Arular.kz

Менің достарымның назарынан тыс қалған күшті сериалдар

Жора-жолдастармен кездесе қалып, сериал туралы әңгіме бола қалса — әркім өз сүйіктісін айта жөнеледі емес пе? Мен де сөйтейін дедім (реалда өзеуреп сөз бермейсіңдер ғой, сондықтан осы жерге жазайын жақсылап). Неге күшті сериалдарды мен ғана көре беруім керек, достарым дауылбай құсап нашар телешоуларға мәз болып қашанғы жүре береді деген ізгілеу ниет қой, баяғы :D

11.22.63

Киностан: Менің достарымның назарынан тыс қалған күшті сериалдар8 эпизодтан тұратын фантастикалық мини-сериал. Стивен Кингтің аттас романына негізделген.

Сюжетте Джейк Эппинг есімді мұғалім туралы баяндалады. Әйелінен ажырасып, көңіл-күйі болмай жүрген кезде, күн сайын тамақтанатын дәмхананың иесі бір құпияны ашады: оның шолананда өткен шаққа апаратын қуыс бар. Бір ерекшелігі — уақытты да, жерді де таңдай алмайсың, қашан кірсең де тек 1958 жылдың 9 қыркүйегіне ғана тап боласың. Тағы бір ерекшелігі — өткен шақта қанша жыл өткізсең де, қайтып оралғанда қазіргі шақта 2 минут қана өтеді. Яғни, сағат 12:00-де аттанған болсаң, қартайып бүкіл өміріңді өткізіп келсең де өзіңнің заманыңды сағат 12:02 -ні көрсетіп тұрады. Үшінші ерекшелігі — әрбір саяхатың бұрынғы саяхатыңды «нөлдетіп» жібереді. Яғни, өткен шақты күрделі өзгерістерге ұшыратып келдім делік: тиісті адамдарыңызды құтқардыңыз, жаман адамдардың көзін құрттыңыз, болашаққа кері әсерін тигезген оқиғалардың алдын алдыңыз, сөйтіп ерекше мақтанышпен өз уақытыңызға оралдыңыз. Кенет тағы да сапарлағыз келіп кетті де, жаңағы қуысқа кіріп кеттіңіз делік. Сол кезде осыған дейін істегендеріңіздің барлығы жойылады. Бәрін басынан бастау керек болады.

Қысқаша айтқанда, дәмхана қожайыны Джейкке өтініш жасайды — ол бастаған істі жалғастыру. Дәмхана иесі бірнеше жылын өткен шақта өткізіп, президент Джон Кеннеди өлімінің алдын алмақ болған екен. Президентке оқ атқан адамды да анықтаған. Тек сол оқиғаны болғызбау керек. Мұғалім келісім береді.

Басты рөлді Джеймс Франко сомдайды.

*****

Ұятсыздар | Shameless

Киностан: Менің достарымның назарынан тыс қалған күшті сериалдарБритандық сериалға негізделген америкалық ремейк. Бірақ білетіндердің айтуынша — түпнұсқадан да керемет болып шыққан. Бұны нақты бір жанрға байлап қою қиын, жылатарлық сәттері де, шек сілеңді қатыратын тұстары да бар. Нағыз ересектерге арналған сериал дер едім, өйткені цензурасыз түсірілген өнімдердің бірі.

Негізгі оқиға Галлагерлер отбасының төңірегінде өрбиді. Осылардың арқасында Американы басқа қырынан танисыз — зәулім ғимараттар жоқ, кинодағыдай штампттар болмайды. Кір-қожалақ, лас, азғын, жарлы Америка. Чикагоның жерүйлерінде тұрып жатқан халықтың өмірі. Өз басым, осы сериалдан кейін Голливуд салып кеткен көптеген стереотиптерден арылдым.

Фрэнк деген алқаш, нашақор әке бар. Әйелі басқа біреумен кетіп қалған. Алты баланы асырап отыр. Асырап отыр деген жай сөз ғана, негізінде олардың бәріне баяғыда еменнің үлкен бұтағын қойған. Бар ауыртпалық 23 жасар үлкен қыздың мойнында. Тағдырдың тауқыметін қанша тартса да, балалар өмірден тыс қалмауға тырысады, ауыр тұрмыстарына қарамастан түрлі қызықтарды бастан бастан өткізеді. Кейіпкерлер саналуан және әрқайсысы жеке әлем, сондықтан әрбір персонажға жеке сериал түсіруге болатын шығар.

Сериал 2011 жылдан бері көрсетіліп келе жатыр. Қазірше 6 маусымы бар, жетіншісі келесі жылы шығады.

*****

Біртүрлі жағдайлар | Stranger Things

Киностан: Менің достарымның назарынан тыс қалған күшті сериалдарСериалды жасаушы Росс Даффер және Мэтт Даффер есімді егіз мамандар "ұзақ кино" түсіруді мақсат еткен екен. Шынымен де кино көріп отырғандай әсерде боласыз: 80 жылдардың атмосферасы, оператор мен композитордың керемет жұмысы, т.б. детальдар сериалдың алғашқы минутынан-ақ баурап алады.

Көптеген танымал кино мамандары бұны тіпті феномен деп бағалап жатыр. Әсіресе, Вайнона Райдердің шеберлігі ерекше аталуда.

Ағайынды режиссерлер фильмге сценарий жазу барысында Спилбергтің, Карпентер мен Крэйвеннің жұмыстарынан шабыт алғандарын жасырмайды. Стивен Кингтің де шығармаларын оқып шығыпты.

Оқиға 1983 жылы Хокинс деген қалашықта орын алады. Достарымен қараңғы түскенше ойнап қалған бала үйге қайтар жолда із-түссіз жоғалып кетеді. Тергеу жүргізген полиция оны өлдіге санайды. Ал түрлі тылсым құбылыстарға мән берген анасы қайғылы оқиғаның растығына сенгісі келмейді. Баланың достары тіпті өз тергеулерін жүргізеді.

Бастапқыда 8 эпизодты мини-сериал деп жарияланған болатын. Бірақ финалдағы сюжет әрі қарай дамытуға мүмкіндік бергендіктен, оның үстіне жобаның үлкен танымалдығы екінші маусымға жол ашып беріп отыр.

*****

Картадан тұрғызылған үй | House of Cards

Киностан: Менің достарымның назарынан тыс қалған күшті сериалдарСаясатты ұнататындар үшін тамаша туынды :). Ұнатпайтындарды да жалықтырмайды деп ойлаймын. Саяси драмада басты рөлдерде Америка киносының алыптары — Кевин Спейси мен Робин Райт ойнайды.

Оқиғалардан шынайы тұлғаларға ұқсастықтар іздемей-ақ қойыңыз. Сериал АҚШ-тың Ақ үйі төңірегіндегі оқиғаларды суреттейді демесеңіз, тұлғалар да, сюжеттік желі де ойдан құрастырылған, идеясы ВВС-дің аттас сериалынан алынған.

Сюжат жайлы қысқаша: Демократиялық партияның конгрессмені, қолынан іс келетін Фрэнк Андервудқа ерекше ұсыныс түскен еді: ол Гаррет Уокерге президент болуға көмектеседі, соның сайлауалды кампаниясына қызмет етіп, ұйымдастыру шараларымен айналысады, ақысына ертең Уокер президенттікке сайланған соң Андервудқа Мемлекеттік хатшы қызметі берілуі тиіс болатын. Бірақ Гаррет президент болғаннан кейін уәдесін ұмытып кетеді. Ашуға булыққан Фрэнк президентті орнынан кетіруге уәде береді. Әрине жария түрде емес — өз-өзіне. Бұл үшін оның бойында барлық алғышарттар бар еді — ол ақылды, алдын болжағыш стратег, адамның ішіндегісін ұғатын айлакер, жеке пайдасы үшін тайынбайтын сұм адам. Әйелі де өзіне сай азулы қаншық. Сөйтіп екеуі билік үшін астыртын жоспарларын іске асыруға көшеді.

Сериалда ерлі-зайыпты саясаткерлердің жеке амбициялары ғана көрсетіліп қоймай, Американың ішкі және сыртқы саясатына, саяси тұлғалар арасындағы интригалар мен бәсекеге, түрле шиеленістерге мән беріледі.

2013 жылдан бері 4 маусымы көрсетілді. Бесіншісі 2017 жылы шығады.

*****

Marvel мен Netflix бірлестігінің суперқаһармандарға арналған сериалдар легі

Киностан: Менің достарымның назарынан тыс қалған күшті сериалдарМарвелдің кино әлемінен әзірге орын таба алмаған, бірақ көңіл бөлуге тұрарлық төрт қаһарманына сериал жасау туралы шешім қабылданады. Сөйтіп Marvel мен Netflix арасында мәміле жасалады. Келісімге сәйкес: Daredevil, Jessica Jones, Luke Cage және Iron Fist есімді төрт персонажға арналған төрт бөлек сериал, сонымен қатар осы төртеуінің басын біріктіретін тағы бір кроссовер-сериал түсірілуде.

Қазір бастапқы екеуіне арналған тележобалар жарық көріп үлгерді. Қалған екеуіне арналған жобалар және бәрін біріктіретін кроссовер енді шығады. Бір қызығы — аталған қаһармандар Кек алушылар әлемінде өмір сүреді, сериалда тіпті олар туралы да бір-екі ауыз айтылып кетеді. Төртеуі де бір қалада өмір сүреді және бір-бірін таниды.

1. Басбұзар / Daredevil
2015 жылдан бастап шықты. Екі маусымы көрсетілді, үшінші маусымына тапсырыс берілді. Ол аз десеңіз — осы сериалдың жоспардан тыс тағы бір спин-оффы туралы айтылып жатыр. Сериалда көрсетілген Жазалаушы (The Punisher) деген антиқаһарман көрермендер арасында ерекше танымал болғаны сонша, ол туралы бөлек жоба түсіруге шешім қабылданыпты.
Басбұзар, яғни Мэтт Мердок бала кезінде қайғылы оқиғадан кейін көзі көрмей қалады, есесіне басқа сезу мүшелерінің жұмысы бірнеше есеге артады. Күндіз ол — қарапайым адвокат, түнде қылмыспен күресуші.

2. Джессика Джонс / Jessica Jones
2015 жылы шықты. Бір маусымы көрсетілді, екіншісі әзірленіп жатыр. Джессиканың ерекше қасиеттері: биікке секіре алады, күші көп, машиналарды оп-оңай көтеріп жүре береді. Жекеменшік детектив ретінде түрлі қылмыстарды тергейді.

3. Люк Кейдж / Luke Cage
Алғашқы маусымы биыл 30 қыркүйектен бастап көрсетіледі. Бір эксперименттің нәтижесінде ерекше қасиетке ие болған. Оған оқ дарымайды, соққы батпайды, терісіне зақым келмейді. Бұның да күші көп. Комикс бойынша Джессика Джонстың күйеуі.

4. Темір жұдырық / Iron Fist
2017 жылдан бастап көрсетіледі. Кунг-фуді жетік меңгерген қаһарман. Мистикалық күшке ие.

5. Қорғаушылар / The Defenders
Жоғарыда аталған төрт кейіпкерді біріктіретін жоба. 2017 жылы шығуы тиіс.
" data-width="600" data-numposts="5">

4 пікір

avatar
Ұятсыздардың 1 маусымынан кейін 2-сі ұнамай қалды. тастап кеттім. Миллиардтарды қарап жүрмін
avatar
Ұнамағаны қызық екен.
avatar
маған негізі ана жаман қыз қосылғаннан кейін ұнамай қалды :)
avatar
карточный домикті ғана көргенмін

Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.