Ауылда

Блог - quatadis: Ауылда
Келді күткен жаз енді,
Қамданайын жолға алыс.
Қуантайын әжемді,
Етіп оған қолғабыс.

Жатып алмай ұзақ күн,
Шаршадым деп сапардан.
Үйренейін сұрап шын,
Шаруа жайын атамнан.

Айналасы көкпеңбек,
Көз тоймайды қараса.
Ауласында шектеу жоқ,
Ауыл неткен тамаша!

Атаммен бір мінгесіп,
«Торы төбелмен» қой бақтым.
Оңашада тілдесіп,
Күшігімді ойнаттым.

Шиқылдаған ұрыншақ,
Балапанға шаштым жем.
Анау жүрген құлыншақ,
Ол да менен бас білген.

Ботақан жүр ойнақтап,
Үстінде екі түйіншек.
Ондай бота қайда аппақ?
Ол да маған үйірсек.

Арам шөптен тазартып,
Бақшаны да баптадым.
Қора-жайды жаңартып,
Тезекті де қаптадым.

Бұзауымды суардым,
Қозы-лаққа шөп бердім.
Ата-әжемді қуантып,
Жаз айын да өткердім.

Әжем берді құрт, майын,
Және атамнан бата алдым.
Біліп жер мен жұрт жайын,
Үлкен жігіт атандым.

Аңсап келсем, саялы,
Ауыл құшақ жаяды.
Қайтпас едім, әттең-ай!
Қыркүйек те таяды.

Жиғанымды даладан,
Енді есімде сақтармын.
Міне, бүгін қалаға,
Азамат боп аттандым.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше