#QazzaqDepression. Аяған Себастьян Бақ. "Муззона"

  • Автор
Менде бір керемет сюжет бар...: #QazzaqDepression. Аяған Себастьян Бақ. Муззона
(пролог іспетті)
Санта лючия,
Санта лючия,
Санта лючия,
Санта.
Санта лючия,
Санта лючия,
Санта лючия,
Санта!


— Кхм… — деді бір кезде үш жарым сағат бойы үндемей, терезеден алыстағы әлденеге қарап тұрған клиент. Сосын креслоға жантая кетті.

Клиенттің аристрокаттық дене тұрқы, мысы басым екені соншалық, ол тұра бергенге — бұл да аңқиып қарап отыра беріпті. Үш жарым сағат бойы. Жалығып кеткенін қазір ғана түсінді. Сөйткенше болған жоқ — клиент қор ете қалды.

Шіркіннің жатысын-ай! «Атилла кезекті қатынды жәукемдеп болған күйі ұйықтап жатыр» деген картина! Жоқ, «Батыл Карл жорықтан мәз боп келіп, рахат шаршау назымында»! Жо-жоқ, міне былай: «Зевс әкесін өлтіріп болып, демалып жатыр». Жоқ, міне-міне: «Агамемнон...»

— Не деп отырсың сен? — деген клиенттің гүж еткен дауысынан селт етіп, манадан бері азғын қиялын дауыстап айтып отырғанын сонда барып түсінді.

— Кешірерсіз… Сіз кімсіз? Неге келдіңіз? Сәлем жоқ, сауқат жоқ, келдіңіз де…

— Бар ондайым, — деді клиент міз бақпастан, — бар, бар ондайым. Не ғой. Маған он күннің ішінде вирус ән керек. Миға кіріп алып, шықпайтын болсын. Адам өзі жек көріп тұрады, бірақ сонда да қайталай береді. Қақылдай береді, қақылдай береді. Қақсай береді, қақсай береді. Ақыры жынданып кететін рифма болса — тіпті жақсы. Он-ақ күн берем. Мә, мында тура бес жүз елу мың доллар. Чек-квитанция беріп әуре болма.

— Ық… Бық… Қы… Қыыы…

— Білем, білем, бес жүз елу мың доллар көрмеген бейшара ретіндегі реакцияңды түсінем. Қазір аздан соң құсқың келеді. Өзім де алғашқы он долларымды алғанда алты күн ауырғам.

Шынымен-ақ: ол туалетке тұра жүгірді.

Қайтып келіп еді, әлгі кісі кетуге ыңғайланып, есіктің алдында тұр екен. Бұған қарап:

— Бауырым! Былай тісқаққан продюсерсымақтарға баруыма болар еді. Бірақ сен сияқты жаңадан бастап жатқандар жалмауыз келеді. Аш қасқыр дегендей. Тоқетері: бүгін түнгі жиырма төрт нөл нөлден бастап, уақытың кете береді. Тура он күннен кейін менің поштамда жаңа вирустық әннің сөзі, әлде сөзге ұқсайтын бірдеңесі, сосын midi-форматтағы мелодиясы жату керек! Аға, ақшаңа тиген жоқпын, қайтып алыңыз деуші де болма! Тура он күннен кейін дайын болмаса — сігем!
(Тұра тұрыңыздаршы, шын айтам, «тігем», «айдайм» деген жұқалтақ формаларын қолданып көрдім, бірақ әлгі кісіні сіз көрген жоқсыз, оған тек — «сігем!» деген ғана жарасады. Әрине, кешірім сұраймын, кешіріңіздер, қадірлі оқырман. Тағы да кешіріңіздер).

Ол бұл зілді сөздің — клиенттің "өлтірем" дегеннің орнына пайдаланатынын түсінді.

...Үш күн қатарынан ештеңе істеген жоқ. Көп болса жүз доллардың басын бұзып, виски мен кәкір-шүкір алып, ыңылдап жатты да қойды.

Кейінгі екі күнде өзін өзі қамшылап, жоспарға ұқсайтын бірдеңе жасағысы келді. Түк шықпады.

Алтыншы күні жанталаса ютюбті ақтара бастады. Қияндағы бразильдік чарттардан музыкасын тапқандай болды. Енді оған сөз керек.

Сегізінші күні «Мам-мам-мам-мам-мам-мария-мам» сияқты бір құбыжық сөзсымақтарды әлгі музыкаға тықпалап көрді. Шыққан сияқты.

Тоғызыншы күні бас жазып алып, тыңдап көріп еді — ештеңе де шықпапты. Жанталасып қырғыздардың үйде айтып отыратын видеоларын ақтара бастады.

Он бірінші күні бәрін қайтадан бастамақ болды. Перудың хиттарын ақтарып көрді. Бұтақбас халық екен.

Он бесінші күні Ерке Есмаханның "әлөөөөсін" көріп, жаман қызғанды. Маған осы еді керегі деп қарғанды ол.

Жиырмасыншы күні барып, дедлайннан аттай он күн өтіп кеткенін көріп, шошыды.

Жиырма алтыншы күні басы бұзылмаған ақшаны сайлап, клиентке қоңырау шалды.

— Бұ гім? — деп гүж етті клиент.

— Мен ғой… Сіз вирус ән сұрап едіңіз…

— Немене? Қайдағы ән?

— Қалай қайдағы ән? Жарты миллион доллар тастап кеттіңіз маған, ән жазып бер деп!

— Бауырым, сен немене, мені мазақ қылып тұрсың ба? Ненің әні? Тағы қоңырау шалсаң — сігем!!!

Ол өлердей қуанды. Өзінен өзі уралап, айқайлап, вискиді аузынан төгіп-шашып ішіп жүріп, биледі. Бақыт аузы-мұрнынан, қос құлақтан атқылап, артынан да жел түрінде періп жатты. Жынданып кете жаздады. Дегенмен, клиенттің есіне түсіп кетсе қайтем деген қиналыс бәрібір жібермей тұр еді. Сол кезде жаңалықтан қайсыбір қақтығыста оққа ұшып, теңкиіп жатқан клиентін көріп — ақыры жынданып кетті…

Менде бір керемет сюжет бар...: #QazzaqDepression. Аяған Себастьян Бақ. Муззона

(эпилог іспетті)
Шадап, шадап, шадап, шап ту дай!
Шадап, шадап, шадап, шап ту дай!
Шадап, шадап, шадап, шап ту дай!
Шадап, шадап, шадап, шап ту дай!
satibaldi

Рухани қайтыс болдым. Тәнімді кездестіргендерден оны күштеп көмуін сұраймын.

    Ұқсас посттар

    3 пікір

    qisyq
    Зай, күні бойы «Санта лючия» деп отыратын болдым
    Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.