Балалық шағымның мундиалі

Не айтатыны бар, өткен ғасырдан бері түз баласы боп кеттік. Ойылда бастауыштан өтіп, шетінен қырып келе жатыр едім, ортаңғы ұлды қос рәдителдің ешқайсысы зәру көрмей, 10 жасымда қалаға оқуға аттандырып жіберді.
Түскен жерім дарынды балалар мектеп-интернаты деп аталады. Кәдімгідей емтиханмен қабылданған пысықтардың қатарынанбыз. Жыл он екі ай — үш қабатты, ескі, бірақ сыры кетсе де сыны кетпеген ғимараттамыз. Өтірік айтам, жыл он екі ай емес, оқу жылы бойына. Интернат — қызыл сары, тіпті оранжды сырланған, оның өзі ескіріп, кей тұсының кірпіші көрініп жатыр. Жергілікті атқамінер шпаналар фасадын одан әрі сорлатып кететіні бар. Бұл жатақханамыздан 100 метрде мектеп тұр, ол да бояушы, бояушы дегенге орай, сәбіз түстес қып сырланған. Ғимараттың ескі екеніне, Екінші Дүниежүзілік соғыста атқыштар бригадасының штабы болғанына мемлекеттің мұртын балта шаппайды. Мұрты жоқ, одан бөлек саяси тұтқындар салудайын салған екен ғимаратты, әлі 100 жыл қызмет қылатын сияқты.  
Мектептің оқушылары бір-біріне жақын болатын. Себебі, негізгі дені бірге тұрады бәрі. Тіпті бір сыныпта оқу да шарт емес. Содан не керек, баланың тірлігі сол ғой, жазда да, қыста да футбол ойнайтынбыз. 5-6 сыныптарда сабақты да қатты оқитынмын, допты да елден озық тебетінмін. 6 сыныпқа келгенде Әділ деген досым, сыныптасым менен мықты ойнай бастады. Шеберлік жөнінен екінші болып қалдым. Бір кем дүние, мен капитан болған команда оның командасына жеңіліп қалатын да боп жүрді. Мұғалімдердің «Нағып жүрсің?» дегеніне «Дышы ғо» деп қойып, біресе өз алаңымызда, біресе көрші 6-мектептің алаңында шаң көтеріп жүретінбіз.
Бәрін айт та бірін айт, мектепте футбол чемпионаттары өтіп тұрушы еді. Бірде біз 7 сыныпта жүргенде, 8 сыныптағы Жаңабай Өтегенов үздік қақпашы атанып еді. Алып бара жатқан Кан емес, бірақ командасы 1-орын ап кетті ғой. Сол мектеп чемпионатында (5-8сыныптар арасында) 2 орын алдық. Жаңабай балғын кезінен айызды қандырар әнші еді, терме, халық әні жарысына жүлдесіз, жүлдесіз қайтпайтын.
Менде бір керемет сюжет бар...: Балалық шағымның мундиалі
Бір жыл өтті, біз 8 сыныптың серкесіміз. Көктем. Осы кезде бізде «а» мен "ә" сыныптары деген бар. Біз «типа» математикаға жақынбыз, олар — "ә" сыныбы, гуманитарилер, қазақ тілін тереңдетіп оқиды. Екеуара ойындарда кезектесіп жүрдік, онда, жалпы, итжығыс. Қақпашылары мықты, командасы да осал емес.
Ақыры менің тақырып қылған чемпионатым да келді. 8-11 сыныптар арасындағы біріншілік, бірден плэй-офф кезеңі. Жартылай финалдар, төреші, құрама мен қосалқы ойыншылар — бәрі «как штык».
Біздің құрамада қақпашы — Ринат. Баламасыз 1-нөмір. Жетістік деген әнші бала қосымша қақпашы болды-ау деймін. Ринат — әккі, шапшаң, сабырлы. Томпақтығы жылдамдығына әсер етпейді. Қазір медик болуы керек.
Алаңдағы ойыншылар аса қатты қорғаныс пен шабуыл деп бөлінбеді-ау деймін. негізі, сол кезеңде кім жақсы ойнайды — сол бар амплуада жақсы ойнайды. Қорғаныста ма, шабуылда ма, мейлі. «Талантты адам барлық жерде талантты» деген сандырақ бар ғой, сол сияқты.
Мен — негізгі құрам ойыншысы, алыстан теуіп салған голдарым бар, бірге бір ойынға да мығым болдым.  (Жыртыл, қазақ! десейш)
Әділ — ми. Пастасады, жеке де шабады, Үздік ойыншы.  Қазір бір компанияда қызметте сияқты.
Онжан — параллель сыныптың мықты ойыншысы. Мінезі ауыр, сабырлы, бірақ бұзықтыққа жақын. «Опорникке» көбірек келеді, қатаң. Алайда ауыр артилериялы шабуылға да бейім.
Ерлан — шабуылда шебер ойыншы, ол да 8 "ә"-нікі. 1-ге 1 үшеумізден де мықты емес, алайда, тәуір рөлевик.
Қосалқы құрамда, Ернар деген тапалдау палуан, Қуаныш деген сыныптасым болуы керек. Ол кезде олар оқудан шығып кетсе де таңғалмаймын, есімде емес. Алайда, сол кезеңде бірінші кезектегі қосалқы құрамның ойыншысы солар еді.
Жартылай финалдық ойын басталды. Есеп аштық. Торсыз қақпадан сусыған доп мектеп ауласының сыртына кетіп қала жаздайтын. Әгәрәки, қарсы жақтағы қақпаға қатты тепсең, интернаттың терезесін сындырасың. Оңып тұрған ешқайсысы жоқ. Сөйтіп, көбіне қорғаныстамыз. Біздің голды қалай салғанымыз есте жоқ. Әділ салған шығар. Әлде автогол ма, бірдеңе. Бір кезде суретші бала Серік деген тарс еткізіп есепті теңестірді (Кейін сол бала мектепте үзіліс кезінде бір прокурордың баласын теуіп талдырып, шығып кетіп еді).  Мен олардың нәтижелі шабуылын сыртан бақылап тұрмын. Есімде жоқ, не мен «заменадамын» (қалай негізгі құрамда емеспін деймін де?), не сол ойын моментіне қатыспай қалдым. Жақсы есімде қапты олардың голы.
Ойын қызды. Тәртіп бұзулар басталды, бар креативті шеберлігімді көрсетуге мұрша бермей жатыр бәйтөбеттер. Бір кезде қорғаныстағы арпалыс кезінде допқа бұрын жетіп, алға кілт қарасам, ортаңғы сызық жақта Ерлан «халявщик» жалғыз бақылап тұр екен. Арамтамақ қу, қорғанысқа қатыспады ойын бойына! Сырт еткізіп, соған пас жібердім. Бәрі артқа бұрылды да, тек жақын тұрған бір қорғаушы ғана артынан қуа жөнелді. Ол қарсыластар қақпасына жақындап барды, допты астынан «подсечкалап» көтеріп жіберді. Допты қақпашыдан асырған жоқ, жанынан өтіп кетті. 2-1.
Шыдадық. Ойын бойына әдеттегідей алға көп шаппаған секілдімін. Онсыз да креативтер бар, қорғанысты да біреу ойлауы тиіс қой.
Финалда екінші орынға да шүкірлік етіп тұрмыз. Екінші жартылай финалдан 11 сынып шықты. Кім күмәнданып еді? Бізді шайнап салып жүрген еді. Жас үлкендігімен, әрине.
Басталды ойын. Голдар кезектесіп кетіп жатыр. Олардың бәрі ірі, тек негізгі ойыншысы Валера деген аласа палуан ғана біздей. Бізден де аласа ма деймін. Алайда, рухымызды алып қойған ғой алдында, күшік кезден талап. Оларда Шаттық деген Әділдің туысқан ағасы қорғаныста, қазір ҚТЖ жақта қызметтегі кісі.
3:4 болды есеп. Оң жақтан Онжан ұшып келеді. Сол жақтан пас сұрап ақырдым. Бәрі жылдам, секундтарда орын алды. Қатты соққы келді пас болып, аяқты қойып қақпаның бергі бұрышын көздеп үлгердім. Қорғаушы да жағаласа берді. Бәрі қыл үстінде еді. Доп сүңгіп кетті. 4-4.
Бір-екі ойыншылар ауысып үлгеріп жатыр. Тағы бірнеше шабуылға араластым, гол пастарын тастадым. Өзгелер менен де көбірек тиімділікке ие болған шығар. Себебі, Жанболат ағай ысқырық шалғанда, есеп 8-8 болатын.
Қазір ой келеді, қорғаныс мүлдем болмаған ба деп? Алайда, олай емес, кәдімгідей сауатты қорғаныс болды, тек шабуыл салтанат құрған күн секілді дәл ол күн.
Пенальти. Мен тебушілер қатарынанмын. Алайда алғаш боп соққы жасауға жүрек дауаламады. Соңғы жағына қалдым. Бізден Ринат феерия жасады. Алдында да қақпаны сақтап еді көп мәрте.
Әділ салды. Техникамен. Бұрышқа. Онжан салды. Қатты. Қатаң. Аяғында жатыр екен күш.
Маған пенальти соққысы жеткен жоқ. 8-8, п 2-0. Жеңіс!
Қуанғанымыз-ай! Ол кезде бір жас айырмашылығы да білінуші еді. Ал мұнда бір әлем кубогін ұтқандай болдық. Жапырақ диплом үшін жыртылған балапан шағымыз-ай!
Кешке финалистер келді. Осы көктемде түлек болады ғой, реті, жеңіс солардікі еді негізі. Валера «лібәәә, біз скоры бітіреміз ғо нақ, бізбен нормальны ойнасаңдар болады ғо» дейді.  Ұрған жоқ әйтеуір.
Қанша жыл өтті, осы сәттер есімде қалыпты. Балалық шағымның мундиалі.
MERmukhanov

Қазақтың баласы

    Ұқсас посттар

    14 пікір

    MERmukhanov
    Қызық естелік негізі, еміс-еміс есмімде қапты.  Суреттің материалға тікелей қатысы жоқ.
    Dana
    кай интернатта окыдыныз
    MERmukhanov
    Мақсот Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балалар мектеп-интернаты
    Dana
    ммм, дипломымды колыма алсам, балалар уйі немесе арнайы интернаттарда жумыс жасасам деп максат коятынмын. Мине, казир максатыма да кол жеткиздим, Алматы каласындағы И.Нүсіпбаева атындағы мектеп-интернатында жұмыс жасап келемин. Мұнда оқитын оқушылар мүлдем бөлек. Өз бетинше омир суруге биим, табанды, ұйымшыл, бир бирине камкор, ен бастысы адамдык касиеттерди жогары кояды. Сондықтан болар, мен интернат тулектерин курмет тутам.
    Dana
    жалпы мен интернат окушыларына катты кызыгамын, мейирмди, тату, уйымшыл, бир бирине камкор болады гой.
    25021192
    меніңде оқыған мектебім, сол интернаттардың бірі еді, шіркін!
    Соңғы түзету:
    zholantai
    Бір жыл өтті, біз 8 сыныптың серкесіміз.

    осы «серке» деген сөзді адамдарға, адамдарға болғанда да адамдарды әсірелеп көрсету үшін теңеу ретінде пайдалануды қолдамаймын, серке деген піштірілген теке ғой, әрине түсініктер бар, қойды серке бастайды. серкесіз қой жоқ, т.б бірақ серке сөзі көп ретте піштірілген текеге қатысты қолданылады,
    MERmukhanov
     Серке Қожамқұлов негодует.
    Енді тілде тәуір мағынасында қолданатын шығар, алайда айтқаныңның жаны бар. Піштіру мен сүндетке отырғызуды бір деп ойлайтындар да бар ғой
    asaubota
    мен 11 оқып жүрген кезде 7-сыныпқа жеңіле алатын лузерлер командасында едім
    Aldeken
    мен 11 оқып жүрген кезде 7-сыныпқа жеңіле алатын лузерлер командасында едім
    тек сол 7-сыныптың оқушылары өзіңмен пәшти құрдас екені көңіліңе медеу болған шығар, ия, вундеркинд, лібә))))))))))
    MERmukhanov

    пы.сы. Дарында 1-2 жыл оқып, қашты ғо лицейге бұл быратан
    asaubota
    маған держава үшін обидно ед та, брат
    bizbike
    Сізден жақсы комментатор шығатын еді де.
    Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.