Астананы биік аттракционнан тамашалаймыз

  • Автор
Астанаға келген таныстарыңызды Бәйтерекке апарудан шаршадыңыз ба? Енді қаланың көрнекі жерлері жаңа бір нысанмен толығатын болды. Елорданың әдемі көріністерін ұшқан құс биіктігінен тамашалауға мүмкіндік беретін аттракцион Астана күніне орай ашылады. Ол Қазақстандағы ең биік аттракцион болады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.
Астана жаңалықтары: Астананы биік аттракционнан тамашалаймыз

Нысанның биіктігі 65 метр, бұл 22 қабатты ғимараттың биіктігімен бірдей. Салыстырмалы түрде алсақ, алматылық аттракционның биіктігі 60 метр. ТМД елдерінің ішінде ең биік айналмалы дөңгелек Мәскеуде орналасқан. Оның биіктігі 73 метр.

Жаңа «дөңгелектің» ауа баптағышпен әрі жылыту қондырғысы орнатылған 36 кабинасы бар. Бұл аттракционды жылдың кез келген мезгілінде қолдануға мүмкіндік береді деп жазылыпты Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында astana.gov.kz.

Нысанның құрылысы кезінде елорданың климаттық жағдайы ескерілді.

-Айналмалы аттракцион жел тармақтары тәртібі бойынша арнайы төрт бағанмен орнатылды. Аттракционда қыста – 15 градустан аспайтын аязда және секундына 20 метр жылдамдықтан аспайтын жел кезінде де серуендеуге болады, — деді нысанның құрылысымен айналысатын мердігер компания өкілі медиа орталықтың тілшісіне.

Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

0 пікір

Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.