Арнайы техникаға арналған сынақ

Астана жаңалықтары: Арнайы техникаға арналған сынақ

Астана әкімі Әсет Исекешевке қысқы маусым алдында көшелерді тазалау шараларының барысы мен арнайы техниканың дайындық жағдайы баяндалды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Елордада тазалау жұмыстарын екі мердігер ұйым жүзеге асырады. «Астана Тазалық» ЖШС-де қысқы маусымға арнайы техниканың 266 бірлігі, «Астана-Зеленстрой» АҚ-да 205 бірлігі дайын. Бұдан басқа, қыс мезгілінде «Алматы» ауданында техниканың 468 бірлігі, «Есіл» ауданында 487 бірлігі және «Сарыарқа» ауданында 414 бірлігі көшелерді жинауға әзір. Барлығы 1 840 бірлік.

Астана көшелері мен жолдарын 3 000-ға тарта жұмысшы тазаламақ.

Қазіргі таңда қалада пайда болған жаңа көшелер есепке алына отырып, қала жолдары мен көшелерін тазалау бағыттары, жұмыс тәртібі қайта қарастырылып жатыр. Қыс мезгілінде қаланың орталық көшелері мен Астананың әлеуметтік нысандарына кіретін жолдарға басымдық берілетін болады.

«Алдағы қысқы маусымға біз арнайы техниканы, тұз араластырылған құм қоспасының 27 мың куб метрін, көктайғаққа қарсы реагентті дайындап, аудандар бойынша маршруттарды анықтадық. «Есіл» ауданында 7 маршрут, «Алматы» ауданында 2 маршрут, «Сарыарқа» ауданында 5 маршрут бар. Сондай-ақ, қаладан шығу жолдарында және қалың қар жауып жатқан уақытта қолданылатын құмшашушы техниканың 27 бірлігі, 8 ротор бар. Мұнымен қоса, қарды ерітетін орындар келісіліп анықталды. Қалада мұндай 3 орын дайындалады. Олардың 2-уі стационарлық, 1-уі көшпелі орын», — деп мәлімдеді «Астана-Тазалық» ЖШС-нің бас директорының орынбасары Серік Жолымбетов.

Бұдан бөлек, Астанада тәулік бойы тұрғындардың тазалау жұмыстары мен қардан тазалау жұмыстары бойынша өтініштері қабылданатын кезекші «109» қызметі жұмыс істейді.
  • жоқ
  • 0
  • ?
  • 72

0 пікір

Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.