Аман қалғаным артық

  • Автор
Бірер сағат бұрын. Арғынбеков көшесі.

Жол жаңа әрі кең ғой, шіркін. Көлік аз, кептеліс жоқ. Қаз қатарынан тұрған шамдар. Айғырыңды қамшылап, бір сәт болса да еркіндікті сезінуге шақырып тұрғандай. Жігітім ондайға беріле бермейді, асығыс жоқ кетіп барамыз. Ғашық эфэмнің әуені мен жылы ауаның әсері болса керек көздерім еріксіз жұмылып барады. Бүгінгі кездесулер, айтылған әңгімелерді ойлап отырмын.

Тежегішке басқандай болды. Жолға көз жүгіртсем, отыз метрдей ілгеріде көліктер жаяу жүргіншілер белгісіне жетпей тоқтаған екен. Бір қыздың бірінші тұрған көліктің алдынан өтіп бара жатқанын байқадым. Дәл осы мезетте сол жағымнан құлақ жарардай ащы дыбыс шықты. Мойнымды бұрғаным сол көк түтін мен шаңға булығып, бұзық қыздай артын бұлғаңдатып, тоқтай алмай жанымыздан ақ лада өте шықты.

Демім кеудемнен шықпай, екі көзім алдымыздағы көліктер мен қызда. Бар денеммен алдыға ұмтылып та кетіппін. Үшінші тұрған қара көлік оңды-солды қозғалғандай болды. Жаңағы қыз екінші көліктің алдына жақындап қалған…

Көздерімді жұмғым келді. Олар тыңдар емес. Қас қағым сәтте ақ пен қара темірлер бір біріне мінгесіп, қыздың жан дауысы да елестегендей болды.

Үлгерді. Қара көлік газды басып, орнынан қозғалуға үлгерді. Шүкір. Қыз да жүрісін бәсеңдетті. Ақ лада ақыры тоқтай алмай жолақ сызықтардан өтіп барып, бір орнында қадалды да қалды.

Қыз да, біз де, қара көлік те өз жолымызды жалғастырдық. Жалғызсырап ақ лада қалды жол бойында…

Басқаша бітер ме еді. Тұрған көліктердегі жүргізушілердің бірі немесе қыз сасқалақтап, басқа бір қимыл-әрекет етсе не болар еді…

Әрине, білесің, досым. Күмәнім жоқ. Тек, мен сенің есіңе салайын, ал сен жақындарыңның есіне тағы да бір сала сал. ЗЕБРА ҚОРҒАН ЕМЕС. Тек жол бойындағы жолақтар ғана. Ешқашан асықпа, жүгірме. Оңды-солды қарап, көліктердің тоқтағанына көз жеткізіп барып өт жолды. Зебрадан өтіп бара жатырмын деп, менікі дұрыс деп, өзіңді қауіпсіздікте сезінбе. Ол сені қорғап қала алмайды. Дұрыс болғаннан аман болған жақсы ғой!

Фото: sweetlaw.com

  • жоқ
  • 0
  • ?
  • 243

0 пікір

Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.