Әкеме айтып қоймаңыз...

  • Автор

Олар өте бақытты отбасы болатын. Бірақ, бір күні анасы ауру себебінен сүйікті күйеуі және енді ғана үш жасқа толған сүйкімді қызын тастап, бұл дүниемен қоштасты. Сәби күн сайын әкесінен «Мамам қашан қайтып келеді?” деп сұрайтын. Ал әкесі қызын жұбатып, „Қызым, мамаң өте алыс бір жерге жұмысқа кетті” деп құшақтап ұйықтататын.
Сөйте жүріп, қызы алты жасқа шыққан жылы, әкесі мейірбан, ақкөңіл бір әйелмен танысады. Бір күні әкесі қызына: “Қызым, мамаң қайтып келетін болды. Сен мамаңның түрін ұмытып қалған жоқсың ба?” деп сұрады. Кішкене сәби ары ойланып, бері ойланып, басын шайқайды. Әке қызын аяп кетті әрі бір жағынан сәл де болса жеңілдеп қалғандай сезінді. Ол әлі де бала ғой.
Дәл сол сәтте есік ашылып, әлгі әйел кірді де құшағын кең жайып, қыздың есімін шақырады. Сәл таңырқап, жатырқап тұрған қызына әкесі: „Қызым, мамаңды танымадың ба? Тез “мама” деп шақыра ғой” депті. Сәби ақырын адымдай басып барып, „мама” деп құшақтай алады.
Кешкі астан соң, әйел қызға ілесіп, оның бөлмесіне кіреді. Екеуі көңілді әңгімелесіп отырғанда қыз: “Сіз менің мамам емессіз” дейді кенеттен. Әйел әрі тосырқап, әрі таңырқап қалды. Сәби қыз шошып қалған әйелдің қолынан ұстап, бәсең үнмен: „Менің мамам қайтыс болған. Мен оны атам мен әжемнің әңгімелерінен біліп алғанмын. Мұны тек атам, мен және әжем үшеуміз ғана білеміз. Әкем мен басқалар білмейді. Олар әлі күнге дейін мамамды тірі, алыс бір жерде жұмыс істеп жүр деп біледі”. Жылап жіберуге шақ қалып тұрған әйелдің құлағына сыбырлап: “Бұл екеуміздің ортамыздағы сыр болсын. Әкеме айтып қоймаңыз. Ол білсе, сөзсіз азаптанып, жылайды” дейді жаңа тапқан „анасын” құшақтап.
Бұл сәтте есік сыртында үнсіз тыңдап тұрған әкенің көз жасы көл болған еді…

Қайсар Қауымбек
aitaber.kz/blog/konil_ushin/4898.html

Ұқсас посттар

11 пікір

asaubota
тамаша әңгіме екен. негізі балалар біз ойлағаннан ақылды.
Abilakim
Жақсы, жеткізілуі оңай екен. Ия, балалар саналы ғой! Кейін ғой сол тұнықты улайтынымыз.
torgai
Керемет! Жетім қозы — тас бауыр. Маңырар да отығар деген халық даналығы рас-ау. Ерте көнген тағдырға. Аяғы жақсы болса болар.
JanGul
көзге жас ұялатар әңгіме екен…
torgai
Бала дейміз. Бала емес, қаласаң жан серігің болады. Тілдесе білсек болғаны.
dianthus
бұрында бір жерден оқып, жылағаным бар.Тағы да көзіме жас ұялады.Өте мағыналы екен. Тек өмірде кездеспенші бұндай жағдайлар жиі, сәбилер жыламасыншы
torgai
Ғибратты әңгімелер азайып барады…
MamaAya
жүрегіңнен айналайын!!!
bazuka
Ех өмір деген осы!
Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.