Шырайлы шығысымызды National Geographic пен BBC-ден көрсетін туынды бағымыз ба, сорымыз ба?

Әлеуметтік желілерден « Голливудтық жұлдыз ҚР-ның азаматтығын алмақшы» деген тақырыптағы жаңалықтарды көзіңіз шалған болар. Екі бірдей елдің азаматы Кэри Тагаваның қандай оймен қазақстандық болғысы келетіндігін жете түсінбедім.
Өскемен қаласына шетелдік бір топ танымал жұлдыздар, атап айтсам, Майкл Мэдсен, Бай Лин, Марк Дакаскас және Эрик Асенов ШҚО жайлы фильм түсірмек оймен келген болатын. Фильмнің нақты қандай жанрда түсірілетіндігі белгісіз. Ал Кэри Тагава туындыға продюсерлік ете отырып, Абай мен Шәкәрім туған өлкеге деген тамаша таңданысын жасырмады.
К. Тагаваның «жапондықтардың түбірі Қазақстанда жатыр, екі ұлттың генетикалық коды бір» деген сөзіне не қуанарымды, не қорқу керек екендігімді түсінбедім. Әрине, жат елдің жұлдызы еліміздің мерейін бір көтеріп тастағанына қуандым. Бірақ түбіміз түрік деп жүріп, бір-ақ сәтте жапондықтармен аталас бола жаздағанымыз көңіліме күдік ұялатты. Үндінің Лакшмиі жердің астына тыныштық бермей, қалың қытай жер бетіндегі жұртты зар қақсатып жүргендіктен бе, тіпті жаңа да жағымды жаңалыққа үркіп қарайтын болдық.
Бір қуантарлығы Ата Заңымыздың үшінші азаматтық бермейтіндігі. Кэри Тагава АҚШ мен Жапония елінің азаматы. Ал өзге елдің азаматы кәмелет жасқа толмаса, ата-бабалары қазақ жерін мекен етіп, белгілі бір себептермен көшіп кетсе және ҚР-ның құрметті азаматы, еңбек сіңірген қайраткері болса ғана мемлекетімізідің азаматы немесе азаматшасы атана алады. Тагава мырзаның 18 жасқа қайта айналып келмейтіні анық. Азаматтық алу үшін қазақстандық туыстарын тауып, шежіресін шегелеп алуы қажет немесе ең кем дегенде халқымыздың әртісі атануы тиіс. Бұлардың біріне де қолы жетпесе, өзге елдің азаматтығынан бас тартуы тиіс. Жапондық жарық жұлдыздың «ағамыз» болып шығу-шықпауы уақыт еншісінде. Ал шырайлы шығысымызды барша әлемге көрсететін болашақ туынды тек туристтерді тартса екен. Дархан даламызға өзгенің «көзін тигізіп», жер дауына ұласпаса игі еді…

Ұқсас посттар

0 пікір

Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.