#QazzaqDepression. Марғұлан Мэнсон. "Скелеттер"

  • Автор
Ескерткені — ескертті, ол рас. «Астананы үш ауыз сөзбен сипатта!» десе — жалғызбасты қатындар, ажырасқан қатындар және жынды қатындар! — дер едім! Тіпті ең пәк қатынмен көңіл жарастырғанның өзінде — бірнеше күннен соң шкафынан жасырған скелеті құлап түседі. қайратСақ бол, бауырым!" деген бауырым, өкіріп отырып.

Менде бір керемет сюжет бар...: #QazzaqDepression. Марғұлан Мэнсон. Скелеттер
Серіліктің сергелдеңімен тіпті қырыққа келгенше бойдақ жүрген Серіктің бұл ақылын ішімнен кекеткенім шын-ды. «Осы ағалар өзінен асқан дәуренді бізден қызғанады, менен артық не көресің дегендей әңгіме айтады; неғылған кісі осы қырыққа толғандар?» деуші едім мен ішімнен. Ақылың өзіңе нақыл-ақ болсын дейміз сосын тағы ішімізден, ағаларға меймілдете құйып отырып.

Бекер екен. Қытай мен құдайдың мазағы таусылған ба — бір күні өзім Астанадан бір шықтым.

Салған жерден ұнамады қала. Бірақ мұрты майлы біздің бастық шындап ақырса — адамды тіпті Қарағандыда тұруға да көндіретін ауйан кісі. «Маған қанша керек — сонша тұрасың!» деп жекірсін. Ішімнен және айнаның алдында келісе алмайтынымды бетіне айтқаным болмаса, телефоннан "әміріңізге құлдық!" дедім. Сөйтіп, Астананың сұрқай да дімкәс, оның үстіне — қымбат күндері басталды.

Бір жарым айдан соң өзім жалдап жатқан пәтердің астында орналасқан кафеге барып көңіл көтеруді шығардым. "Өтетін де кететін" қатындар құжынаған кафе екен. Артына да, алдына да хикаят іздеп жүрген қатындардан бокал алып жүргісіз мекен боп шықты. Ақыры, үйге кіммен келіп, немен кеткенін ажырата алмайтын күйге жеткен күндердің бірінде тап сол кафеде…

КЕЗДЕСТІРДІМ! Иә, тура солай — КЕЗДЕСТІРДІМ! Сұлулығын айтайын ба, қылығын айтайын ба! Қайсысын бірінші айтсам — келесісіне қиянат жасағандай сезінем өзімді, сондықтан ештеңе демей-ақ қояйын! Әйтеуір қылжақтан басталған әлсіз байланысымыз… ақыры «Астраханьская трасса» дейтін жердегі жер үйінен бір шығарыпты. Төсек қайнап кетті десем өтірік болар: өртеніп кетті!

… Темекі шегіп келмекке шығып, шкафтағы күртемді іліп алмаққа есігін ашып қалғаным сол еді… кәдімгі адамның скелеті гүрс етсін еденге! Шошып кеттім, әнасс! Бірақ жастық-ай десеңші! Әлгі, ауылдағы ақылман ағаның айтқаны рас болса да, бұл қатынды мен тастаман! Шынымен, қазір шкафында жасырулы скелет кімде жоқ! Әр кәлләда бір сыр бар. Кезінде болған да, бір сәтсіз қарым-қатынасы…

Ауыр ойлармен шоланға шыға бергенімде — шатырға шығатын төбенің есігі сықырлап ашылып кетіп — тағы да үш адамның скелеті сау етіп ақтарылып түссін! Тіл-құлақтан банкрот болдым сол жерде! «Танымдық антропология» курсынан білетін білігім — әлгі шкафтағы, сосын мына үш қаңқаның — еркекке тиесілі болғанын аңғартты. Енді шын абыржиын дедім. Бір адамның түбіне жеткен қатын кездейсоқтық болуы мүмкін, бірақ енді төрт адамның түбіне жеткен адам… Серік аға, сенікі дұрыс сияқты…
Есалаңданып-алаңғасарланып үйге кері кіре бергенім сол еді — кәдімгі тұздалған банкі-сәнкі сақтайтын ұраға құлап түстім. Терең екен. Тұздықтардың иісі мұрынды жарады. Иістен шамаласам — ащытылған капуста бөшкесі мен шұлыққа қапталған жуаның ортасында жатырмын, білем. Енді болары болды, ең болмаса белгісіздіктің алдында жақсылап темекі тартып алайын дедім мен де. Сөйтіп, оттығымды шақ-шақ еткізіп, жағып қалғанымда — алдымда тағы бес адамның скелеті жатты…
satibaldi

Рухани қайтыс болдым. Тәнімді кездестіргендерден оны күштеп көмуін сұраймын.

    Ұқсас посттар

    15 пікір

    Rozatai
    Оныншы скелет болуыңызбен құттықтауға рұқсат етіңіз! *lol* Мен қуаныштымын, бек қуаныштымын!
    asaubota
    Астана — скелеттер қаласы. тек еркек скелеттер ғана емес :)
    Rozatai
    Есалаңданып-алаңғасарланып деп жазғаныңыз анча ұнаған жоқ
    Rozatai
    Шолан деген не? Диалект пе? Жуа диалект сөз, мысалы.
    patick
    Чулан — Шолан
    Rozatai
    ол не?
    patick
    Кәкір-шүкірді жинап қоятын қараңғы бөлме )
    Rozatai
    Осылай айтпасаңыз, ыдыс деп ойлар едім
    ZhasulanAysagali
    тамаша, айтқыш екен
    Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.