менің өлеңім,
Өзің барда бекер қайғы, шекер мұң!
Шексіз, шетсіз қуанышқа бөледің,
Мені бақыт аспанына көтердің!

Керім желдей кербездене өбейін,
Алыс па екен құшағыңды сезер күн?!
Шерге толып көкірегім, көмейім,
Сені ойлап шөліркедім, кезердім.

Мен болайын жанарыңның ішінде,
Көрші мені, мені ғана байқашы!
Енсем етті тағы, тағы түсіңе,
Кірпіктерің кеткенінде айқасып!

Ақсұлу Сүттібай
555777a

Маңдайында бар жұлдызы, қазақтың көркем бір қызы!!!

    0 пікір

    Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.