«Көптің еңбегі-көңілді»



Үш күндік демалысты пайдаланып, ауылға барып қайттым. Көкпекті ауданына апаратын жол Омбы-Майғапшағай халықаралық тас жолын басып өтеді. Осы тас жолдағы Семей мен Қалбатау арасының қалы өте мүшкіл еді. Жол сапасы нашарлап кеткелі, жүргізушілер де осы уақытқа дейін азабын тартып келген. Өйткені, Омбы мен Майқапшағайды жалғап жатқан халықаралық тас жолда күндіз-түні көлік үзілмейді. Қазақстан, Қытай және Ресей арасындағы сауда да осы жол арқылы жүзеге асырылады. Алайда алыс-берісті жылдам жасауға, жолаушылардың діттеген жеріне жетуіне Семей мен Қалбатау арасындағы жол кедергі келтіретін. Бір жарым сағатта жүріп өтетін 150 шақырымды көліктер (әсіресе жүк көліктері) бірнеше сағатта әрең өтеді. Ой-шұңқырмен қайтіп жылдам жүрсін. Тоғыз жолдың торабындағы жолды жөндеу жайында кейінгі 3 жылда парламентте де бірнеше рет көтерілген.
Ал өткен аптада, яғни, мамырдың 04-і күні «Қазақстан» телеарнасының Семейдегі тілшісі Шалқар Қожаевтың осы 40 жылдан астам жөндеу көрмеген тас жолдағы өткен күзде басталған күрделі жөндеу жүргізуді қолға ала бастаған жұмыстары биыл жалғасын тапқаны туралы, 150 шақырымның ескі тасын алып жаңасын төсеу үшін республикалық бюджеттен 3,5 миллиард теңге бөлінгені, қаржының бүгінге дейін 30 пайызы игерілгені жайлы ақпарат берген бейнесюжетін жаңалықтардан көрген едім. Сөз арасында, Парламент депутаты Нұртай Сабильянов Жарма ауданы халқымен жүздесуі барысында күре жолдағы жөндеу жұмыстарының сапалы жасалуын өз бақылауына алатынын айтып сұхбат берген болатын. «Бітер істің басына, Жақсы келер қасына» демекші, жаңалықтарды тыңдай отыра, қашан көрсең, халқына пайдасын тигізе жүретін Нұртай ағамызға іштей рахмет айтып, елмен бірге мен де қуандым. Ауылдағы ата-анама жиі барып тұратындықтан, ол жолдың азабын біркісідей білетінмін. Осы сапарымда енді бәрін көзбен көріп қайттым. Жол бойы қаз-қатар тізілген техника, өн бойы қазылған жер, жұмылдырылған күш, жұмыс қызып тұр екен. Алыстан қарасаң, шынында да «Көптің еңбегі-көңілді» көрінеді. Ерсілі-қарсылы ағылған көліктер жер жолмен жүруге ыңғайландырылыпты. Жер жол шаң шығар деп қауіптеніп едік, жоқ, арнайы су тасымалдауыш машиналар шаңын басып, су сеуіп келеді.Не керек, әйтеуір, халықтың көзі ашылатын болды. Жөндеу жұмыстары келер жылдың аяғына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда екен. Беріле істеген іс берік болсын дейік!
Бөлісу:

2 пікір

Altygradus
сол кісіге риза болам негізі. Бірақ сол Сабильянов ақша бөлінсін деп еңбек етеді де, қалғаны жергілікті жерде іске аспай қалатыны нашар. Әйтпесе Семей жақтың жолдары ешбір сынды көтермейтіні шындық. Әсіресе Аягөз-Жаңғызтөбе арасы жөнделгенін бір көрмеппін.
Zere
Жөнделсе дұрыс болар еді. Былтыр Тарбағатай жаққа барамыз деп, жолдан әбден азап шектік.