«Ақпыз, қара, сарымыз-ағайынбыз бәріміз!»...



Бәлкім, бәз біреулерге «біртүрлі» көрінетін шығар.:) Дегенмен, қара нәсілді қуыршақты блогыма «қонақ» қылудың реті келіп тұрғаны. Бұл қуыршақты 1997 жылы отанына көшкелі жатқан бір немістердің отбасынан сатып алғанмын. Ұмытпасам, әлгі әйелдің есімі Надя болатын. Өзінің айтуынша, кеңес дәуірінде қаладағы тігін фабрикасында жұмыс істеген жылдары Мәскеу олимпиадасына (1980ж.) озат жұмысшылар қатарымен барғанда, осы «негр баласына» қызыққан көрінеді. Содан бері де біршама уақыт өтіп кетті. Қуыршақ менде әлі күнге сақтаулы. Таяуда пәтер ауыстыруыма байланысты жүктерімді жинастырғанда заттарымның арасынан тауып алып, “1 мамыр” қарсаңына тіркеуді жөн көрдім.
Алдағы демалыс күндері мейрамға сәйкес келеді. Оқушы кезімізде жыл сайын 1 мамыр күні қолымызға шар, кішкентай жалаушалар ұстап, мектептің жанындағы алаңға ұйымдастырылған шеруге шығатын едік қой. Мынау өлең жолдары да замандас құрбылардың есінде шығар: «Ақпыз, қара, сарымыз-ағайынбыз бәріміз!». Үш ұлттың баласы бейнеленген суретті Халықтар бірлігі мейрамына ұран ретінде пайдаланатынбыз (интернеттен таппадым). Сол суретте жоғарыдағы қуыршақ өңдес, басына қалпақ киген қара нәсілділердің де баласы бар еді. Кеңестік дәуірдегі аса бір қарқынмен өткізілетін сол мерекелерге бар ықыласымызбен атсалысатын пионер шағымыз, алтын ұя мектебіміз – бәрі де көз алдымызда… Айтпақшы, «Мәссағандықтар» ұмытпаған шығар, сайт мүшелері форумдағы «Мәссаған мейрамдары» деп аталатын бөлім арқылы бір-біріне құттықтау жолдайтын еді ғой, аталған мейрамға қатысты ағалардың (өкінішке орай, авторын жазып алмаппын) бірі былай деп өлең тіркеп еді:
Кеңес деп жақтырмаймыз пиғылдарын,
Жас ұрпақ түсінбейді көбін, бәрін.
Керітартпа болған шығар саясаты,
Ал, бірақ, ұмытпайық мейрамдарын.

Әлі есімде…дайындалып мейрамға,
Жаңа киім, іздеп жүрер бар адам.
Бір-біріне қонақ болып, қыдырып,
Шұбырған жұрттан көше адамға сиған ба.

Қолына ұстап, жалауша мен шарларын,
Бір мәз болып қалушы еді балдарым.
Жетістікке әр мекеме ұмтылып,
Шеру жасап көрсетуші-ед барларын.

Қазір берді, демалысты үш күнге.
Мейрам иісі сезілмейді еш мүлде.
Қаламызда сол көмескі тіршілік.
Мейрам деген мейрам емес ешкімге.


Биылғы жылы да үш күндік демалыс берілді. «Өзгеше форматта өтеді» деп те айтып жатыр. Не дегенмен, бірнеше ұлт өкілдері өзара тату тұрып жатқан еліміздегі бейбіт күнімізге тәуба дейік. Келе жатқан мереке құтты болсын! Бірлігіміз ажырамасын, достар!
Бөлісу:

1 пікір