Алматыдағы автобус жолағы: Желтоқсан көшесіндегі проблемалар

  • Автор
Біздің елдің жаңалықтары: Алматыдағы автобус жолағы: Желтоқсан көшесіндегі проблемаларАлматыда қоғамдық көлікке бөлек жолақ берудегі мақсаттардың бірі — қала ішіне сыймай кеткен, жол жиегін босатпайтын бей-берекет автомобильдерден арылу еді. Бірақ жекеменшік көліктің иелері оңай берілетін түрі жоқ. Кез келген заңнан жеке пайдасы үшін тесік тауып кетуге шебер халық емеспіз бе, бұл жолы да жолақтың пайдасы мардымсыз болып тұр.

Жақында Желтоқсан көшесін бастан-аяқ жүріп өтудің сәті түсті. Видеотіркегішіме ілінген кадрлар арқылы бір-екі мәселені сөз еткім келеді.

Желтоқсан мен Наурызбай батыр көшелеріндегі «А» жолақтары былтыр, 2016 жылы жазда пайда болды. Мойындау керек, оң өзгеріс бар, әсіресе бастапқы кезде кәдімгідей көрінді: жол жиегінде тізілген машиналар азайды, қоғамдық көліктердің де жүрісі жылдамдай түсті деп ойлаймын.

Бірақ, бірағы бар! Уақыт өте келе автомобильдер кейбір учаскелерге қайтып орала бастады. Бұған себеп — тиісті шараның болмауы. Жол-патруль полициясы қоғамдық көлікке арналған жолақты бақылаудан қалған сияқты әсер береді. Бұл жерде де тобыр инстинкті ойнап кетеді — біреу әкеліп қойса және олар полиция тарапынан еленбесе, қалғандары да соған еріп машиналарын қоя бастайды.

Желтоқсан көшесінен негізі үш тәртіп бұзушылықты байқадым:
Біздің елдің жаңалықтары: Алматыдағы автобус жолағы: Желтоқсан көшесіндегі проблемалар — Машинаны дұрыс қоймау. Қоғамдық көлікке арналған жолағы бар жолдарда өзге машиналар бірінің артынан бірі, бордюрге жағалай орналасуы керек (7.6.1. жол белгісі, суреттегідей). Алайда барлық жерде бұл талап сақталмай отыр. Ал дұрыс қойылмаған машинаның арты шошайып, автобус жолына шығып кетеді, сәйкесінше, қозғалысқа да кедергі.

— Жолақтың үстіне қою. Аталған көшеде жол жиегіндегі қалтадан орын жетпегендер «А» жолағының өзіне қойып жүргендер бар. Бұл автобустардың жолын толықтай жауып, бөгеп тастау деген сөз. Ешкім жазаламайды екен, неге қоймасқа?

— Тротуарға көлік қою. Бұлар енді айыппұлдан қорқып, сақтық шарасына көшкендер шығар деп ойлаймын. Желтоқсан бойында жаяулар аймағына шығып кеткен автомашиналарды көп байқадым. Әйтеуір дөңгелек жүре алатын жерлердің бәрін жаулап алыпты.

Аталған мәселелер түптеп келгенде қоғамдық көлікке басымдық беруге арналған жұмыстардың нәтижесін жоққа шығарып отыр.

Бұл постты Алматы әкімдігіне және Ішкі істер департаментіне жіберіп көремін. Нәтиже бола ма, болмай ма — оны келесі постымда жазамын.

Ұқсас посттар

2 пікір

Basic
Музыкасы күшті екен))
Айбынды қазақ полициясы оперативті тұрлн əрекет етеді деп ойлаймын
patick
Соның астарын түсіне қоятын уәкілдер табылса *lol*
Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.