Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы

  • Автор
Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Жиырмасыншы ғасырдың арғы-бергі кезеңдерінде түсірілген үлкенді-кішілі «Мумияларды» білесіз бе, жоқ па — ол жағынан хабарым жоқ, бірақ 1999 жылы жарық көрген, кейінірек екі сиквелге, бір приквелге һәм мультсериалға ұласқан «Мумия» жайында естігеніңіз анық. Әйтеуір, жоқ дегенде Арнольд Вослу ойнаған тірі өлік есіңізде бар шығар.

Universal Pictures басшылығы шым-шытырық оқиғалар мен суперқаһармандар жаулап алған кинематографқа жаңа "әулетті" әкеліп тықты. «Франкенштейн», «Франкенштейннің қалыңдығы», «Дракула», "Қасқыр-адам", "Қара лагунадан шыққан мақұлық", «Көрінбейтін адам» және осы «Мумия» секілді студияның классикалық хоррор-кейіпкерлері кіретін бұл жоба «Түнек әлем» деп аталады.

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Студия «Түнек әлемнің» алғашқы фильмі ретінде 2014 жылы «Дракуланы» көрсеткісі келген болатын, алайда кейінірек оны бөлек жоба етіп, циклді «Мумиядан» бастауды шешіпті. Екі туындыны да көрген адам ретінде олары дұрыс болған екен деп отырмын.

Осындай арқалаған ауыр жауапкершілігі бар, DC мен Марвелдің сансыз кейіпкерлерін санап, шатаса бастаған көрерменді мүлдем жаңа ғаламмен таныстырмақшы болған «Мумия» осы аптада Қазақстанның прокатына шықты.

Жылдың басты фильмдерінің бірі саналған бұл ремейк, менің ойымша, сәтті шыққан жазғы блокбастерлердің біріне айналуы тиіс. Ұлы дүние күтудің қажеті жоқ, әлбетте. Драйв, экшн, үрей, флешбектердегі Аманет ханшайымның сұлулығы мен археолог әйелді ойнаған Аннабелль Уоллистің сүйкімділігі, бірді-екілі сәтті әзіл — әдемі аттракцион.

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Арнайы әсерін айтып, талдап жатпайын. Үлкен студия бұл қиындық туғызбауы керек. Сюжеті де қарапайым. Дәл қазір қызығы — актерлер.

«Ел жатса да, енекем жатпайды» деген жұмбақтың жауабына келетін, сай-файы бар, экшны бар түрлі жобалардың тұрақты қонағы Том Круз мұнда бас рөлге ие. Ник Мортон дейтін арамзалау, ақымақтау, жалдамалы әскер болып жүріп, барған елінің тарихи құндылықтарын үптеп кетуге тырысатын кейіпкерді ойнайды. Жанында тарихи құпияларды жаны сүйетін, Ежелгі Египетті зерттейтін Дженни Холси есімді археолог болады. Бұл екеуі туралы мақтап яки даттап әлдене дей қою қиын, өздеріне берілген міндеттерді белгілі бір деңгейде орындап шыққан.

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Жеке ойым, фильмнің ең әсерлі жері — Аманет ханшайым туралы, оның өткенін суреттейтін сәттер, құр сүйегі қалған мумиядан бұрынғы бейнесіне оралатын жерін көрсететін кадрлар. Тегі алжирлік София Бутелла «Кингсманда» көрген жерімнен ұнап еді, «Мумиядан» кейін болашағанынан үміт ететін сүйікті актрисама айналды.

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Аманеттен кейінгі тамаша — Рассел Кроудың ойнауындағы доктор Генри Джекил. Құбыжықтарға қарсы күресетін құпия ұйымның басшысы генри Джекилдің өзі — монстр. Бұл кейіпкер туралы керемет туындылар алды әдебиетте, қала берді кинода бар, гуглдатып көруге кеңес беремін.

Юниверсалдың жаңа әлемінен үлкен үміт күтемін. «Dark Universe» жаһандық әдебиеттің классикалық шығармаларындағы кейіпкерлерден тұрады — бұл ересек аудиторияның жанына жағады деп ойлаймын. Жоғарыдағы Том Круз бен Рассел Кроу, одан бөлек Джонни Деп пен Хавьер Бардемм бар әлем жаман болмауы тиіс.


qisyq

Саусағымыз қисық болса да, ниетіміз түзу болсын.

Ұқсас посттар

4 пікір

RaymbekEgemberdiev
Джонни Деп қай кинода ойнайды?
MERmukhanov
Пираттарда, әрине.
zholantai
Бүгін Жанерке осы фильмнің трейлерін көрсетіп, «барайық» деп еді. Аноу Аманет ханшайымың үшін баруға болатындай екен :)
MERmukhanov
Қарап тастадым.
Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.