Қазақ пен түрік ырымға қалай сенеді

Блог - aktobe88: Қазақ пен түрік ырымға қалай сенеді
«Қазақтар ырым етеді, ырымы қырын кетеді» дейтұғын бір мақал бар. Қазақтың ырымшылдығын, сенгіштігін сынау үшін айтқаны. Бақсақ, ырымшылдық жалғыз бізге тән емес, түрік халқының қанында да бар қасиет көрінеді. Кейде тіпті бұл түрік, қазақ қана емес, жалпы адамзат баласына тән бе деп те ойлаймын. Өйткені қара мысықтың жолды кесіп өткенін сәтсіздік санайтындар жер жүзінде жетіп жатыр. Немесе қытайлардың он үш пе еді, әлгі бір саннан шошитыны. Алты санын сайтаннан деп нанатындар… т.б.

Бірақ біз бұдан кейінгі абзацтарда тек түрік пен қазақ ырымдарындағы айырмашылық пен ортақтықты сөз ететін боламыз.

Түрік халқы да дәл біз секілді өліге құрметпен қарап, олар жатқан мекенді киелі санайды. Сол себепті мазарға қатысты ырымдары көп кездеседі. Мәселен, бейіттің басындағы ағашты кескен адам қайғыға душар болады деп сенеді. Сондай-ақ бейітті сұқ саусағымен көрсеткен адамның бармақтары кесіледі-міс. Бұл тыйым бізде де бар. Әжелеріміз сұқ саусағыңмен бейітті көрсетуге болмайды дегенде біз «неге болмайды?»деп қарсылықты сауал жөнелтеміз ғой. Бірақ сол «неге болмайдымызға» әр ырымда «жаман болады» жауабын алатынбыз. Жауапқа қанағаттанбасақ та жамандық келетінінен қорқып, ырымды екі еткізбеуге тырысатынбыз.

Түріктер жас сәби қоймастан жыласа ол үйге көп ұзамай өлім келеді дейді. Бұл ырым бізге де жат емес, кішірек кезімізде әжелеріміз «өксіме, басыңа бірдеңе көрінді ме?»дейтіні тегіннен тегін емес қой. Сондай-ақ, байғыз шатырға кеп дыбыс шығарса, сол үйден біреуі өледі дейтұғын ырым оларда да бар. Айтпақшы, түрік халқы құрбандыққа шалынған мал тілін шығарса, көп ұзамай шалған үй иесі өледі деп жориды. Бірақ бұл ырым бізде жоқ секілді.

Екінші бір ұқсастық отқа қатысты ырымдарда кездеседі. Мәселен, оларды жанып тұрған отқа түкіру, су төгу, тырнақ салу сәтсіздік әкеледі. Ал бізде отқа су құйып өшіру ошағыңның оты өшсін, ұрпақсыз өт деп жорылады.Тырнақты бізде керісінше, жанып тұрған отқа тастайды. Сондай-ақ от әлдеқашан сөнген болса да күлдің жанына жатуға болмайды, күлде жын мен шайтан ойнақ салады-мыс.

Бала кезімде құрбақа өлтірсем әжем жаңбыр тоқтамай жауады, бидай төксем, өгіз сүзеді деп сендіретін. Сол себепті үлкендер жаңбыр тілегенде тасаттық жасаса, мен құрбақа өлтіретінмін. Жанды тіршілік иесінің обал сауабын білмейтін ессіз заман ғой. Дәл осы ырым түрік халқында да бар болып шықты, бірақ олар құрбақа емес, жылан өлтірсе, тоқтамай жауын жауатын көрінеді. Жолға шыққанда алдымыздан қоян кездессе біз жолымыз болады екен деп басымыздағы бөркімізді аспанға атып қуанамыз, ал түрік халқы керісінше жолымыз болмайды деп қайтып келеді екен.

Үстіңе киіп тұрған киімді шешіп тігу керек, әйтпесе кісінің жолы байланады екен. Бұл ырым бізде де ішінара қолданылады. Біздің аймақта қолданылмағанымен Қызылорда жақтың қыздарынан естігенім бар.

Жарылған ыдысты міндетті түрде сындыру керек, әйтпесе бақытсыздық, шығын әкеледі деп ырымдайды.

Сондай-ақ түрік халқында түн, қараңғылыққа қатысты ырымдар көптеп кездеседі. Түнде тырнақ алма. Бұл бізде де бар. Бірақ бұл ырымнан гөрі әдеп, денсаулық тұрғысынан жасалған тыю секілді көрінеді маған. Ертеде түнде жарық жоқ-тын. Киіз үйде немесе бір, әрі кетсе екі бөлмелі баспанада тұратын бабаларымыздың аяқ-табағы жатар орнынан алыс емес еді. Тырнақтың байқаусызда табаққа түсіп кетуі ықтимал. Осы себепті тыйым салған секілді. Сол секілді нанның күйгенін жесең, бай боласың, нан қоқымын жесең, бақытты боласың дейтіндер ас атасын ысырап, әрі аяқ асты етпес үшін айтылған сөз бе деймін. Жоғарыдағы бидай төксең, өгіз сүзеді деген де осындайдың мысалы.

Сондай-ақ, түнде сағыз шайнау- өлінің етін жеу, түнде тігіс тігу–өлінің етін тігу деген секілді ырымдары бар. Бұлар да жоғарыда айтқандай қараңғы жерде болуы ықтимал төтенше жағдайдың алдын алу секілді. Өйткені, қараңғыда киім тіккеннің қолына ине кіріп кетуі мүмкін, т.б. Олай дейтін себебім, бұл ырымға түріктер өздері де сенбейді, күле қарайды.

Ырымға сену –Аллаға серік қосу деп қанша жерден туласа да қазақ ырымшылдығын қойып кете алмайды. Соңғы кезде ырымдар да заманына қарай жаңарып, «модный» ырымдар пайда бола бастады. Бір құрбым: «Ақшаң көп болсын десең, оны айнаның алдына қойып қой» десе, енді бірі: «Сен ақшаға қалай қарасаң, ақша саған солай қарайды. Ақшаны әмиянға ұмар-жұмар қып тыға салмай, бүктеуін жазып, ұқыптап сал» дейді. Тағы біріне ақша берсем, қолға бермейді, жерге қойып бер дейді…

Біз көрген білгенімізбен бөлістік. Сенбеу сену өз ықтиярыңызда.
Бөлісу:

1 пікір