#QazzaqDepression. Квентин Тарақты. "Психолог"

  • Автор
"Әдебиет әнегі" газетінен анықтама: Білә болайын, бұл өмірде ішкені де, тышқаны да қисынға келмейтін бір жазушылар болады. Квентин Тарақты сондай, шешестің, өткенде отбасылық драма жаздым деп екі парақ ұстап кеп тұр. Жо, кесін ғо, оған біреу бірдеңе деватқан жоқ, бірақ есі дұрыс адам таңғы бесте терезені тоқылдата ма!? А? Редакция? Редакция емес, еппашымайттың баласы, үйімнің, менің үйімнің терезесі! Жазғандары да сондай, бұтақ та түсініксіз, аяқ асты басталып кетеді де, кілт бітіп қалады, тым-тырыс тамақ ішіп отырып, атып тұрып, туалетке жүгірген адамның ісі бір. Білә болайын.

* * *

— Шылым тұтатсам..?

— Әрине, әрине…

Сабан сары шашын жалбырата жайып жіберген, бет-аузын баттастыра бояған орта жастардағы әйел орындықты сықырлатып қозғалақтады да, қолындағы клатчын қатты қысқан күйі қатып қалды.

Ер адам шиыршықтап шылымын шығарды. Оттық шытыр етті, кішкентай ғана көгілдір жалынын аспанға атты. Темекінің басы қызарып барып қарақошқылдана түсті. Әжім жиырған жұқа еріндер түтін будақтатты.

— Жолдасыңызды ерте келуге… келесі жолы… қарсы емессіз бе?

Отыз жыл отбасылық психологияның отымен кіріп, күлімен шыққан Эстебан Қарауов қарсы алдындағы клиентіне сығырая қарады.

— Келемін десе… Әрине, келеді ғой. Келейік, иә. Тек ол… еркектерді білесіз ғой, менің көзімше ашылып сөйлер қоя ма екен. Дәрігер десе жиырыла қалушы еді, осы жолы да көндіре алмадым.

— Хмм… Былай істейік онда, Клаудиа. Мен онымен өзім сөйлесейін келесіде. Сіз қажет болмассыз. Тек ертіп әкелсеңіз болды.

— Иә, иә, соны айтайын деп едім. Еркектерше ме еді, қалай, өздеріңіз сөйлессеңіздер.

Қысқы етігінің өкшесімен еденді тоқылдата басып, есікке беттеген әйелге қарап отырып Эстебан ішінен «күйеуіңнен таяқ жеп, жалғыз келмесең болды да» деп ойлады. Біртүрлі жағымсыз жасанды фальцет дауысын жақтырмай қалғаны да бар.

Кенет клиенткасы кілт тоқтады да, жайлап бұрылды.

— Иә, сұрағыңыз бар ма еді?

Үндемеді.

— Клаудиа?

Асықпай сырт еткізіп әуелі оң, сосын сол қолының қолғабын шешті. Тырнағы боялған, быртық, жуан саусақтарын сары шашына салып, салалап тұрды да… жұлып алды.

«Паригі нес?» деп ойлап үлгерді Эстебан.

Кенет "әйел" "Қаныңа тоймай тұрмаспын үстіңнен" деп гүжілдеп екі аттап алдына жетті де, алдында тұрған үстелді бір тепті. Ыңқ етіп екі бүктетілген мұның есін жидыртқан жоқ: шашынан тартып, бір қолын тамағына салып, шеңгелдеп ұстап алды да, өзіне қарай аударып түсірді. Әзір ғана темекі түтінін өкпесіне жұтқан күйі аң-таң отырып қалған Эстебан әуелі қақалып-шашалып, артынша қырылдап-сырылдап, өліп кете барды.

Менде бір керемет сюжет бар...: #QazzaqDepression. Квентин Тарақты. Психолог
qisyq

Саусағымыз қисық болса да, ниетіміз түзу болсын.

Ұқсас посттар

2 пікір

patick
Күйеуі оянып кетті ме деймін :)))
Basic
Отыз жыл отбасылық психологияның отымен кіріп, күлімен шыққан Эстебан Қарауов
*lol* *lol* *lol*
Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.