Қырғыз болуыңызбен құттықтаймын!

Көршіміздің Тұрысбек Мадылбай деген бетке ұстар жазушысы бар. Бұл өзі «Адамзаттың Айтматовынан» кейін шартарап бойынша мойындалған шоң қырғыз болып шықты. Отыз екі тілде оңай сөйлесетін полиглот те екен. Оңдырмағанда, Тұрысбек байке АКИpress ақпарат агенттігіне берген сұхбатында қазақтар қырғыздардың қыпшақтармен, ал өзбектер қырғыздардың сарттармен қосылуынан шыққан деп шарт кетіпті. Бұдан әрі Тұрысбек байке

«Они (қазақтар – ред.) не могут с нами тягаться в смысле древности. Государства наши существовали в 104 до нашей эры. На северо – западе от Даваня было расположено древнее государство Кангюй. Оно тоже относится к кыргызским государствам», – деп, бұжыр-бұдыр білімін байқатып қояды. Үстірт қарасақ, қазақ пен өзбегің қырғыздан үркіп, аяғының ұшымен жүруі қажет екен. Себебі, Мадылбайдың айтысымен, Қаңлы мемлекеті мен Қараханидтер әулеті Баласағұн, Барысхан шаһарларымен қосқанда, қырғыздың «меншігіне» өтіп кетті. Тіптен, Қырғызстанның қазіргі жерімен қоса, Алтай мен Орал тауларына дейінгі жерлердің барлығы қырғыз халқының жерлері болған деседі. Осы сұхбаттағы «сүбелі» пікірдің бірі – Мадылбайдың «қазақтар қырғыздарға қырын қарайды, мұрын шүйіріп менсінбейді» дегені. Бұл пікірін тұздықтаймын деп, «қазақтарды 1938 жылға дейін қырғыздар деп атап келді, себебі бұлар расында қырғыздар болатын» дегенде, беті бір бүлк етсейші. «Они (қырғыздар – ред.) смешались с местным субстратом и образовали нацию казахов. Киргизская ССР только в 1938 году была переименована в Казахскую и отдельно в Киргизскую», – дегенде, өз көзімізге өзіміз сенбедік. Құдай-ау, сонда Керей-Жәнібектен бастап кешегі Абылай, Абайға дейін қырғыз болып келіп, көзімізді Мадылбай ғана көсеумен түртті ме дейсің? «Тегінде, қазақтар, хакастар, қарақалпақтар – қырғыздың тармақтары. Революцияға дейінгі орыс жазушыларының ешбірінің еңбегінен «қазақ» деген сөзді кездестірмейсіз. Барлық жерде «қырғыз» деп жазып келді», -дейді Тұрысбек тағы да сөзге тіленіп. Ал осыдан кейін ауызыңды ашып көр. Қырғыздардың пассионарлық қабылетінің күшейіп келе жатқанын мойындау керек. Бұны да сол ұлттық жаңарудың көрінісі шығар деп “көрмегенде” болар ма еді. Тіптен, «қырғыз» десе қолын шауып беретін Мадылбайға қылыш тақаудың қажеті жоқ. Бірақ, бұл жағдайда Бүркіт Аяған, Мәмбет Қойгелдіден бастап тарихшылар тобының, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының не бітіріп отырғанына таңым бар. Торай тағалап отыр ма десем, бетімді тырнап алар тағы… Мадылбайдың «қазақты қырғыз» дегеніне екі апта болса да, тарихшының белдігін тағып жүрген ешкім оған тойтарыс берер емес. Тіпті, бір ауыз сөзін баспасөзге шығарған белсенді байқалмайды. Осы Ерімбетов “оппозицияның соққысынан билікті қорғап сөйлейтін ешкім жоқ” десе, Кенжебеков “сырттың бұрмалауына соққы беретін біреу бар” десін бе? :-) Жоқ ондай!

Сол Мадылбаймен өзін деңгейлеспін деп жүрген Канат Кабдрахмановты айтам да… ит қуып, “халық емес, тобырмыз” деп қуанып жүр. Қалған зиялының қатары да өнбейтін әңгімені қыртудан бөтекесі іскен, азу тісі мұқалған, арбалған, алданғандай сезім туады. Әй, сонда қырғыздың пассионарлығы биік те, біздікі пәс болып па?




RSS: http://orkenegro.wordpress.com/2011/01/27/%d2%9b%d1%8b%d1%80%d2%93%d1%8b%d0%b7-%d0%b1%d0%be%d0%bb%d1%83%d1%8b%d2%a3%d1%8b%d0%b7%d0%b1%d0%b5%d0%bd-%d2%9b%d2%b1%d1%82%d1%82%d1%8b%d2%9b%d1%82%d0%b0%d0%b9%d0%bc%d1%8b%d0%bd/

Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше