Алдағы үш жылда Астана сәулет және қала құрылысы басқармасына 2,6 млрд теңге бөлінбек

  • Автор
Астана жаңалықтары: Алдағы үш жылда Астана сәулет және қала құрылысы басқармасына 2,6 млрд теңге бөлінбек

Астана қаласы маслихатының бюджет, экономика және өнеркәсіп мәселелері жөніндегі комиссиясының отырысы барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерғали Егемберді Сәулет және қала құрылысы, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп, Инвестициялар және даму басқармаларының 2018 – 2020 жылдарға арналған бюджет жобаларымен таныстырды деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Астана қаласы маслихатының бюджет, экономика және өнеркәсіп мәселелері жөніндегі комиссиясының отырысы барысында қаралған бюджет жобасында көрсетілгендей, 2018-2020 жылдары елорданың Сәулет және қала құрылысы басқармасына 2,6 млрд теңге бөлінеді деп жоспарлануда. Қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерғали Егембердінің мәліметінше, аталмыш қаражаттың 2,2 млрд теңгесі елді-мекендер құрылысының бас жоспарын әзірлеуге, 4,8 млн теңгесі мемлекеттік органдардың капиталды шығындарына жұмсалатын болады.

«Сәулет және қала құрылысы басқармасына бөлінетін қаржының 820 млн теңгесі 2018 жылға қарастырылған. Оның ішінде, алдымыздағы жылы қаланың 3 әкімшілік ауданындағы 129 сектор бойынша жете жоспарлардың жобасын кезең-кезеңімен әзірлеу жұмыстарына, жобалауды есепке алу және құрылыс нысандарының жете жоспарлауының Бас жобасын жобалауды мониторингілеу, кезекшілік жоспарды жүргізу және мәліметтерді беру жұмыстарына 674 млн теңге бөлінеді. Сондай-ақ, 2018 жылы мемлекеттік органдардың капиталды шығындарына Сәулет және қала құрылысы басқармасына 1,5 млн теңге бөлу көзделген», — деп атап өтті Ерғали Егемберді.

Ведомство басшысы, сондай-ақ, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының 2018 – 2020 жылдарға арналған бюджет жобасы жайлы да айтып берді. Оның айтуына қарағанда, аталмыш басқармаға алдағы үш жылда 12 млрд теңге бөлінеді деп күтілуде. Қаражаттың негізгі бөлігі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлікті қолдау, осы бағдарлама шеңберінде берілетін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, шағын және орта бизнес өкілдеріне берілетін несиелерді жартылай кепілдендіру шараларына жұмсалады.

«2018 — 2020 жылдарға арналған бюджет жобасына сәйкес, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлікті қолдауға — 384 млн теңге, осы бағдарлама шеңберінде берілетін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға – 11 млрд теңге, шағын және орта бизнес өкілдеріне берілетін несиелерді жартылай кепілдендіруге – 774 млн. теңге қарастырылуда.

Мәселен, 2018 жылдың өзінде-ақ шағын кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік грантпен қамту үшін бюджеттен 128 млн. теңге бөлінбек. Өз ісін жаңа ғана бастап жатқан жас кәсіпкерлердің бизнес идеяларын жүзеге асыруы үшін оларға өтеусіз және қайтарымсыз негіздегі гранттар көптеп берілетін болады», — деп тоқталды Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.

Астана қаласының алдағы үш жылға арналған бюджет жобасында елорданың инновациялық тұрғыда дамуына және оның туристік әлеуетін арттыруға да қаражат қарастырылмай қойған жоқ. Аталмыш мақсаттарға 2018 – 2020 жылдары 10 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді деп жоспарланып отыр. Ерғали Егембердінің айтуынша, бұл ретте басымдық іскери оқиғалы туризмді дамытуға, туристерді көптеп тарту ісіне, мемлекеттік және жеке меншік әріптестік жобалары негізіндегі мемлекеттік міндеттерді орындау шараларына берілмек.

«Елордаға туристерді тарту үшін Астана қаласының MICE-индустриясын дамытуға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Жобалардың аясында бас қалаға түрлі іскерлік шаралардың (конгресстер, форумдар, конференциялар, көрмелер және т.б.)ұйымдастырушылары тартылатын болады. Осылайша, жаяу жүргіншілерге арналған бірыңғай бағдарлау жүйесінің элементтеріне қызмет көрсету жұмыстарына, оларды сырттан келген қонақтар арасында тарату жұмыстарына туристік сайтты, «Welcome to Astana» инетернет-аккаунттарын және мобильді қосымшаны жүргізу ісіне шығындар қарастырылатын болады», — деп атап өтті Ерғали Егемберді.

Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласын дамыту бағдарламасы бойынша жалпы өңірлік өнімнің өсу қарқыны 2018 жылғы 4,1%-дан 2020 жылғы 7%-ға дейін өсетін болады. Осылайша, 2020 жылы елорданың жалпы өңірлік өнімінің көлемі 7,5 трлн. теңгеге жететін болады.
  • жоқ
  • 0
  • ?
  • 20

0 пікір

Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.