ӨЛДІ ДЕУГЕ БОЛА МА АЙТЫҢДАРШЫ, ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНДА СӨЗ ҚАЛДЫРҒАН

Мәдениет – мемлекет құрушы факторлардың бірі, сондықтан осы салаға көңіл бөлмеу, ел болашағын елемеумен тең. Тарихы тереңге тамыр жайған қазақ халқының мәдениеті мен өркениеті не бір сырлар мен жұмбақтарға толы, арғы жағы дүниенің пайда болуы туралы мифологиялық аңыз-әңгімелерге келіп тірелсе, бергісін бүгінгі күннің жарқын да, жас ақындар Ақберген Елгезек, Бауыржан Қарағызұлдары сынды азаматтар жалғастыруда. Аты аталмаған ағалар өкпелемесін, өйткені менің айтпағым бүгінгі ақындардың сыры мен мұңы емес, күні кеше келмеске кетіп, өлеңдері арқылы қайта тірілген, Хан тәңірінің мұзбалағы – Мұқағали Мақатаев жайлы болмақ болмақ…

Мен келемін, қойныңды аш… Немесе жолдағы ойтолғау
Биыл Мұқағали Мақатаевтың туғанына 80 жыл, айтулы мереке ақынның туған жері Қарасаз ауылы мен Шалкөде жайлауында аталып өтті. Ақынның мерейтойын кең көлемде атап өту осыдан екі жылға жуық уақыт бұрын ойластырып, сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов қолға алған еді. Алты алашқа жайылған ағайындарға шақыру күні бұрын таратылып, бұқаралық ақпарат құралдары газет-журналдар Мұқаң өлеңдерін айқара беттерде жаңғыртып басса, радио мен теледидарларда ақын өмірі мен шығармашылығы жайында сыр шертетін бағдарламалар дайындалып беріліп отырды. Осының бәрі қалың елге арналған тойға үндеу еді.
Сонымен айтулы күн де келді. Шілденің 29 күні жоспар бойынша, мерейтой қонақтары таң атпастан Талдықорған қаласының орталық алаңында жиналып, жолға шықты. Осы топтың арасында біз де бар едік. Жол полициясы арнайы бөлген көліктің жетелеуімен Райымбек ауданына аттандық. Алда алыс жолдарға арналған автобус оның артында жеңіл көлікпен біз келеміз. Өз басым осы кезде үлкен толғаныс үстінде едім. Мен Мұқағали ақынның 80 жылдық мерейтойына барамын. Бұл – асқан құрмет, әрі үлкен жауапкершілік. Көзі тірісінде көпшілік түсінбеген ақынды, өзі жоқта, өлеңдерін, күнделігін оқи отыра тану оңай емес-ті. Ақынның өлеңдері философиялық толқын-трактат болмаса да, әр сөзінде бір сыр бар, дара ақын. Өлеңдерінің сөзі тілге жеңіл болғанымен, әр үтір, ноқаттың өз айтпағы бар. Оқылуы жеңіл, мағынасы терең…
Мемлекет пен мәдениет арасындағы өзара тығыз байланысын тарқата келе, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, бұл салаға деген көзқарастың дұрыс болғанын бірден аңғарамыз. Жаңа тарихтың бастауында Қазақстан бүгінгідей халықаралық аренаның асқақ төрінде емес-ті. Бүгін-ертең экономикасы құлдырап, дефолтқа ұшырап, халқы мен жері талан-таржыға салынады дегендер де бар еді. Бірақ олай болмады, болмақ та емес! Керісінше, бүгінде ел жаңғырығы төрткүл дүниеге кең тарады. ОБСЕ сынды белді ұйымның тұтқасын ұстағандығымыздың өзі бізден кейін келер талай ұрпаққа өнеге.
Мұқағали да сол өркениетіміздің ажырамас бір бөлігі. Енді міне мен ақынның туған ауылы Қарасазға жол тартып барамын, алда 600 шақырымнан астам ұзақ жол…

Кегендегі кездесу
Қазақтың дархан даласы қандай-ды! Бұл әсіресе көнеде Асан Қайғының өзі Жерұйық деп таныған Жетісу жеріне қатысты айтылар сөз. Біз де жол бойы сол табиғаттың әсемдігіне тамсанып келеміз. Алтын Емел қорығына жеткен кезімізде табиғат мүлдем құлпырды, тау мен тас, жазық дала бір аймақта қалайша үйлесім тапқан деген ойға келеді екенсің. Осы жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен:
Қасиетті жер үшін
Қатын-бала ел үшін
Ұлымыз құл болмасын
Қызымыз күң болмасын,-деп ұрандап, бастарын бәйгеге тігіп, атой салған бабалар қайсарлығына бас имеске шара жоқ.
Бұндай көркем табиғат алыс жолдың ауырлығын сездірмейді екен. Бір қарағанда қас қағым сәт болып көрінетін уақытта Кеген асуына да таяп қалдық. Қолда бар бағдарламаға сәйкес, осы жерде жарты сағаттай тұрақтаймыз. Керуен аяңдап отырып, киіз үйдің жанына тоқтады. Райымбек ауданының тұрғындары ежелден келе жатқан салт бойынша, шашу шашып, ыстық ықыласпен құшақ жая қарсы алып, ағайындар кеуде қағысты. Бір-бірінен жөн сұрасып, тұрған халық, күмбірлеген қара домбыраның дыбысына бірден назар аударды. Жас күйші, қазақ жігіттеріне сай жуан дауыспен алыстағы ағайынға арнауын бастап жіберді. Кезінде белгілі ғалым Затаеевичтің өзі: «Қазақтың әр күйі ұран»,- деген ғой. Ендеше бұл ұранның да тағлымы тереңде екен:
Ар ма, бар ма ағайын аслыстан келген,
Міне келді күнде көптен күткен.
Қош келдіңіз Райымбек батыр жеріне
Қазаққа Мұқағали ақынын берген!.. — деп, жыр төгіп, ендігі кезекте, жолаушыларды киіз үйге шақырып, салқын саумал қымыз бенен ет тарту етіп, салтымызға сай құдайы қонақтарға құрмет көрсетілді.

Ассаламуағалейкум, Қарасаз!
Райымбек ауданының қымызын ел көп мақтаушы еді. Расында ғажап екен, дәмі тіл үйіріп, таңдайдан кетпейтіндей. Бір айта кетерлік жайт біздің керуен Алматыдан шыққан кереуенге осы жерде жолығуы керек еді, бірақ та біз оңтүстік астаналықтармен жолыға алмадық. Олар бір сағаттай бұрын жолға шығып кетіпті. Осыны естіген керуенбасшылары, дастарханда көп отырмай, ас қайырып, ары қарай жолға шықты.
Кегенменен Қарасаз арасындағы жол бойында әр жота сайын тастардан жасалып, әктелген «Мұқағали-80» деген жазулар көрінді.
Осындай жазуларды кездестірген сайын, қойныңа қуанышың симай қалады екен. Ендігі бар ойың – Қарасазға тезірек жету. Ауыл көрінбестен-ақ мәренің жақындағанын ары-бері шұғыл жөңкіген жол полициясының көліктері аңғартты.
Міне, біз де келіп жеттік. Ассаламуағалейкум, Қарасаз!

Картада кішкентай ғана елдімекеннің белгісімен берілген Қарасаз ауылы, осы күндері кішігірім қалаға ұқсады. Көшелері мерейтойға орай күрделі жөндеуден өтіп, кейбір ғимараттың сыры әлі кеппегендігі аңғарылды. Неткен тамаша көрініс, асқар тау қойнауындағы ауыл, бүгінде қаламен пара-пар. Көшелерде Мұқағали Мақатаевтың өз дауысымен оқыған өлеңдері қойлып, көңілді серпілтіп, бойыңды шымырлатып жібереді.
Біз тура түскі ас уақытында келіппіз. Асхана адамға лық толы, сондықтан біз өз кезегімізді күтіп сыртта тұрдық. Тойға келген әріптестерімізбен дидарласып тұрған кезде, көп кешікпей орындар босап, бізге де кезек жетті. Бір айта кетерлігі адамның көптігіне қарамастан, күтушілер үлкендерге ұқыптылықпен қарап батасын алып жатты. Қалай десек те, кішігірім ауыл, өз тарихында осындай деңгейде тойды өткізіп, осыншама меймандарды күтіп алуы – елдің ақынға деген ниетінен болар.
Түстен кейін мерейтойға орай күрделі жөндеуден өткен ақынның мемориалдық мұражайының салтанаты ашылуы өтті. Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин және Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов бастаған қауым Мұқағали Мақатаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Келесі кезекте мәртебелі меймандар ақынның жеке өмірі, шығармашылығы туралы, әрі Мұқағалиды зерттеген ғалымдар туралы сыр шертетін мұражай экспонаттарымен танысты. Бір айта кетерлігі мұражай алаңға лық толған халықты бірден сыйдыра алмады, сондықтан мұражайды бірінші болып аралау қазіргі зиялы қауым өкілдеріне бұйырды. Олардың қатарында Нұрлан Оразалин, Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиев, Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов сынды елге еңбегі сіңген белді азаматтар болды.



Жайлаудағы бір түн
Біз осы шарадан кейін, екі топқа бөлініп, біріміз Қарасазда қалып, екіншіміз Шалкөде жайлауына аттануды ұйғардық. Ауылды артқа тастап, тау бөктерімен жүйтки бердік. Жолай тау бөктерін торлай басқан орманды табиғаттың сұлулығына тағы да тамсандық. Қаладағы аптап ыстықтан қажыған біз үшін жайлаудың самалы кеуде кере демалуға мүмкіндік берді.
Тойдың боларынан боладысы қызық демекші жайлаудағы іс-шаралар келесі күнге жоспарланған болатын. Екі жүзден аса кйіз үй қаз-қатар тұрғызылып, бір қалашық сынды көрініс тудырып тұр. Оның сыртында арнайы техниканың арқасында бұл жерде электр қуаты қамтамасыз етілген. Әр ауданның киіз үйлері алдында кіші-гірім сахна орнатылып, түрлі қойылымдар қойылуда, киіз үйлердің артында қазан-қазан ет асылып, тау бөктеріне жақын жасалған бәйге алаңында атбегілер тұлпарларын жаратуда.
Бір айта кетерлігі, елдің көптігі, оның үстіне ат ерттеп, тау асып келген жақын маңдағы ауыл тұрғындары да осы жерден табылды. Олардың арқасында қалалықтар атқа мініп бір жырғап қалды.
Жайлаудың тыныс-тіршілігімен танысу барысында күннің батқанын да байқамай қалдық. Күн сәулесі сына бастаған мезетте-ақ ауа райы суыта бастады. Бірақ көңілдегі шаттық мұны елең қылар емес.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Шалкөденің табиғаты әсем, шөбі қалың жер екен. Осындай табиғат аясында өмір сүрген адам қалайша ақын болмайды?! Оның үстіне біз тілдескен қарасаздықтардың көбісі Мұқағалидің бір өлеңін оқып, артынша өздерінің ақынға арнауын айтып бағып, ақын елінің осал еместігін аңғартты.

Тойың тойға ұлассын...
Жайлаудың ауасы ма әлде не екен, екі сағатқа жетер-жетпестей уақыт ұйықтасақ та, таңертең сергек ояндық. Шөп басына шық шығып, күн сәулесіне шағылыса, гауһар тастай жылтырап тұр. Жайлаудағы қалың жұрт ең соңғы дайындық үстінде…
Шалкөде жайлауындағы салтанатты жиынның шымылдығын ашу осы тойдың тамырына жан бітірген, облысымыздың бұрынғы басшысы, бүгінде Қазақстан Республикасының Президентінің іс басқарушысы Серік Үмбетовқа берілді. Серік Әбікенұлы алғысөзі ретінде алаштың абзал азаматы, Мұқағали Мақатаевтың туғанына 80 жыл толуына байланысты Елбасының құтықтауын, ыстық ықыласын жеткізді. Өз атынан ақынның өмір жолына тоқтала келе, Мұқаңның мұрасы мәңгілік екенін атап өтіп, оны еске алу тек осы тоймен ғана тарқамай, еліміздің әр түпкірінде орын алатын, бірер жылдар бойы қалыптасып, дәстүр бола бастаған жылсайынғы шығармашылық кештер, жас ақындар мүшайрасы сынды мәдени іс-шаралармен әлі де жалғасын табатынына сенімін білдірді.
Келесі сөз облыс басшысы Аңсар Мұсахановқа берілді. Осы тойдың өтуіне барынша жағдай жасап, басы-қасында болған Аңсар Тұрсынханұлы мерейтойға келген зиялы қауым өкілдеріне алғысын білдіре келе ақиық ақынның шығармашылық ерекшелігін атап өтті. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында кемел ақын, тұтас ұрпаққа аманат боларлық өлеңдерінің мәніне ерекше тоқталды.
Салтанатты жиында сөз алған «Парасат» орденінің иегері Нүсіпбек Айтұлы, Мұқағалиға ең алғаш Хан Тәңірінің мұзбалағы деп теңеу жасағанын және бұл бастаманы халық бірден жоққ шығармай іліп алып кеткендігін келтірді. Сонымен қатар сахынаға Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, ҚР Парламентінің жоғарғы палата депутаты Қуаныш Сұлтанов, белгілі жазушы Тұманбай Молдағалиевтер шақырылды. Бұл орайда ерекше атап өтер асылдың сынығы, ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы болды. Салтанатты жиынға шаттанған ақынның ұлы әулеттерінің атынан ұйымдастырушыларға, жиылған қауымға алғыс білдіріп, бас иді.
Биыл сонымен қатар тағы бір қазақтың бағына біткен Жамбыл Жабаевтың туғанына – 165 жыл. Осыны ескерген ұйымдастырушы комитет ұлы ақынның аттасы бала-Жамбылды ортаға шақырды. Бір мүшелге де толмаған бүлдіршін, есесін биік ұстап, қалың жұртқа арнап, сөз патшасы — өлеңің оқыды. Халық жас та болса қайсар баланы жылы қарсы алып, көңілге медеу орнатар тәтті бала тілінен шыққан өлеңге масаттана ұйыды. Сондықтан да, болар бала-Жамбыл Дүйсенов шатыр астында елағаларының тізесінде отырды…
Кешегі күні, яғни шілденің 29-да Қарасазда өткен «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!..» атты жазба ақындарының жыр мүшайрасында бас жүлдені қанжығаға байлаған ақындар айтысының жанашыры елге танымал азамат Жүрсін Ерман иемденген еді. Енді міне Шалкөде жайлауында бас жүлдеге тігілген өзіне тисілі темір тұлпардың кілтін облыс басшысы Аңсар Мұсаханұлының қолынан алды. Осы орайда мүшайра жеңімпазы асығын алшысынан түсірген өлеңін оқи жөнелді. Қазақ бұлақ көрсең көзін аш деген халық, осыған сүйенген облыс әкімі Аңсар Мұсаханов бала-Жамбылды шақыртып, арнайы сыйлығын ұсынды. Әрине бұл кезде Мұқаңның ұлы Жұлдыз ағамыз да сахнадан табылып, облыс басшысының қолынан автокөлік кілтін алды.
Бұдан ары мерейтой бірнеше ұйымның бірлесіп қойған Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы жайында сыр шертетін театрландырылған қойылымын, артынша мерекелік гала-концерке ұласты.Серік Әбікенұлы Үмбетовтің келу сәтіСерік Әбікенұлы Үмбетовтің келу сәтіАңсар Мұсаханов - Алматы облысының әкіміБала Жамбыл ел ағаларының жанында
Аударыспақтан бір сәт
Машинам қайда?
Қайтар жолда немесе қош бол Қарасаз!
Осы мерейтойдың шымылдығын жапқан ат жарысы бәйге де кімді болмасын бей жай қалдырмады. Той болса, ат шаптырмаған қазақ бар ма? Қазақ жылқы малын жеті қазынаға қосып, қасиетті деп танып, жалына үкі таққан. Сол себепті де бәйгені тамашалауға келген ел жаңбыр басталса да тарқамады. Сәйгүліктердің жаратылысына қатысты бірнеше номинация бойынша бәйге өткізілді. Ол қалса, арасында ұлттық спорт түрлерінен аударыспақ, қыз қуу ойындары өткізіліп, көрермендердің көзайымы болды.
Жүзден-жүйрік, мыңнан-тұлпар болып, қанжығаға бірінші орынды байлаған шабармандарды Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов марапаттап, су жаңа автокөлік кілттерін үлестірді.
Осымен бұл той да аяқталды. Екі күн ішінде әрбір тау тасқа бауыр басып, кетеріңде көңілге қимастық екен. Бұл жер қазақ жері – менің жерім, көп кешікпей қайта келермін, деп өзімізге басу айттық.
Жолда ұзынан ұзаққа созылған автокөлік керуені…
Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығы арада жылдар өтсе де, естен кетпестей әсер қалдырып, мағыналы әрі мәнді және терең тағлымды болып өтті. Ақын мұрасы – оның өлеңдері қазақ халқының ғасырлар бойығы рухани азығы болары сөзсіз… Мұқағали Мақатаев халық ақыны, ел қазынасы, сондықтан да бұл той қазақтың тойы болды.
Бәйгеге тігілген темір тұлпарлар
Бөлісу:

33 пікір

satibaldi
Кегендегі кездесу

Осы жерден толығырақ… Толығырақ…
AsanQaigy
Мен фотоаппаратпен ары бері шапқылап жүріп, дастарханға келсем, қымызбенен қарбыздан басқа ештеңе қалмапты. Ақыры қымыз ішіп, Қарасазға дейін ********* бардым.
Zere
Біздің сапарымыз осындай болуына не жетіспеді екен деп ойлап қоям…
satibaldi
Сарайақын статусы.
Zere
Солай сияқты… )
asaubota
жыныс айырмашылығы сияқты.

@AsanQaigy жарайсың, әдемі репортаж жасапсың.
AsanQaigy
Халыө көп болды ғой, бізге ұзаса 10 мың адам болады деген, анығында 30-40 мың арасында болды. Атқа мініп, тау асып келген «местныйлар» қаншама болды…
satibaldi
Таза визуалды бағаласам:
Осылардың 75 пайызы Мұқағалидің кім екенін шақыру алған күні Гугльден қарап алған.
Zere
Жартысынан көбі нарынқолдылықтар болар. Оларға Мұқағали пір ғой. )
satibaldi
@Aikona алдыңғы жылдан бастап дайындалған шығар.
Aikona
Тух қайдан біліп қойдыңыз?
AsanQaigy
Мен, сірә осы қалған қасиетті 25 пайыздың ішінде бар шығармын?
satibaldi
ӨЛДІ ДЕУГЕ БОЛА МА АЙТЫҢДАРШЫ, ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНДА СӨЗ ҚАЛДЫРҒАН
Болад. Ол туарлы әдетте АХАЖ сәйкесінше куәлік беред.
sammita
газетке жазылған материал-ау.
satibaldi
Мақаланы жазып, принтерге жіберген кезде, термобарабан жылаған шығар десем — бұрын-соңды болмаған соны теңеудің апптыры ретінде ел есінде ең болмаса елу жыл, әйтпесе жүздеген жылдар бойы қалуыма қаншалықты мүмкіндік бар?
sammita
мынауың әлгі балағаттың жүлдесіне лайық екен.
satibaldi
Онсыз да бірлікті ойланып-ойланып, өзіме жүктеп алдым.
Сенде де сондай бола ма: тойда сыйлыққа таратуға әкелген айна-тарақтан қымқыру деген сияқты?
Meru
 Жүлде кімге бұйырады екен деп жүргенде…
AsanQaigy
Өңделіп, басылған
boztorgai
репортаж асанқайғыдан
той шалкөдеден
тақырып шыңғыстаудан
Пікір түзетілген: 6 тамыз 2011, 03:32
tamerlang
Жайлаудағы бір түн — ? Tunde nestep jursinder? Muahahahalidin toyi imenno tunge karap kalip pa eken? Sen de orteysin Asson Huygi!
AsanQaigy
Халық тоңғанндықтан болар, түнде 100 граммға деген сұраныс артып, оның құны бірнеше есеге өсті.
TERISKEY
не дейд? оЧм, түнгі жағы андай* бокетті деш.
Aikona
керемет!
boztorgai
той айконаның көзімен атты жазба күтіп жүрім
Aikona
суреттерім келмей жатыр . Жазайын десем  Жазам асықпай
boztorgai
асығыс жазылғанды оқыдық
енді асықпай жазылған ойларды оқитын боламыз