Ой-түрткі...

Блог - TOTY: Ой-түрткі...

Желтоқсанның 31-і күні түске дейін жұмыста отырдық. Қырып жұмыс бітіргеніміз шамалы, бір бірімізге барып шай ішуден аспадық. Түске жақын кабинетке миығынан күліп әріптесім Альмира келді. Қолында қос парақ дәптердің беті. Яғни, хат. Баласы Руслан жазыпты. Кімге дейсіз бе? Сезген шығарсыз…әрине, Аяз атаға. Хат: «Сәлеметсіз бе, Аяз ата! Мен Семей қаласындағы №37 мектептің 2 сынып оқушысымын. Атым Руслан. Жаңа жылда сізден өтінерім: ата-анамның жалақысын көтерсеңіз екен, себебі, компьютеріме «Трон» ойынын сатып әпергендерін қалаймын» деп басталады. Русланның ата-анасы бізбен әріптес. Сөзінің жаны бар, біздің мекеме мемлекеттік бюджеттен тыс Акционерлік қоғамға жататындықтан, 2 жыл бойы жалақы өсуін үмітпен күтіп жүрміз. Жә, оны қойшы.
Бұндай басқа да отбасыларда кездесетін жайт шығар. Негізі, хатты оқып, ойға шомдым. Балалық шағымда Аяз атаға сендім бе? Сенген сияқтымын. Нақты есімде жоқ. Осылай хат жазып көрдім бе? Жоқ. Мектеп шыршасында тақпақ,ән айтқан балаларға ұсынатын 5 тал кәмпитіне разы болатынбыз. Қазіргі балалардың Аяз аталары да «крутой» ма дедім, әр баладан жеке –жеке тапсырыс қабылдайтын. Әйтеуір, бөбектердің үміттері үзілемесе болғаны…

Тағы да мынадай ой келді. Атам қазақ ежелден Қыдыр атаға сенеді. Үлкендеріміз «Қыдыр қолдасын» деп бата беріп жатады. Қасиетті Рамазан айындағы Қадыр түнінде де Қыдыр ата тілектерді орындайды деп ниет білдіреміз. Тіпті, Наурыз мейрамын тойлағанда сахнаға ақ сақалды бабаның бейнесін сомдаған актерлерімізді де көреміз. (Қазақ блогтары ішінде ulykbek.wordpress.com-нан «Қыдыр ата – ақиқат пен аңыз арасында» атты материалды да шолып шығуыңызға болады). Ендеше, алдағы уақытта балаларды сол кеңес заманынан қалған Аяз атаға телміртпей, алдағы Наурыз мерекесінде Қыдыр атамызға хат жаздырып үйретсек қайтеді?
Бөлісу:

4 пікір

admin
8-мартта да үйінде әйелі бар еркектерге де премия берсек…
TOTY
Ау..., бұ жерде еркектердің қанша қатысы бар… ааа???
admin
Жаңа Жыл — Наурыз әңгімесі қайтадан абсталып жатқасын мен де отқа май тамызып кеткенім ғой :)
Abilakim
Жарты әлем осы күнтізбені пайдаланып отырған соң, бас тарта алмаспыз.Бірақ осы жаңа жылдың ешқандай да астрономиялық дәлдігі жоқ өзіміздің Наурызымыздай.Әрине Наурызды бұл мерекеден жоғары дәрежеде тойлатсақ дұрыс болар еді.
Аяз ата дейсіз бе? Мен соған бас қатырмаппын да.Сенбеген секілдімін соған қарағанда.Балам әке-шешемнің қолында оның Аяз атасы бізбіз. Аңда-санда барғанда бірдеңе апарып тұрасың.атасы мен апасының еркесі.Әкей оны Аяз атайға сендіріп өсіреді деп ойламаймын. Қыдырға хат жазғыссақ жалған көшірмелік болып кетер.Қыдырдан тілеп үйренсін…