Муха Мухырлыч. "Умник"

  • Автор
Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді арамдық дейтін уақыттар да болды. Сенбесеңдер, біздің уақыттың кез келген оқулығын аша қойыңыздар. Талдан таңқурай үзіп жатқан Зада арам, себебі арасында жемісті аузына да салып қояды. Ал Зере болса — адал, себебі әжесі айтқандай — тек себетке салып жатыр. Әні саған, балаға да түсінікті сюжет. Әні саған, тәрбие.

Менде бір керемет сюжет бар...: Муха Мухырлыч. Умник

Айтпақшы, арамдық күн айналмай қақ шекеңнен қояды деген базына да бар ол әңгімеде. Жумай жеген жемістен Заданың іші ауырады, ақыры ауруханаға түсіп тынады. Сонда әжесі айтады:
— Зере жақсы, сондықтан қазір аулада ойнап жүр. Ал сен жамансың, сондықтан ауруханаға түстің.

Ақ әженің балақанның бетіне бұлай ешқашан айтпайтынын иә, бәріміз де білеміз. Тапсырыс алған қаламгердің қиялы мен — оқулықтарға қойылатын талаптардың араласуынан туындаған қойыртпақ екенін ішіміз сезеді. Бірақ біздерді тәртіпке салғаны да рас қой, ал кітаптың мақсаты да сол болатын. Басқа не керек?

Енді, арамдық — қағылездікке баланатын заманда, Зерелер балшық илеп, Задалар креслоға жайғасқан уақытта, төте жол табу пәлсапаға айналды. Задаларға сұраныс көп. Айтпақшы, тау қопарып, тас итеретін баяғы Зерелер. Задалар — сол тауды қопаруға мердігерлік алғандар. Немесе мердігерлік алып бергендер. Немесе мердігердің мердігері. Әйтеуір Заданы күрек-сүйменмен елестетіп жүрмегейсің. Жараспайды. Заданы зәулім үйдің терезесінен қарап тұрған жарнамауи-плакати ғана образда көре біл. Сол бір зайырлы кескін-келбетін бұзбау үшін оларға әдемі мамандық атаулары да ойлап табылған. Мысалы.

Мысалы, бұраң бел бойжеткенді міндетті түрде ақымақ деп елестетін қаззақ үшін — корпорация дәліздерінен кездесетін хас сұлудың «корпоративтік медиатор-конфликтолог» екені нанғысыз. Немесе — бас директордың іс қағаздары жөніндегі кеңесшісі. Жалпы, кеңесші деген мамандық о бастан — мекеменің есеп-қисабына сыймай қалған, бірақ көңілін тағы қалдыруға болмайтын адамдарға арналған ғой. Түскі ас кезінде жезөкше жағалап жүру — мәртебеңізге сай келмей ме? Ту тегі, көңілдесіңді кеңесші қылып ал. Бұрынғы қылмысыңды білетін біреу бар ма? Кеңесші қылып ал. Еңбек жолын салған жерден — айналымы миллиардтық коропорацияда бастамақ ниеттегі министрдің ұлы бар ма? Бірақ қағазға шалдуарлау, әрі жас иә? Шешім бар: кеңесші қылып ал!

Әрі өздері — жасы кішілігінен, тәжірибе кемішінінен қысылмайтын кеңесшілер. Әлбион асып оқыған үш жылы қарақаззақтың сұрқай отыз жыл өміріне татиды дейтін болса керек. Жарайды, татыса татиын шығар дейміз ғой. Әке тұрып ұл сөйлесе өскені емес пе дейтініміз тағы бар.

Бірақ іске келгенде шорқақ болып жатады ғой, сол ғой құртатыны! Өткенде жорналшы ретінде сұрау салып бардым. Сауалым денсаулыққа байланысты еді. Өзімнің емес, халықтың. Кеңесшіге бар дегесін, сонысына бардым. «Тұзға тұншығып жатқан осындай ауыл бар, екеуінің бірі — обыр, денсаулығын жақсарту үшін қайтпек керек? Ауыл маңайындағы өндіріс сіздің мекемеге қарасты екен де...» деймін ғой баяғы, ішінде ымы-жымы бар, алыстан меңзеуі-жақыннан дәметуі бар қаззақы бұйымтаймен. Сүйтсем, «Жэргылыкты халктын жагдайын жагсарду ушун денсаулык жонындегы былымдерын арттыру керек дэп ыойлаймын» дегені! Умник епті! Жә, топастар аз ба бұл өмірде, бірақ мына топас, Айқындық Капитаны, жоқ генералиссимусы — он мың доллар жалақы алады ғой, түсінесің бе?! Твою мать, он мың доллар!!!..

Бұдан бұрын — Телодвижение
satibaldi

Рухани қайтыс болдым. Тәнімді кездестіргендерден оны күштеп көмуін сұраймын.

    Ұқсас посттар

    1 пікір

    Adiletshu
    Қара жұмысшыдан бастық көп. Бәрі офиста, дым бітірмейді. Дым білмейді
    Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.