Күл

Жұмыстан шаршап келді. Түнгі ауысымнан шыға сала үйіне тартқан-ды. Жаман да болса өзінікі: аяқ киімді, шалбар, жейдені шешіп тастап, төсегінде керіле жатқан тым-тым ұнайтын. Мамасының асты-үстіне түсіп, інісі мен қарындасы шуласа, тыйып тастап, «Тамақ дайын болғанша, дем ала ғой, қарғам» деп жатын бөлменің есігін жай ғана жауып шығып кететіні де жанына майдай жағатын.

Бүгін де осы тізбек қатесіз қайталанды. Жаздың ыстығында салқын жайманы бауырына қысып, жастықты құшақтап жатып көзі ілініп кетіпті.

* * *

Әуелі асқазаны солқ етті. Ұйықтап жатса да, ауру жанына батқан соң «не жеп қойдым» деп ойлағаны есінде. Ауысып бір бүйіріне жантаймақ болған, бірақ, қарны мен кеудесін басқан салмақтан қозғала алмады. Ұйқылы-ояу қалпында не бұл деп көзін ашуға тырысты. Алайда, кірпігі тас болып желімделген бе, не болып жатқанын дұрыстап қарай алмады.

Буына бастады. Тарамыс қол он саусақ алқымынан алып, бас бармақтарымен мұның жұтқыншақтарын езгілей төсекке жапсырып барады.

Қорқырап, аузымен ауа жұтуға тырысты, жүрегі аузына тығылды. Ұйқысын әлі де болса аша алмаған болатын, алайда, ауызғы бөлмеде жүрген мамасының дабырлап әлдекіммен телефон арқылы сөйлесіп жатқанын естіді.

Көзін ашты. Ешкімді көрмеді, бірақ, көкірегін жаныштаған әлдебіреу қылқындырғанын тоқтатпады. Қолдарымен ауа қармап, «ма… ма… ма...» деп қырылдап кетті.

* * *

Көзін ашты. Терезе пердесі жабылмай қалған екен, күн сәулесі тура бетіне түсіп тұр. Жүрегі атқақтай соғып, әкетіп барады. Миы мең-зең, басы темір бұрауға түскендей солқылдайды.

Орнынан тұрмақ болып еді, жаншылып қалған кеудесі, қабырғалары сырқырап, жаны көзіне көрінді. Әйтсе де, көтерілді. Көтерілгені құрысын, басы айналып кетті. Құсқысы келді. Маңдайын ұстап біраз отырды.

Кенет көзі білегіне түсті. Қолы білезіктен жоғары тұста қып-қызыл. Жалма-жан тәлтіректей басып, айнаға жүгірді. Тамағын білеу-білеу жолақ басқан. Жақ сүйегінің асты аздап қанталаған. Алқымына, кеуде сүйегіне қызыл-қара қорқынышты таңбалар басылыпты.

Шошыды. Шынымен, шошыды. Жалт бұрылып төсегіне қарады. Умаждалған жастық, көрпесі жатыр. Тек… тазалық десе өліп түсетін шешесі салып берген ақ жайманың бірді-екілі тұсында қарайған іздер көрінді.

Басында, топырақ па деп ойлады. Қай жерден келген шаң деп қағып та көрген. Бірақ, із шаң да, топырақ та болмай шықты. Күл екен…
Бөлісу:

2 пікір

AKY
Мен бүгін тап солай ұйқымнан ояна алмай қалдым
Күл жоқ үйде бірақ.
GulL
бррр… денем түршігіп кетті, кейде сондай бастырылу болып тұрады неге екен?