ІV Халықаралық РR Көктемгі мектебі өңірдегі медиасауаттылық жүйесін дамытуға арналды

Талдықорған қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы облысы Ішкі саясат басқармасы, Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен «Тұрақты даму мақсатындағы коммуникация және медиа» атты ІV Халықаралық РR Көктемгі мектебі өткізілді.
Көктемгі мектеп қазақстандықтардың сандық жүйені қолданудағы сауаттылығын арттыруға және білім беру, медиа ақпараттық сауаттылық жүйесін дамытуға арналды.
Адамзаттың жаһандық дағдарыстан шығудың жолдарын іздестіруі заңды. Жалпы әлемдік қауымдастық мойындаған дағдарыстан шығудың негізгі жолы – тұрақты даму. Оның басты идеясы – ысырапқа жол бермеу, ресурстарды әділетті әрі тең бөлу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы үдерістердің барлығында маңызды рөл ойнайтын, дамудың негізгі факторы — ғылым және білім беру екендігі дау туғызбайды. Тұрақты даму тек экономикалық өсу, инновация және өнімділік қана емес, әлеуметтік даму мен тұрақтылықтың іргелі міндеттерін де қарастырады. Тұрақты дамудың 17 мақсаты бар. Соның 4-ші мақсаты – сапалы білімге қолжетімділік және өмір бойы оқуға (үздіксіз) мүмкіндік беру. Өңірлерде тұрақты инфрақұрылым қалыптастыру қажет. Сол себепті аймақтарда тұрақты даму мақсатындағы семинар-тренингтердің өткізілуі қажеттілік.
Тұрақты даму теория мен практиканы ұштастыруды, яғни дуалды оқытуды талап етеді. Университеттер енді тек оқу бағдарламаларымен ғана айналыспайды, қала, өңір, ел деңгейіндегі өзекті мәселелерді шешуге де белсене қатысады. Яғни, университеттердің қызметі өңірлердегі тұрақтылықты нығайтуға бағытталған ұлттық және халықаралық бағдарламалармен тығыз байланысты болуы тиіс. Осы орайда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» Жаһандық хабына жетекшілік ету мерзімі 2020 жылға дейін ұзартылуы оқу орнына зор жауапкершіліктер жүктейді. Қазіргі таңда Қазақстанның 25 жоғары оқу орындары БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасына қосылған.
Көктемгі мектепте «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы Ғ. Әженова, белгілі PR маманы Қ. Домбай, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы қоғамдық қорының президенті Е. Кәпқызы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Б. Әшірбаев, Factcheck.kz редакторы Д. Смақов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешенінің директоры Д. Мұхамеджанов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, ф.ғ.к. А. Рожков, «Medianet» Халықаралық журналистика Орталығы, Factcheck.kz сайтының журналисі Ж. Тлеухан шеберлік сыныптарын өткізді. Қазіргі таңдағы медиакеңістік пен РR нарығындағы өзекті мәселелер ортаға салынып, шешілу жолдары көрсетілді.
Көктемгі мектептегі алғашқы шеберлік сыныпты «Рухани жаңғыру және ұлттық журналистика» тақырыбымен Б. Әшірбаев жүргізді. Ол заманға сай жаңғырудағы отандық мәдениеттің алатын ерекше орнына тоқталып, Қазақстанның бірегей тарихи және мәдениеті бар ел ретіндегі әлемдік дидарын айқындау, ұлттық бренд қалыптастырудағы қажеттілікті және ұлттық журналистикаға жүктелетін міндеттерді, Рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы ұлттық журналистика көтеретін тақырыптарды сараптады.
Бедел – материалдық болмағанымен, жеке адам үшін де, бүтіндей ұжым үшін де аса маңызды актив. Қазіргі заманда беделді басқаруға болады. Бұл ұзақ мерзімді стратегия – бедел менеджменті деп аталады. Белгілі PR маманы Қ. Домбай абырой-бедел менеджменті тақырыбына тоқталып, компания беделін қалыптастырудың жолдарын баяндады. Компанияның нарықтағы дұрыс позициялануы, ақпараттық кеңістіктегі тиімді іс-әрекеті дәрістің негізгі өзегін құрады. PR саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар маманның: «Компанияның құнына беделі де кіреді. Беделді компанияның бағасы да жоғары. Олай болса, бедел қаржымен өлшенеді. Көп жағдайда компанияның беделін басшысы емес, қызметкері қалыптастырады», — деуі көңілге қонымды. Қ. Домбай шеберлік сыныбы тыңдаушылардың қызығушылығын туғызып, аудитория тарапынан қойылған сауалдар көп болды.
Д. Мұхамеджанов қазіргі таңдағы заманауи технологияларға тоқталып, мектеп қатысушыларын хабар жасаудың қыр-сырларына қанықтырды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ телерадиокешенінің мысалында студенттік телевидениенің ақпарат берудегі ерекшеліктерін сипаттады.
Factcheck.kz редакторы Д. Смақов пен осы сайттың журналисі Ж. Тлеухан жалған ақпаратты анықтау, тексеру, нақты дереккөздерін білу, фактілермен жұмыс істеу тәсілдерін көрсетіп, ақпаратты тексерудің теориялық және практикалық әдістері туралы өз тәжірибелерімен бөлісті. Тыңдаушыларға: «Әрбір адамның шындыққа таласы бар. Сіздер ақпараттағы нақты фактілерге назар аударып, қаншалықты тексерілгенін, қандай дереккөздерге жүгінгендігін, ақпараттың әлеуметтік маңыздылығын анықтай білулеріңіз керек. Әрбір мақаланы тексеруден қорықпау керек. Айтылған пікірді ресми, ашық ресурстар арқылы тексеруге болады», — деген кеңестер айтты.
Көктемгі мектептің екінші күні мазмұнды дәрістермен жалғасты.
Ғ. Әженова медиамәтіндердегі қорлау мен жала жабуға тоқталып, бейнесюжеттерді мысалға келтіре отырып, тыңдаушыларға мол ақпарат берді.
Е. Кәпқызының жасырын камераны пайдалану туралы ұтымды кейстері аудиторияға өте қызықты болды. Ақпаратты дереккөзден, ашық ресурстардан алу әдістері, сенімділігіне көз жеткізу, ақпаратты заңсыз және алдау арқылы алмау, жасырын камераны пайдалануға мәжбүрлейтін жағдайлар, қоғам білуі тиіс ақпаратты тарату және ақпараттың қайнар көзін көрсету қажеттілігі, ақпараттың жеке адамдарға зиянын тигізбеу мәселелері жан-жақты талқыланды. Е. Кәпқызы өзінің шеберлік сыныбын: «Жасырын камераға бару үшін, ол ақпараттың қоғамға қаншалықты пайдалы екендігін екшеп алуымыз керек. Яғни, ақпарат алу біздің шындық принципімізбен сәйкесуі тиіс», — деген пікірмен аяқтады.
А. Рожков тыңдаушыларға жаңа медиаға арналған коммуникативтік форматтар туралы ақпарат берді. БАҚ-тың қоғамға ықпал ету әдістері, ақпаратты қабылдаудың жаңа формалары, сторителлинг, PR-дың дәстүрлі және инновациялық құралдары туралы шеберлік сыныбы да қызықтылығымен ерекшеленді.
Интерактивті форматта өткен Көктемгі мектеп қатысушыларға мол ақпараттар беруімен, практикалық тренингтер өткізуімен құнды болды.
Қоғамды ақпаратты ақ-қарасын айырып, дұрыс қабылдауға, сұрыптауға дағдыландыруды мақсат еткен Көктемгі мектеп соңында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ
филология ғылымдарының докторы
Назгүл Шыңғысова
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше