2020 жылға дейін елордадағы денсаулық сақтау саласын дамытуға 27 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді

  • Автор
Астана қаласы маслихатының бюджеттің әлеуметтік мәдени дамуы мәселелері жөніндегі комиссиясының отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерғали Егемберді Денсаулық сақтау, Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармаларының 2018-2020 жылдарға арналған бюджет жобаларын ұсынды деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Астана қаласы маслихатының бюджеттің әлеуметтік мәдени дамуы мәселелері жөніндегі комиссиясының отырысында белгілі болғандай, алдағы үш жылдық кезеңге денсаулық сақтау басқармасына 27,4 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 2018 жылы бұл салаға 9,5 млрд теңге бөлінеді деп жоспарлануда.

«2018 жылы денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының жалпы көлемі шамамен 28, 9 млрд теңгені құрамақ. Дәлірек айтқанда, сала қор есебінен де қаржыландырылатын болады. Бұл қаражаттың шамамен 19,5 млрд теңгесі дәрі-дәрмекке, скринингтік зерттеулерге, жедел жәрдеммен қамту қызметіне бағытталатын болады», — деп атап өтті Астана қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерғали Егемберді.

Оның айтуына қарағанда, ана мен баланы қорғау қызметтеріне алдағы үш жылға 1 млрд теңге, дәрі-дәрмекпен қамту шараларына 1,2 млрд теңге қарастырылып отыр. 2018 жылы аталмыш мақсаттарға 380 млн теңге бөлінеді деп күтілуде.

«2018 жылы бюджет қаражатының 320 млн теңгесі 100 орынға лайықталған мамандандырылған сәбилер үйі тәрбиеленушілерінің, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың күтіміне бағытталатын болады. 2018-2020 жылдарға арналған бюджет жобасына сәйкес, вакцинаны сатып алу және сақтау шараларына 455 млн теңге бөлінеді. Мәселен, 2018 жылы А гепатитіне қарсы 19 мың, тұмауға қарсы 18 мың вакцина сатылып алынбақ. Бұл мақсаттағы шығындардың көлемі 141 млн теңгені құрайтын болады», — деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.

Ерғали Егемберді, сондай-ақ, алдағы үш жылға арналған Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының да бюджет жоспарына тоқталып өтті. Оның келтірген мәліметтеріне сүйенсек, аталмыш басқармаға алдағы 3 жылдық кезеңге 30,7 млрд теңге қарастырылуда. Қаражат негізінен міндетті жәрдемақыларды, 18 жасқа толмаған балаларға жәрдемақыларды төлеуге, мүгедектер мен балаларды санаторлы курорттық еммен қамтуға, «Инватакси» қызметін дамытуға, қоғамдық көліктермен жеңілдік бойынша жүруге, Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға мерекелік датаға орай бірыңғай материалдық көмекпен қамтуға жұмсалмақ.
  • жоқ
  • 0
  • ?
  • 22

0 пікір

Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.