Анар Мұстафина: Қазақ интернетін дамытуға азды-көпті үлес қосқаным анық

  • Автор
Ақзерені таныстырудың қажеті жоқ шығар. Мынау, «Нұр Астана» газетіне шыққан сұхбаты.

– Анар, блог ұғымын қалай түсіндірер едің? Блогшы қандай болуы керек?


– Жалпы былай қарастырсақ, блог – бұл онлайн-күнделік. Бұрын адамдар ішкі ойлары мен толғандыратын сұрақтарын қағаз бетіне түсірсе, қазір блогқа жазады. Ал сол жазбаларын танымайтын адамдар оқып, оған пікір білдіріп, қолдау көрсетсе ол тіптен қызық бола түспек. Блог тақырыптарының аясы тек жеке өмір қызығушылықтарымен шектеліп қалмай, әлеуметтік, саяси тақырыптарды да талқыға салып, олардың шешімін табу да блог ұғымының тынысын кеңейтеді. Өйткені Интернет шексіз, сіздің жазғаныңызды құзырлы органдар да оқып отыруы әбден мүмкін. Ал қазақ тілді блогосфераның бұдан басқа тағы бір міндеті бар, ол қандай тақырыпта блог жүргізсе де, интернетте қазақ тілін насихаттау, дамыту.

– Блогингті азаматтық журналистикаға теңеп жатамыз. Қазір блогерлер арасында журналист секілді зерттеу жүргізетіндері бар ма?

– Бар. Бірақ аз. Осыдан екі жыл бұрын ғой деймін, «Азаттық Радиосы» «Блогстан» деген атпен ауқымды тақырыптарды талқылаған блогшылардың жазбаларын жинақтап, кітап шығарған болатын. Қазір аталмыш сайтта «Блогстан» айдарында көлемді жазбалар жинақталып, жарияланып тұрады. Алайда, біздің қоғам жалпы жеңіл-желпі жазбаларға құмар. Сол себепті танымалдылығы жағынан төмен болып жатады.

– Блог жазуға әркімнің құмартуы интернеттегі қазақ тілінің шұбарлануына алып келмей ме?

– Ешкім іштей біліп тумайды. Бастапқыда адамдар неден бастарын, не жазарын білмей, бір-екі ауыз сөзбен бастап, тек сурет қоя салып, соны блог деп есептеп жүреді. Ал, кейін жан-жағына қарап, блогтың қыр-сырын үйрене бастаған кезде сауатты жазуға, ауқымды тақырыптар көтеруге, қызықты оқиғалар жазуға тырысады. Орыс интернетін алып қарасақ, «слэнг» сөздер өте көп және қолданысы да кең, соған қарамастан са-уатты жазатын интернет қолданушылар басым. Жалпы мұндай дертке шалдықпаймыз деген ойдамын.

– Бұрынғы блогтарың әлі «тірі» ме? Қазір жүргізесің бе?

– Ең алғашқы блогым «Ақын. Періште. Махаббат» деген тақырыппен wordpress блогтұғырында akzere.wordpress.com адресінде ашылған болатын. Кейін оны «Жасыл қырат жақта» деген тақырыпқа ауыс-тырып, akzere.dosym.kz доменіне ауыстырдым. Және алғашқы блогымды махаббат өлеңдеріне арнап, қазақ ақындарының біраз өлеңдерін жарияладым. Қазір іздеу жүйесі бойынша кіріп, оқып тұратындар баршылық. Алайда қазір бұрынғыдай белсенді түрде жаңартып тұрамын деп айта алмаймын.


– Блог жүргізуге құмарлық қашан және қалай оянды?

– Интернетке қол жетімділік, бос уақыт пен қызығушылықтан пайда болды. Жастарға не қызық? Әлбетте, махаббат тақырыптары, суреттері, қанатты сөздер, афоризмдер, әдемі ойлар, өлеңдер және т.с.с. Мен осы тақырыптарда қазақша жаздым, сәйкесінше оқырман арасында қызығушылық туды.

– Жаңа блог бастаушыға қандай кеңес айта аласың?

– Қорықпай, бастай беру керек. Ішкі ойыңмен бөліс, салған, түсірген суреттеріңді жарияла, жаза бер. Басқалардың да блогтарын оқып, пікір білдір. Ең бастысы, маған ешкім пікір жазбады деп қапаланбау керек. Оқырман табылады, ол пікір жазбауы мүмкін, бірақ тақырыптың оқылып жатқандығына шүбә болмасын.

– Блогқа жазба жазар алдында қалай дайындаласың?

– Бұрынғы кезде бір тақырыпты ұзақ ойланып жүретінмін. Неден бастаймын, қалай аяқтаймын, тағы не қоссам болады деген сияқты ойлар маза бермейтін. Сөйтіп, 2-3 күндей «толғатып» жазба жазатынмын.

– Блог жүргізуді қанша жасқа дейін жалғастырмақсың?

– Шын айтсам, білмеймін. Әзірге Интернетсіз өмірімді елестете алмаймын. Отбасылы болып жатсам, ayshikmama.blogspot.com/ сияқты бала тәрбиесіне қатысты блог жүргізсем деп ойлап қоямын, ал кейде aspazdik.wordpress.com/ сияқты жасаған тағамдарым туралы блог бастасам деп ойлаймын. Бәрін уақыт көрсетер.

– Массагет қандай сайт?

– Массагет – қазақ жастарына арналған ойын-сауықтық портал. Жастардың білімін арттыруға, интернетте отырған бос уақытын тиімді өткізуіне арналған. Қазіргі таңда ауыл-аймақтарда интернет дамып келеді, ал сол қазақ балаларының оқуына, білім алуына қазақ интернетінде қазақша сайттар аз. Міне, сол бос кеңістікті толтырайық деген мақсатпен қазақша портал аштық. Біздің портал арқылы жастар қазақ тілінде ақпараттар оқып, оны өмірінде тиімді пайдаланып, болашағына үлкен септігін тигізіп жатса біз тек қуанамыз.

– Интернетсіз әлемді елестету мүмкін бе?

– Мүмкін емес. Керісінше, Интернет бұдан екі есе дамиды деген ойдамын. Өйткені техниканың дамуымен біраз уақыттан кейін смартфондар қолжетімді бола бастайды. Ал сол смартфондар интернетке енуді тіптен оңайлатпақ.


– Блог жүргізбегенде кім болар едің?

– Блогқа қызығушылығым газет беттеушісі болып жұмыс істеп жүргенде пайда болды. Кейін Жаңа Медиа саласында жұмыс істеуге шақырту алып, басқа салаға ауыстым. Сондықтан, газет беттеушісі болып жұмыс істеп жүре берер едім деп ойлаймын.

– Күніне уақытыңның қанша бөлігін әлеуметтік желілерге арнайсың?

– Әлеуметтік желілерге көп уақытымды арнаймын. Өйткені әлеуметтік желілерде адамдар көп отырады, көптеген тақырыптар қозғалады, көп мағлұмат аласың. Екіншіден, ақпарат таратуда өзің де үлес қосасың.

– Қай әлеуметтік желіні көп қолданасың және неге?

– Facebook әлеуметтік желісін көп қолданамын, өйткені қазақша білімді орта қалыптасқан деп санаймын, ауқымды тақырыптар талқыланады, талқылауға өзің де атсалысасың. Ал «Вконтакте» желісін кейде көңіл көтеру үшін қолданамын. Миға аса салмақ салмайтын қызықты топтарды оқуға тиімді желі.

– Жастардың агентте көп отыруына қалай қарайсың?

– Агент «ауруымен» екінің бірі ауырып шығады-ау деймін. Бұрын біз де агенттен шықпай, күні-түні мекендейтінбіз. Кейін қызығушылық басылып қалады. Сол сияқты, бұл уақытша қызығушылық деп ойлаймын. Алайда, агенттің қызығына кіріп кетемін деп оқу, сабақты ұмытуға болмайды.

– Кейінгі кезде пайда болған «виртуалды махаббат» деген ұғымға қалай қарайсың? Виртуалды махаббат болуы мүмкін бе?

– Бұл қалыпты жайт. Интернетте жүргендердің екіден бірі осы виртаулды махаббатты бастан кешіретін шығар. Алайда бұл отбасылық адамдардың өміріне кері әсер етіп жататын оқиғалар аз емес. Виртуалды махаббат былайғы өмірде жалғасын тауып, жастардың бір-бірін табуына ықпал етуі мүмкін, сонымен қатар кесірін де тигізуі мүмкін. Менің жақсы көретін бір мақалым бар «Қасқырдан қорықсаң, орманға барма» деген. Сол себепті, барлығы адамның өз қолында.

– Қазақ блогосферасы саған не берді және сен қазақ блогосферасына не бердің?

– Әу баста мен осылай қазақ блогосферасына үлесімді қосамын, қазақ интернетін дамытамын деген ой болған жоқ. Жай ғана қызықтым да, жаздым. Кейін менің жазғандарым жастар арасында қызық болып, оқырмандар көп болды. Осы тұрғыда қазақ блогосферасына үлес қосқаныма ризамын. Ал, қазақ блогосферасы маған көп нәрсе берді. Оған рахметтен басқа айтарым жоқ.

– Неліктен «Ақзере» нигін таңдадың?

– Жай ғана осы ат есіме келе қалды. Ол кейін солай танымал болып кетеді деп еш ойлаған жоқпын. Бастапқыда инкогнито болып жүруді ойлаған болатынмын.

– Кімдердің блогы ұнайды? Кімдерді оқып тұрасың?

– Қызық деген тақырыптардың барлығын оқып тұрамын. Әлеуметтік желілерде, твиттерде ұсынылған сілтемелер бойынша кіріп, оқып тұрамын.

– Әңгімеңе рахмет!

Сурет Екпіннен және Ақзеренің беткітабынан алынды. Тұпнұсқа
konvict

Флуд жасау ісінің шебері!

Ұқсас посттар

19 пікір

asaubota
тақырып пафос!
konvict
Мүмкін. бастықтар өзгертіп жіберіпті. Алайда, маңызы болған қазақ блогшысының газетке шығуы ғой. Сіз, Аршат аға, интернетке жақын болғасын елдің бәрі қазақ блогын оқу керек, бәрін тану керек деп ойлайсыз. Мэйл.руды сайт деп ойлайтындар, гуглға "қазақ тілі туралы реферат" деп іздейтіндер әлі көп. Оларға осындай мақалалар керек қой. Тіпті, пафос, жаттанды сұрақтар болса да. Оқырман деңгейімен санасу керек қой. Біздікі форбс немесе уолл стриит жорнал емес.
pessemist
mail.ru — сайт, google-дан қазақша реферат іздеуге болады
Onlasyn
Автор электронды поштаны айтқысы келген шығар
TOTY
ООООооо, Ақзеренің блогы кезіндеее қазақ блогосферасының жарық жұлдызының бірі болды десе артық емес. Әр жазбасын асығып тосатыным әлі есімде  Айналдым сенен, Ақзере!
Gulistan
Суреттер керемет сапалы!!!
meirzhan
Клавиатураң шаң баспасын!
satibaldi
– Анар, блог ұғымын қалай түсіндірер едің?
Гагарин жұрт көрген сайын сұрайтын «Космоста күшті ме, а?» дейтін сұрақтан зайып алып, ішіп кетті деп естіп едім, Akzere, түсінем сені
konvict
Ақзере туралы жазбаны флудтасаң… Қайдам… Махаббатыңдыссс
Daniar-Alan
мәдес Абай. негізі блогшыларды осылай жарнамалай беру керек. пүлістедім.
Armanjan
Өйткені Интернет шексіз, сіздің жазғаныңызды құзырлы органдар да оқып отыруы әбден мүмкін.
мүмкін, мүмкін. Ал енді қыркүйектің соңынан бастап мүлдем солай болғалы жатыр.
Daniar-Alan
қой? естімеппін… мына заманға зар боламыз десеңЧ…
Armanjan
Алдағы қыркүйекте Павлодарда екі елдің президенттерінің (қазақстан-ресей) қатысуымен ЦОД (Центр обработки данных) ашылайын деватыр. Бұл ТМД көлемінде теңдесі жоқ орталық болады екен. Барлық ақпарат сол жерден өңделед деп шулаватыр жұрт.
Daniar-Alan
ооо әкессс… ақпараттың бәрі орыстың қолында болады десейШшш…
asaubota
қазақ тіліндегі ақпаратты барынша әдемі тілмен, бай тілмен жазуға тырысайық. ақпарат тексерушілер де қиналсын, үйренсің әкессс
Janasil
Қилызаманнан сабақ алу керек ау.
ken
Алдағы қыркүйекте Павлодарда екі елдің президенттерінің (қазақстан-ресей) қатысуымен ЦОД (Центр обработки данных) ашылайын деватыр. Бұл ТМД көлемінде теңдесі жоқ орталық болады екен. Барлық ақпарат сол жерден өңделед деп шулаватыр жұрт.
Сонымен ашылды ма? Жұмыс істеп тұр ма?
Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.